Кітапты, жалпы, әдебиет әлемін түнгі аспандағы жұлдыздарға теңеуге болады. Ол әркімнің көкірек көзін ашады, санаға сәуле түсіреді, түнектің ішінен жол табуға жетелейді.
Шетелдік психологтер өз кеңестеріне жүгінетін жасөспірімдерден: «Не үшін келдің? Нені үйренгің келеді?» – деп сұрағанда, көпшілігі: «Өз ойымды еркін жеткізе білуге үйренсем...» – деп жауап береді екен. «Неге бұлай? Неге олар өз ойын жеткізіп айта алмайды?» дегенде, мамандардың айтатыны: «Оларды бала кезінен «Дұрыс жауап – жақсы, ал қате жауап – жаман» деп үйреткен. Соның салдарынан баланың ой-өрісі бұғауланған, ал интуициясына мүлде «тыйым салынған» дегенге саяды. Осы тұрғыдан алғанда, балалардың ой еркіндігін дамытып, ішкі түйсігін арттырудың бірден-бір жолы – оны кітаппен достастыру. Бұл оңай да шаруа емес, отбасынан бастап, мектептің, тіпті мемлекеттік құрылымдардың жіті ден қоюын, көңіл бөлуін қажет ететін жайт.
Сенімді дереккөздерге жүгінсек, балалардың кітапқұмарлығына қолдау көрсету туралы заң қабылдап, арнайы ұлттық бағдарламаны жүзеге асырған әлемдегі жалғыз мемлекет Жапония екен. Осы заң аясында балалар әдебиетінің халықаралық кітапханасы Жапонияның Ұлттық парламенттік кітапханасының бөлімі ретінде жарияланған. Жыл сайын кітап оқу аптасын ұйымдастыру бұл елде ежелден дәстүрге айналған, ал 23 сәуір – ұлттық мереке, яғни Балалардың кітап оқу күні деп жарияланған. Норвегияда елдің мәдениет жөніндегі кеңесі балалар мен жасөспірімдер кітабын міндетті түрде сатып алу жоспарын жасаған. Сол бойынша ересектер әдебиеті мен балалар кітабы таралымының белгілі бір бөлігін үкімет баспалардан сатып алып, кітапханаларға таратады. Осының нәтижесінде баспагерлер балалар әдебиетінің таралымын көтеруге мүмкіндік алған. Сонымен қатар мемлекет балалар жазушыларының қаламақысын таралым құнының 22 пайызына дейін көтерген. Оның 10%-ын баспа, 12 %-ын мәдениет жөніндегі кеңес төлейтін көрінеді. Сингапурда да елді елең еткізерліктей бағдарламалар бар. Мысалы, онда соңғы бірнеше жылдан бері «Өмірге оқу үшін келгендер, бір-біріне бауыр басу үшін оқитындар» бағдарламасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Бұл бағдарлама бойынша кітап оқу ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін әрекет түрі ретінде қарастырылады. Оған Ұлттық кітапханалық кеңес жетекшілік етеді. Жаңа туған әрбір нәрестенің ата-анасына «Бала күтімі жөніндегі жинақ» беріледі. Оның құрамына ата-анаға қажетті телефондар тізімі бар ақпараттық журнал, бүлдіршіндерге арналған өлеңдер мен ертегілер топтастырылған компакт-диск, «Сәбидің даму картасы» және 4-7 жас аралығындағы бала іс-әрекетінің күнтізбесі, бастауыш мектепке дайындық барысына арналған нұсқаулық кіреді. Яғни әлемнің бірқатар елдерінде балалар әдебиетінің көркеюіне де, баланың кітапқа жақын болып өсуіне де қажетті алғышарттар мүмкіндігінше жасалған.
Біз, әрине, бәрін дұрыс арнаға түсіре алдық деп айта алмаймыз. Бұл ретте мамандар балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының төмендеуін мектептегі жағдаймен байланыстырады. Нақтырақ айтқанда, орта мектептерде филологиялық сапалы білім беру жағы кемшін, балалардың кітапқа ынтасын арттыратындай, көркем әдебиетке қызықтыратындай шаралар ескерілмейді. Мысалы, бастауыш сыныптардан бастап-ақ, негізінен, техникалық оқу жылдамдығы талап етілетіндіктен, балалар белгілі бір мәтіннің мағынасын түсіну жағына мән беруді қояды. Шын мәнісінде, бүгінгі өскелең ұрпақты не нәрсеге үйреткен жөн? Еліктеуге тұратындай лайықты кейіпкер, үлгілі қаһарман ретінде кімді ұсынған абзал? Міне, бұл – әдебиетші қауым мен баспагерлер жан-жақты ойласатын мәселе. Әрине, балалар кітабын басуға мемлекет тарапынан арнайы қолдау көрсетілуі тиіс екендігі авторлар мен баспалардың, кітапханалар мен оқырмандардың қай-қайсысына да түсінікті жайт. Бұған қосымша, ең үздік балалар басылымына бәйге жариялау, балалар әдебиеттерін шығаратын баспаларды көбірек қаржыландыру, кітапханалардың балалар әдебиеттерін сатып алуына демеушілік жасау шараларын да үнемі назарда ұстаған жөн. Бала да – бір жас қайың. Жарықты, жылуды қажет етеді. Ал кітаптағы ізгі ой сәулесіне шомылып, асыл сөзден қуат алып өскен өреннің болашағы да мейлінше жарқын.
Баламыздың қандай кітап оқитынын бақылап жүрміз бе?
Последние статьи автора