Балақайларға қазақ тілін оқыту әдістемесіне байқау жарияланды
Кеше Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін оқытатын үздік әдістемеге байқау жарияланғанын хабарлады. Республикалық деңгейде өтетін байқаудың аты «Балақайлар үшін қазақ тілі» деп аталады. Бұл байқау мемлекеттік тілдің балабақшадан бастап қанат жаюына және педагогтарды осы іске жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«Қазақстанда тұратын кез келген ұлттың өкілі балабақшадан бастап қазақ тілін үйренуі тиіс. Бұл дәстүрге айналса, сол баланың болашақ жолын ашады. Әрі мемлекеттік тіл саясатының оң шешім табуына бірден-бір жол болмақ», – дейді қор директоры Берік Әбдіғалиев.
Балақайлардың болашағы үшін жарияланып отырған байқауға мектепке дейінгі мекемелерде еңбек етіп жүрген білікті педагогтар, қазақ тілі пәні мұғалімдері, лингвист-ғалымдар жалпы қоғамдық ұйымдар қатыса алады.
Байқауға қатысқысы келетін жекелеген тұлғалар мен ұжымдар өз жұмыстарын 15 сәуірден 1 қыркүйекке дейін жіберуіне болады. Үздік әдістемелер Мемлекеттік тілді дамыту қорының ақшалай сыйлығына ие болмақ. Атап айтқанда, бірінші орын – 300 мың, екінші орын – 200 мың, ал үшінші орын үшін 100 мың теңге беріледі. Қордың бұдан бұрын да мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында бірнеше байқау жариялағаны белгілі.