Барысты біз неге тек хайуанаттар бағынан көреміз?

Бұған дейін барысты Австралия, Америка, Африка құрлықтары мен Еуропа халықтары хайуанаттар бағынан көріп келген еді. Енді олардың қатарына өзге Азия елдерімен бірге Қазақстан да қосылып отыр. Таралуы мен мекендейтін жеріне қарай адамның көзіне онша шалына бермейтін барыстың басынан бағын тайдырғандар негізінен аңшылар қауымы болды. Мәселен қара базарда барыс терісі Үндістанда 60 мың долларға, ал Памир тауында 3 мың долларға бағаланатын көрінеді.
Терісіне бола барыс ХХ ғасырдың орта шеніне дейін кәсіптік маңызы бар аңдардың санатына жатқызылған болатын. «Қазақстанның сүтқоректілері» деп аталатын ғылыми еңбекте Жетісуда 1882-1905 жылдар аралығында жылына 30-142 аралығында барыс терісі дайындалып, Қырғызстанда 1950 жылға дейін жүйелі түрде ауланып келгені айтылады. Ю.Смирнов «Аңшылықтың Қазақстанның өнеркәсіптік-аңшылық фаунасына әсері» деген кітаьбында Қазақ жерінде 1891 жылы – 54, 1892 жылы – 106, 1894 жылы – 74, 1899 жылы – 29, 1890 жылы – 37, 1904 жылы – 48, 1906 жылы – 354, 1908 жылы – 48, 1910 жылы – 81 барыс терісі әзірленгенін жазады.
Кейбір деректерге қарағанда 1936-1970 жылдар аралығында хайуанаттар бақтары үшін Қырғызстанда 400-ге жуық барыс ауланған. Саны азайып кетуіне байланысты Халықаралық табиғатты және табиғи корларды қорғау одағы (қазір Дүниежүзілік табиғат қорғау одағы) барысты «Қызыл кітапқа» енгізіп қорғауға алғаннан кейін ғана 1960 жылдары саны 1 000-ға дейін кеміп кеткен барыстың саны соңғы жарты ғасырдың ішінде 8000-ға дейін жетті деген болжам бар. Оның 2 мыңы хайуанаттар бағында өмір сүріп жатса, 5 мыңға жуығы бір ғана Қытай аумағында деп саналады. Барыс Непал мен Үндістан аумағында да өзге елдерге қарағанда көбірек кездеседі. Ал Қазақстандағы барыстардың саны 150-200 аралығында деп есептеледі. Ресейде де оның саны шамамен осы көлемде деп болжануда. Барыс қазіргі таңда халықаралық «Қызыл кітапта» – ЕN, ұлттық «Қызыл кітапта» ІІІ санаттағы қазір жойылып кету қаупі жоқ, бірак өте сирек кездесетін түрлердің қатарында тұр.
Барысты бағалы терісі және еті мен майының емдік қасиетіне бола жасырын аулаушылар әлі де кездесіп қалуда. Мамандардың сөзіне қарағанда, барыстың саны олардың мекендейтін жеріндегі азық қорына да байланысты көрінеді. Мәселен Бутанда 15 мың шаршы шақырымда (1994 жылы) – 200, Непалда 30 мың шаршы шақырымда 500-дей (2009 жылы), Қазақстанда 50 мың шаршы шақырымда (2001) 200-дей, Ауғанстанда 200-дей (2003 жылы), ресейде 60 мың шаршы шақырымда 200 (2003), Үндістанда 75 мың шаршы шақырымда 600-дей (1994 жылы), Пакистанда 80 мың шаршы шақырымда 420 (2003), Тәжікстанда 100 мың шаршы шақырымда 220 (2003 жыл), Моңғолияда 101 шаршы шақырымда 1000 (2000 жыл), Қырғызстанда 105 мың шаршы шақырымда 500 (2001 жыл), Қытайда 1 100 000 шаршы шақырымда 5 мыңдай (1998 жылы) барыс бары анықталған.
Барыс Памир мен Алайда, Тяньшань мен Жоңғар Алатауында, Алтай мен Саянда мекендейді. Қазақстанда Піскем мен Өгем жоталарында, Талас пен Қырғыз, Іле, Күнгей және Теріскей Алатауларында, Кетпен Жотасында, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр мен Оңтүстік Алтайда тараған. Ауғанстан, Бирма, Бутан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Непал, Өзбекстан, Пакистан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан сияқты елдердің аумағында да кездеседі. Барыс туралы аңыз-әңгімелердің көптігіне қарамастан, ол әлі күнге дейін ғылыми ортада ең аз зерттелген аң болып қалуда. Бұған оның теңіз деңгейінен 1500 метрден жоғары жатқан адам аяғы баса бермейтін биік тау шатқалдарында өмір сүріп, күндіз көбінесе жасырынып жатып, жемтігін күннің шығып және батып бара жатқан кезінде аулайтыны түрткі болып отыр. Барыстың негізгі азығы таутеке, арқар, елік сияқты тұяқты аңдар мен ұлар, кекілік секілді құстардың еті. Сол себепті ол тауда мал жайып жүрген малшыларды мүлде мазаламайды деуге болады.
