Қазақстан қалаларында дәл қазіргі кезде көрсетіліп жатқан балаларға арналған анимациялық және кино көрсетілімдерінің негізгі тізбегі төменгідей екен: «Монстры против пришельцев», «Ведьмина гора», «Игорь», «Сорванцы из Тимпельбаха» секілді батыстық үлгідегі, қазақ баласының психологиясына қарама-қайшы түсірілген фильмдер. Әрине, техниканың заманауи жетістіктерін пайдалана отырып түсірілген бұл көрсетілімдерге балалар көптеп барып, тамашалап жатқаны даусыз.
Батыстың осынау атынан-ақ мазмұны қандай бағытта екені белгілі фильмдерін бүгінгі күні балалар бір жағынан мәжбүрлікпен көреді. Өйткені балаларға арналған отандық кино, анимациялық өнімдеріміз көрермендерін әлі қуанта алмай отыр. Сөйтіп, еріксіз шетел «шедеврлеріне» телмірген болашағымыз – балалар ондағы кейіпкерлердің қылықтарын жаттап, саналарына сіңіруде. Күн өткен сайын бала сезімін улап қана емес, ұлттық салт-дәстүріміз бен қазақи тәрбиеден алшақтатып жатырмыз.
Ал жоғарыдағы фильмдердің мағынасы адам миын шаршатып, көңілін теріс бағытқа итермелейтіні анық. Өңкей келімсектер мен адам шошырлық өзге планеталық қорқынышты бейнелерден құралған фильмдер бала психологиясына қандай әсер беріп жатқанын ойласаң жаның түршігеді. «Сорванцы из Тимпельбаха» фильмінің мазмұны – кішкене ғана қалашықта балалар бұзықтықтың сан алуан түрлерін жасап, өзге балаларды қорлау секілді қылықтарынан құралған, ең сорақысы – олар өз ата-аналарына да дәл осы бұзықтықты жасайды. Кинотеатрларымыз, әсіресе балалар көрсетілімдерін таңдағанда жауапкершілік, мәдениет, тәрбиеге көңіл бөлуді ойлап несіне бас қатырсын, бар мақсаттары – тек қаржы табу мәселесі.
Кеңес заманында тәрбиелендік, бала күнімізде көбіне Ресей өнімдерін тамашалағанның өзінде қатыгездік пен азғындық, мейірімсіздік пен жан түршігерлік оқиғалары арқау болған кино, анимациялық фильмдер теледидарда көрсетілмейтін. Қайта адамгершілік, адал достық, ата-анаға, бауырға деген қамқорлық насихатталып, жаман, теріс пиғылдағы кейіпкерлер оқиға соңында жазаланатын еді.
Ал балаға 10-12 жасқа дейін қандай бағытта тәрбие берілсе, өмір бойы, тұрмыс-тіршілігі мен ұстанымының негізі сол бағытта болатыны белгілі. Бүлдіршіндеріміздің, жас ұрпағымыздың бойына нені сіңіріп жатқанына көзімізді тарс жұмып қашанғы отыра бермекпіз? Қазіргі кезде жасөспірімдер, мектеп оқушылары арасында қылмыс санының арта түсуінің бір ұшы осыған келіп тірелері сөзсіз. Теледидардағы өнімдерді сараласақ та балаларға арналып қазақшаланып көрсетіліп жатқан анимациялық фильмдердің ұлттық тәрбиемізге қарама-қайшы екенін аңғарасың.
Осы бағытта жұмыс істемесек, тіпті кеш қалуымыз ғажап емес.
Тамызық
Кабельді теледидардан көрсетіліп жатқан анимациялық фильмдер қазіргі күні ата-аналардың уайымына айналды. Қазіргінің балалары сол анимациялық фильмдерді сағат бойы тапжылмай көруге бар. Әке-шешесіне тек соны қосып беруін талап етеді. Оған компьютер ойындарын қосыңыз. Осыдан барып балаларымыздың бойына өз қолымызбен қатыгездік пен жауыздықтың дәнін егіп қана қоймай, оның алғашқы жемістерін көріп отырған жайымыз бар.