«Бәрі есімде» бәрін де есіңізге салады
Өткен күндер ешқайда да жоғалмайды, ол тек өзінің уақыт кеңістігіндегі орнын тастап, біздің санамызға көшеді де, сол жерді мәңгілік мекенге айналдырады. Ал онымен қауышу үшін сағыныш атты сезімге жүгінсек жетіп жатыр. Бір қызығы, кейде бір кездерде жауабын іздеп таппай қойған жұмбақ жайлар да араға жылдар салып, есіңе қайта оралады. Қанша іздесең де, таба алмаған соң, санаңнан қуасың. Бірақ көше қоймайды, өше де салмайды. Осындай бір өткен күнге саяхат жасап, сол кезде жауапсыз қалған сұрақтардың шығу төркініне үңіліп, ақиқатқа жетелейтін жаңа бір бағдарлама таяуда «Ел арна» арқылы көрерменге жол тартпақ.
«Бәрі есімде» деп аталатын бұл бағдарламаның көздегені – жадымыздан көше бастаған, тек кейде еске түсіп қоятын жайттарды қайта жаңғырту. Елдің аузында жүрген, бір қарағанда алыпқашпа секілді әңгімелер болады ғой, мүмкін, ол әннің тарихы болар, мүмкін, бір фильмдегі эпизодтың не бір адамның тарихы шығар. Бағдарлама соның анық-қанығын іздейді. Мысалы...
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ, бағдарлама продюсері:
– Кезінде «Жалаңаяқ қыз» деген ән болған, сөзі – Мұқағали Мақатаевтікі. Біз сол әнді зерттеп көрдік. Алматы облысының Талғар қаласында тұратын бір апайымыз «Мұқағали бұл өлеңді маған арнаған» деді. Мұқаңның өз қолымен жазып берген автографы да бар екен. Өлең жолдары есіңізде болса:
Төгіп тұрған нөсерге қарамай-ақ,
Бір қыз кетіп барады жалаңаяқ.
Шыт көйлегі жабысып кеудесіне
Қарамасқа қоймайды, көрмесіңе.
Өлең сөзіне қарасақ, ақын, шынында, осы көріністі өз көзімен көріп, әсерленіп жазған сияқты. Студияға әлгі апай, яғни «өлең кейіпкерімін» деген кісіні шақырдық. Алғашқы жолын оқып жіберді сол жерде. Ал Мұқағалиды зерттеп жүрген Оразақын Асқар ағамыз: «Ақын өлеңді мына кісі айтып отырған кезден он жыл бұрын жазған», – деп, әйелдің кейіпкер екендігін жоққа шығарды.
Сол секілді «Гауһартас» фильмі. Басты рөлдегі Жанна Қуанышева қазақша бір ауыз сөз білмесе де, керемет ойнап шыққан. Бірақ кезінде сол кино түсірілерде кітаптың авторы, фильмнің сценарийін жазған Дулат ағамыз кастингтен өткен осы актрисаны ойнатуға қарсы болыпты деген сөз бар. «Қазақша білмейді, қазақи емес» деп. «Бәрі есімде» осы нәрсенің де ақиқатын ашуға тырысады.
90-жылдары Мейрамбек «Бозторғайды» шырқағанда да, әйелдер «Алла-ай, байғұс, жетімек» деп жаулықтарымен көзін сүртіп жылады емес пе? Жұрт тегіс «ойбай, ешкімі жоқ жетім бала екен, Алтынбек тауып алып, қамқор боп жүрсе керек» деп гулегені елдің есінде болар.
«Той жырының» да төңірегінде әртүрлі әңгіме көп. Негізі, оны «Досмұқасан» тобының жігіттері Досым Сүлеевтің тойына тарту еткен. Ресми дерек солай дейді. Бірақ біреулер: «Жоқ, ол – одан бұрын да айтылатын, көше әні» деп айтады. Ақиқаты қайсы? Халықтың жадында қалған осындай жайлардың шындығын көрермен бағдарламаның алдағы сандарынан тамашалайтын болады.
Айта кетерлік бір жайт – хабарды жүргізуге өмірде де, өнерде де көрерменге жұбайлық өмірдің керемет үлгісін көрсетіп жүрген әнші Жазира мен Жанболат таңдап алынған. Ондағы ой – бағдарламаға отбасылық реңк, сондай бір жылы шырай беру болса керек. Демек, дау-дамайлы ток шоудан шаршаған жұртшылық енді жұмыс күнінің соңы – жұмада, кешкі 20.00-де теледидар алдына жайғасқан күйі отбасымен бірге сол бір сағынышқа айналған кездерді еске ала отырып, «Бәрі есімдені» тамашалайтын болады.
Шығармашылық топ:
Продюсер – Арман Сқабылұлы;
Журналистер – Кәмшат Әбілқызы, Мақпал Мадиярова, Гүлвира Биғалиева, Мөлдір Әзімханқызы, Толқын Болысбаева, Ерлан Әбдірұлы, Мәулен Алғазы;
Қоюшы режиссері – Жандос Құсайынов;
Режиссері – Ернат Байұзақ.