Шымкент қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын «Қазақ романсиадасы» романс орындаушылардың шеберлігін шыңдап, талай жас жұлдыздың бағын ашты десек, қателеспейміз.
Биыл ХV рет ұйымдастырылған Халықаралық «Қазақ романсиадасы» байқауына еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелдерден 61 орындаушы жиналды. Олар екі күн бойы қала тұрғындарына сырлы саз бен ерекше көңіл күй сыйлады. Әділқазылар алқасына жылдағыдай Ресейдің халық әртісі Галина Преображенская бастаған көпшiлiкке танымал кәсiби шеберлер қазылық жасады.
61 үміткер сынға түскен өнер бәйгесінде қазақ және орыс романстары бойынша бірінші орынды Талғат Ғалиев, Евгений Чайников (Астана) пен Балуан Беркенов (Алматы) жеңіп алды. Ал жүлделі екінші орын қазақ романсы бойынша – Құндыз Қарыппаева (Қырғызстан), Жұмабек Қаңтарбаев (Алматы), орыс романсы бойынша Фахриддин Фазлиев (Тәжікстан), Наталья Сараева (Өзбекстан) және Айгүл Азатоваға (Шымкент) бұйырды. Үшінші орынды қазақ романсынан – Олеся Скорикова (Павлодар), Гүлжан Аримжа (Астана), орыс романсынан Нурбек Авлияқулов пен Умид Исраилов (Өзбекстан) және Жанғали Әбішев (Астана) өзара бөлісті. Бұлардан бөлек Әсел Уашева (Алматы), Фарангиз Шамсиева мен Юлия Габдюкова (Өзбекстан) – «Романсиада аруы» арнайы жүлдесін, Роза Нұркей (Астана) – «Жанрға адалдық» номинациясын, ең жас қатысушы Ниматилло Зкруллаев (Шымкент) – «Романсиада үміті» сыйлығын, Айзерек Момынов, Сергей Ходюков, Алиса Вырышева (Қырғызстан) мен Ангелина Ахмедова, Бекзод Садықовтар (Өзбекстан) «Әртістігі және әдебі» үшін номинациясын иеленді.
Бас жүлдеге биыл ешкім лайық деп танылмады. Бұл – Мәскеуде өтетін халықаралық романсиадаға ешкім бармайды деген сөз емес. Бірінші орын алған үш үздіктің ішінен іріктеліп алынуы мүмкін. Оны қазылар алқасының төрайымы Галина Преображенская құпия күйінде қалдырды.
«Қазақ романсиадасы» жүлдегерлерін марапаттау рәсімі тамаша гала-концертке ұласты.
Бас жүлде ешкімге бұйырмады
Последние статьи автора