Әдібай ТАБЫЛДЫ, педагогика ғылымының докторы, профессор:
Педагогика ғылымының докторы, жазушы, ақын Әдібай Табылдымен әңгімелесудің сәті түсіп еді. Ұлттық тәрбие төңірегінде өрбіген сұхбатымызды ұсынып отырмыз.
1 Сізді халық өнеге (рубаяттар) жазатын жазушы ретінде жақсы таниды. Осы өнеге, тәлімді насихаттайтын жанрды жан-жақты түсіндірсеңіз...
2 Жазушы Мұхтар Әуезов «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, бала тәрбиесін бесіктен бастағанды дұрыс көріпті. Бірақ бүгінгі зерттеушілер «баланы ана құрсағынан бастап тәрбиелеу қажет» деп пайымдайды. Сіз қалай ойлайсыз?
3 Ұлттың педагогикасын зерттеуші ғалым ретінде азаматтық неке мәселесіне қалай қарайсыз?
4 Ұлттық тәрбиені зерттеушілер «елімізде тәрбиенің бұзылған жағдайлары көп» деп топшылайды...
1. Рубаяттарды орта ғасырда парсы математигі, астрономы, ақын, философы Абу-ль-Фатх Омар ибн Ибрахим аль-Хайям басқа ақындармен қосылып, алғаш жаза бастады. Рубаят – өнеге, өсиет деген сөз. Омар Хайямның дүниежүзіне 620-ға тарта рубаяты тараған. Ол өсиет сөздерінде: «Мына өмір қызық, оның қызығын сезіну үшін шараптан ішу керек», – дегенді көбірек айтады. Ал менде рубаяттар құрылысы мен мазмұны жағынан жаңаша жазылған. Мен 2012 рубаят жазыппын. Қазақ әдебиетінде төрт тағандар деп Мұзафар Әлімбаев, Мұқағали Мақатаевтар аздап жазып жүрді. Жалпы алғанда, рубаяттар – өмір философиясы мен тәрбие құралы бола алатын өзіндік жанр.
2. Шынымен де, бала тәрбиесіне екі жастың некелесуіне дейін мән беруіміз керек. Жігіттің кімге үйленгелі жатқаны, қыздың мінез-құлқының сай келуі, ана болуға лайықты ма деген сұрақтар да аса маңызды. Некелескен соң, құрсақ тәрбиесі басталады. Ол дегеніміз – баланы күтуде анаға қойылатын барлық талаптар. Құрсақ тәрбиесі жайлы ғалым Советхан Ғаббасов медициналық еңбектер жазды. Бірақ бесік тәрбиесінде баланың тазалығына қарау, нәрестені бесікке дұрыс бөлей алу да маңызды. Баланы құрсақ тәрбиесінен бастап тәрбиелеген халық ұтылмайды.
3. Қазақ халқында жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі бар. Дәстүрдің түп мәні – текті, генді сақтап қалу, қанның тазалығын сақтау. Қазір «америкалық ұлт» деген халық бар. Оларда ата салт, дәстүр деген шиеленісіп кеткен. Ұлт үшін ең маңыздысы – құрал-қасиетінен айырылмау. Ал жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі текті сақтап қалуға аса қажет. Қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені ұлтымыздың қаны таза, жаны таза. Ал басқа ұлттың жігіттеріне үйлену шарасыздықтан туындап жатқан мәселе деп ойлаймын.
4. Елімізде тәрбиенің бұзылғандығы жайлы аз айтылған жоқ. Оның да түрлі себептері бар. Ең қарапайым себеп – кім көрінгеннің мектепте ұстаз болуы. Үлгілі шәкірт мектепке бармады. Мұғалімдердің жалақысын төмендетіп, дәрігерлердің де жағдайын жасамадық. Содан тән азығы мен жан азығы бұзылды. Жалпы, ұлттық тәрбиенің басты құралы – әдебиет. Оның ішінде поэзияның балаға беретін жемісі орасан зор. Балаға санды үйрету үшін санамақтарды, жаман мінез-құлықтан арылту үшін мазақтамаларды шығарған. Мақал-мәтелдер, батырлар жырлары, ғашықтық жырлар балалар тәрбиесін бір жолға салуда маңызды қызмет етеді деп ойлаймын.