Отандық шоу бизнестің өкілдері ұл-қыздарына қаншалықты көңіл бөліп жүр? Толығырақ Shownews.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Биыл елуге қадам басқан Бақыт Шадаева, алғаш рет көкейіндегі өкінішімен бөлісті. Әнші кезінде толассыз концерттер мен түнгі түсірілімдердің көптігінен қос қызына лайықты көңіл бөле алмаған. Бүгінде өнер иесі өзін әлі күнге кінәлі сезініп жүр.
«Шыны керек, үлкен қызым өсіп келе жатқан кезде көбінесе гастролдік сапарларға кетіп қалдым. Кезінде шығармашылық жұмыстармен жүріп балаларыма дұрыс қарай алмаған едім. Қызымды әжесіне, тәтесіне біресе сіңліме тастадым. Үнемі солай жүрдім. Қазіргі таңда сол махаббатымды толтырудың сәті түсіп тұр», – дейді Бақыт Шадаева.
Иә, Шадаева қазір шығармашылығын шетке ысырып, жанұясымен жиі уақыт өткізеді. Бүгінде әнші тұңғышынан қос немере сүйіп отырған бақытты әже.
Айтпақшы, Роза Рымбаеваның да кезінде тығыз кестесі қос ұлының жанында жиі болуына кедергісін келтірген. Өйткені Әли мен Мәди бала кезінде анасынан гөрі туыстарын көп көргенін жасырмайды. Алайда ер жете өздері де өнер жолына қадам басқан ағайындылар, қазір халық әртісін жақсы түсінеді.
«Әрине, анам болған соң сағынасың. Бірақ мен кішкентай кезімде ешқашан жалғыз қалған жоқпын. Қасымда менің тәрбиеме қатысқан ағам және екі тәтем болды. Ал анам үйде болғанда әрдайым серуендейтінбіз. Кейде Әлимен, отбасымызбен бірге киноға барып, мейрамханаларды аралайтынбыз», – дейді Мәди Рымбаев.
Ал өнердегі жігіттер қауымының бұл жағынан жолы болған. Ердің табысы түзде деген қағиданы берік ұстанатын Нұржан Керменбаев, гастролдік сапарларға алаңсыз шығады. Себебі ұлдарына қарайтын жары мен анасы бар. Бірақ Қара баланың қос атұстары әкесін жиі іздейтін көрінеді.
«Мен үйге келген кезде Омар мен Мүслім екеуі екі жақтан құшақтап, көңіл жетіспейтіндігін көрсетеді. Шаршап келсем де, тамақ ішіп отырсам да менімен ойнағысы келеді», – дейді Нұржан Керменбаев.
Бала тәрбиесіне келгенде Нұрлан мен Нұржанның ұстанымы бір. Кинопродюсер де жанұясынан жырақта көп жүреді. Сол себепті ұл-қызын тәрбиелеу ісін жары Әйгерімге жүктеп қойған. Бірақ Қоянбаев қолы қалт етсе, бар уақытын отбасына арнауға асық.
«Мен балаларыма өте көп уақыт бөлемін. Әрине, түсірілім кезінде 1 ай болмай қаламын, кейде екі-үш апта басқа жаққа ұшып кетемін. Әйгерімге де басқа жерде жұмыс істемей, балаларға көңіл бөлейікші деп айтқанмын. Өйткені мен сыртта көп жүремін. Ұлымыз, қызымыз үнемі балабақшамен мектепте қалып қоймасын дегендей өз арамызда сондай келісім бар», – дейді Нұрлан Қоянбаев.
Отандық шоу-бизнес өкілдерінің қарбалас өмірі перзенттерінен ұзақта жүруге мәжбүрлейді. Әйтсе де әртістер қауымы баланың бақыты үшін барын салуда.