Барыс, қар барысы, тау барысы, тау жолбарысы, ілбіс деген сияқты түрлі атауы бар мысық тектес бұл жыртқыш аң ертедегі скиф, ғұн, бұлғар, грек және шығыс славян халықтарының аңыздарында көп кездеседі. Ол бүгінгі таңда Қазақстанның, Солтүстік және Оңтүстік Осетияның, Хакасияның, Қырымның, Татарстанның ұлттың символы саналады. Ол Алматы, Бішкек, Самарқанд, Псков қалалары мен Псков облысының, ҚР Президентінің таңбаларынан және Ермаков, Псков аудандары мен Псков қаласының туларында бейнеленген.
Қанатты барыстың Алматыдағы Тәуелсіздік монументінде бейнеленіп, барыс аланының 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өткен VII Қысқы Азия ойындарының, ал барыстың 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының талисманы болғанын кездейсоқ жәйт деуге болмайды.
Моңғолияда өмір сүрген тарих ғылымдарының докторы, белгілі этногроф Биқұмар Кәмәлашұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деген кітабында ертеде ел басы, патша, қаған, би, төре, батырлар барыс терісінен ішік кигені туралы жазған. Онда әскер басы мен өзге де ержүрек бахадүрлердің дұшпандарына айбат көрсету үшін, жауға оның терісін жамылып шабатыны айтылған. Сондай-ақ моңғол тектестердің барысты «хар мөртөн», яғни «қара жолды» деп санағаны, оны атып алған соң алдыңғы аяғының табанын тіліп «жолын ашатынын» сөз етеді. Ғалымның айтуынша, барыс терісін хан ордасына іліп, таққа жауып, астына төсеніп отыратын салт да бар. Бұл ел басын «барыстай батыл, батыр» дегенді меңзейді. Мәселен моңғолдың соңғы ханы Боғда Жабзындамбының 150 барыс терісін жапқан киіз үйі әлі күнге дейін мұражайда сақтаулы тұрған көрінеді.
Дене тұрқының ұзындығы 130 cм-ге, құйрығы 90 см-ге, бойының биіктігі 60 см-ге дейін жететін барыстың өз жыртқыш аңдардан бір ерекшелігі жауын өткір тісімен ғана емес құйрығымен де соға алатындығы.
Хайуанаттар бағында 28 жылға дейін өмір сүрген барыс таутаны (ұрғашысы) туралы мәліметтер болғанымен, табиғат аясында әдетте бұл аң 3-15 жыл өмір сүретін көрінеді. Таутан жыл аралап 2-5 алан (күшік) тапқанымен, табиғаттың сұрыптауынан кейін бір-екеуі ғана тірі қалады екен. Зерттеушілер өз жемін әдетте белгілі бір аумақта жеке аулайтынын байқаған. Барыс атауы сонымен қатар көптеген халықтарда адам есіміне айналған. Бұл аңды қазақтар – барыс, өзбектер – алдджи-барс, бұқарлықтар мен моңғолар – ирбис, қалмақтар – иргиз, татарлар – авганиш, якуттар – хахай, эвенктер – куник деп атаған.
Былтыр Бішкекте өткен бүкіләлемдік форумда барысты сақтап қалу үшін 2014-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, оған 12 мемлекет қол қойды. Бағдарламаны іске асыру үшін әлемдік қауымдастық барысты сақтап қалуға және оның өсіп-өнетін ортасы мен экожүйесін қорғауға 190 млн. АҚШ долларын бөлді. Соның нәтижесінде қазір барыстардың мекен ететін жерлері мен олардың ондағы санын анықтау үшін жасырын бейнекамералар қойылуда. Абай Құнанбайұлының «Егер ісім өнсін десең – ретін тап» дегеніндей бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп, зерттеушілер құнды мәліметтерге қол жеткізіп отыр. Бұл барысты енді тек хайуанаттар бағынан ғана көретін боламыз ба деген үзілген үмітті қайта оятары анық.

Ерлік Ержанұлы  

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста