Қарағандының оңтүстік-шығыс жағындағы жатаған қырқалар етегіне жайғасқан бейбіт қазақ ауылына жоңғар ләшкері күн құрық бойы көтеріле бере ұрандап лап қойды. Атты әскердің тұяқ дүбірі алыстан естілер болғандықтан, баспалап келіп, басып қалған жоңғарлар қазақтардың жан алысып, жан берісіп қарсыласқанына қарамастан, ауылдан тірі жан қалдырмай қырып салды. Тек бір бейбақ қана ғайыптан тайып аман қалып, хан ордасына өкіре жетті...
Қарағанды қаласының аула клубтары арасында қазақ тарихында, қазақ қана емес, тұтас Еуразия тарихында ойып орын алар «Аңырақай шайқасының» шағын көшірмесі дәл осылай басталды. Аталмыш айқасты ұйымдастырған қаладағы «Шахтер» стадионының қызметкерлері аула клубтарына жазылған 9-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді патриоттық тәрбиеге үндеуді ниет еткен екен. Жаз бойы осы шараға дайындалған ұжым бірнеше ғылыми еңбекті, деректі оқи келе, тарихи оқиғаның қойылымдық көшірмесін жасамақ болған. Бұл үшін аула клубтарын екі топқа бөліп, бірін – қазақ әскері, бірін жоңғар әскері ретінде киіндіріп, сарбаздардың қолына ағаштан қылыш, найза ұстатып, қатырма қағаздан дулыға, қалқан, сауыт жасатқан. Бес қаруы сай балаларға оқиғаның барша жүру барысы түсіндіріліп, әскербасылар сайланып, нақты сценарий бойынша ұрыс қимылдары да жүзеге асырылды. Ал хандар мен жекелеген батыр, билердің киімдері С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрынан алынды.
Әлқисса, жоңғар әскері бейбіт ауылды қан сасытқан соң, қазақ ханы Әбілқайыр Дешті қыпшақ атырабына сауын айтып, жар салдырып, қол жинайды. Қаскөй Қалдан-Сереннің әскеріне тойтарыс беріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен туған жерді жаудан азат етуге батыс пен шығыстан, түстік пен теріскейден қалың қол жиналды. Самсаған найза, желкілдеген ту астында екіұдай болып, қарсы кезіккен қарсыластар алдында екі жақтың батыры жекпе-жекке шығады...
Даланы күркіреткен музыка үнімен қоса, «жоңғарлардың» зеңбіректері гүрсілдеп, кескілескен майдан да басталып кетті. Тарихи «сценарий» бойынша қазақ әскері жеңіске жетті.
Қаланың қапырық кеңістігінен, қым-қуыт қарбаласынан бір сәт арылып, аталары кешкен тарихи оқиғалардың романтикасына еліткен жасөспірімдер үшін бұл едәуір уақыт айта жүретін әңгіме болды. Ал ұйымдастырушылар тарихи қойылымдарды болашақта бұдан да үлкен көлемде ұйымдастырамыз десті. Несі бар, отансүйгіштікке бастар тарихи оқиғалар балалар санасына мектептегі оқулықтардан ғана емес, осындай шаралар арқылы сіңірілсе, патриоттық тәрбиеде тың қадамдар жасалатыны мәлім ғой. Оның үстіне мұндай шаруаны балалар әдебиеті мен мультипликация, театр, кинематография сынды бірегей өнер салалары әлі нақты қолға ала алмай отырғаны да жасырын емес...
Павел СТАРОВИК, «Шахтер» стадионының әдіскері:
– Балаларға бұл шара туралы алғаш хабарлағанымызда, қуанғандарын көрсеңіздер! Әу баста кез келген рөлді ойнауға келіскен аула клубтарының өкілдері, жеме-жемге келгенде, жоңғарлардың рөлін ойнаудан бас тартты. Бәрі қазақ болғысы келеді. Ақыры, Майқұдық тұрғын аймағындағы клубтарды толығымен жоңғар әскері ретінде жарақтандырдық. Болашақта мұндай шараларды тұрақты өткізіп тұруға тырысамыз. Тіпті далаға түнеп жатып, шатыр тігіп, бірер күн далалық тарихи сахналарда да өткізуіміз әбден мүмкін.
Балалар жоңғар болғысы келмейді
Последние статьи автора