Қазақ топырағында тұңғыш рет фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің «Ғасырлар сазы» фестиваль-байқауы өтті. Қазақтың көне аспаптарының қоңыр үні мен күңіренген, сыңғырлаған, дабыл қаққан саздары тоғыса келе, қазақы қанымызды буырқантып, халыққа ерекше рух бергені рас. Батыстың симфониялық оркестріне ұйып, төл фольклорлық-этнографиялық ансамбль дыбысына «ескінің сарқыншағы» деп мұрнын шүйіре қарайтындардың бірсыпырасы ұлттық музыканың қауқарын енді сезінген сынды.
Алматы қаласы әкімдігі мәдениет басқармасы мен «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен сайыс үш күнге созылды. Екі кезеңнен тұрған байқауда әр ансамбль 20 минутта әртүрлі жанр бойынша бар өнерін паш етуі тиіс.
Фестивальда Батыс Қазақстан өңірінен – 4, Қызылордадан – 2, Астанадан – 3, Алматы облысынан – 4, Алматыдан – 10, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар, Тараз, Шымкент қалаларынан бір-бірден, барлығы 30 ансамбль бақ сынасты.
Бағдат ТІЛЕГЕНОВ, «Алматы әуендері» концерттік ұжымының директоры:
– 80-90-жылдарға қарағанда ансамбльдердің кәсіби деңгейі өскен. 30 ансамбль бір-бірімен пікірталасып, тәжірибе алмасып, айтулы шара үлкен мерекеге ұласты. Ұлттық музыкадағы жаңалықтың жалғасын табуын барлығы қалайды. Келешекте жалғасатынына біздің де сеніміміз мол. Тіпті бұл фестиваль халықаралық деңгейге көтерілетін шығар.
Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, қобызшы Базархан Қосбасаров бастаған қазылар алқасының құрамында Жамағат Темірғалиев, Маңғыстау облыстық филармониясының бас дирижері Рахат Мәдриев, Астана қаласындағы «Сарыарқа» ансамблінің жетекшісі Ерлан Хамзин, Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның бас дирижері Әли Алпысбаевтар болды. Қазыларға бірінен-бірі озатын ансамбльдерді бағалау қиынға соққаны аян. Себебі олардың дайындықтары да талапқа сай болды.
Базархан ҚОСБАСАРОВ, ҚР мәдениет қайраткері, қобызшы:
– Бұл – толғағы піскен, уақтылы басталған жоба. Арыстарымыз Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібековтер талай қазақтың ұлттық аспаптарын тауып, жаутаңдатпай, келер ұрпаққа ансамбль құруын тапсырып кеткен сынды. Музыканттар арасында «жаман аспап жоқ, оны орындай алмайтын адам болуы мүмкін» деген сөз бар. Сондықтан қазақтың ұлттық аспаптарының тек өзіміздің музыкамызды ғана емес, өзге де халықтардың музыкасын орындай алатындай мүмкіндігі бар екенін өздеріңіз көріп тамашаладыңыздар.
Ұлт музыкасына ұйыған халық санында шек жоқ. Ғасырлар бойы саф қалпын бұзбай жеткен ескі аспаптар кешегі мен бүгінгі заман әуенін өз бояуында беретіндей күшті екенін білдік. Сырлы сазға еліген тыңдаушы ұлттық нақыштағы осы сынды кештерге, шындығында, сусап жүр екен. Байқаудың өту барысы мен әр ансамбльдің күш-қарымын көрермен қауым «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы алдағы уақытта толық таныса алады. Сонымен, жүлделер реті мынадай болды:
Алматы қаласы әкімінің сыйлығы – «Қазақконцерт» концертік бірлестігінің «Әлқисса» ұлттық аспаптар ансамбліне, өнертанушы Болат Сарыбаев атындағы жүлде – БҚО «Орал сазы» ансамбліне, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы жүлде – ҚР Мәдениет министрлігінің «Ақ жауын» ансамбліне, Ахмет Жұбанов атындағы сыйлық СҚО «Әлқисса» ансамбліне берілді.
3-орын үшеу: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Бабалар сазы» ансамблі, «Алатау әуендері» концерттік ұжымынан «Құлансаз» ансамблі, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының «Сазген» ансамблі;
2-орын екеу: Астана қаласы Президенттің мәдениет орталығы Ұлттық дәстүрлер театрының фольклорлық ансамблі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дидар» ансамблі;
1-орын – Астана қаласы мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» ансамблі:
Бас жүлде – Алматы қаласы әкімдігінің «Сазген сазы» ансамблі.
Қазақтың ғасырлардан тозбай жеткен 15 аспабының үнін «Аспаптар шеруі» атты 10,5 минутқа созылған туынды арқылы естірткен «Сазген сазы» ансамблінің биік үдеден шығуы орынды да.
Марат ЖАЛБЫРОВ, «Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі:
– Фестивальдың өтетіндігінен ертерек хабардар болғанда, дайындығымыз бұдан да жақсы болар еді. Біраз ансамбль келе алмай қалды. Алматы мен Астана қалаларын айтпағанда, алыс шалғайдан келген ұжымдардың да кәсіби деңгейі жоғары екенін байқадық. Негізгі мақсатымыз – ұмытылып бара жатқан көне аспаптардың мәртебесін көтеру, халыққа таныту. Қазақтың барлық көне аспабының үнін беруге тырыстық.
Түйін
«Ғасырлар сазы», шындығында, ұлт музыкасын ұлықтаған айтулы мереке болды. Қаймана қазақтың қадым заманнан жеткен қоңыр үнді халықтық музыкасы уақыт өтіп, күндер сырғып жасай берсін десек, мұндай байқау, фестиваль, концерттердің жиі өтіп, өнерпаз мәртебесінің биіктеуіне мемлекеттік деңгейдегі қолдау керегі айқын.