Қазіргі кезең – ғылым мен техниканың қарыштап дамыған уақыты. Сонымен қатар ғаламтор атты «құдіреттің» билеген дәуірі деуге де болады. Еліміздегі орта мектептердің барлығы дерлік интернет желісіне қосылғанын ескерсек, ғаламторға деген қолжетімділік жоғары деңгейде екеніне көзіміз жетеді. Әрине, жақсы-ақ. Балалар мен жеткіншектер интернет арқылы ақпараттық ресурстарға қол жеткізіп, білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие. Алайда «Айдың арғы бетіндегі» зиянды жақтары ұшан-теңіз.
Психолог мамандардың пікіріне құлақ ассақ, пікіріміз осыған пара-пар келеді. Олардың айтуынша, кейінгі кездері өткір тұрған отбасы мәселелерінің бірі – баланың интернетке тәуелділігі. Кеңес дәуірінде жеткіншектерге арналған түрлі тегін үйірмелер мен аула клубтарының орнын компьютер клубтары басқалы қашан. Кейбір ата-ана баласының бос уақытында компьютерлік клубтарға баруына қарсы емес. Тіпті әр үй интернет желісіне қосылып та алған. Дәрігерлер мен психолог мамандардың жан айқайы түптің түбінде баланың «нашақорлық» сияқты бұл тәуелділіктен де арылуына мезгілдің кеш болатынын ескертеді. Зерттеу қорытындылары бойынша, қала балалары түрлі жиіліктегі интернетті жиі қолданады. Қалада интернетті пайдаланушылар ауылға қарағанда біршама көп.
Бірақ мониторға телміріп отырған бала ғаламтордан не іздейді, осы жөніндегі пікірлерге назар салсақ:
Астра ВАН, Павлодар облыстық көз аурулары бөлімінің меңгерушісі, офтальмолог-дәрігер:
– Өкініштісі сол, қоғамымызда бала денсаулығына селқос қарайтындар көп. «Партада дұрыс отыр!», «Көзге жиі жаттығу жаса!» деп дәрігерлер мен мұғалімдер ғана емес, үйдегі ата-аналар да ескертіп отыруы қажет. Баланың көзі алыстан немесе жақыннан дұрыс көрмейтін болса, бұған салғырт қарамаған жөн. Ал ғаламтордағы «құндылықтар» баланың бойындағы ашушаңдық сынды мінез-құлықты қалыптастырып, көз денсаулығын ғана емес, физиологиялық-психологиялық тұрғыдан дамуына да кері әсерін тигізері сөзсіз. Кейде балалардың екі көзі бейнені екі түрлі қабылдауы мүмкін. Мұндай кезде жүйелі ем жүргізбесе, ауру асқынып кетуі мүмкін.
Нұрлығайын ЕЛЕУСІЗҚЫЗЫ, ауыл мектебінің мұғалімі:
– Жалпы, ауылдық жерлердегі мектептердің барлығы ғаламтормен қамтылған. Бір «әттеген-айы» жылдамдық өте нашар. Мүмкін, бұл жақсы да шығар. Қарап отырсақ, ғаламтор оқушылардың бойында жалқаулықты өрбітеді. Үй тапсырмасын берсең, интернетке шұқшиып, жауабын содан табуға әуестеніп алған. Кітап, баспасөз құралдары сынды ақпарат көздері екінші орынға түсіп алады. Олар интернеттің көмегіне осылайша жүгінеді. Алайда кейбір жеткіншектер әлеуметтік желілердің құлдарына айналып, бос уақытын соған жұмсайды. Интернетті басқа адамдармен танысып, бос әңгіме құруға жұмсайды. Ал ғаламтор арқылы ақпарат жинау, онлайн жүйесіндегі курстардан білім алатындары некен-саяқ. Бұл тұрғыда балаларымызды интернет-тәрбиеге баулыған абзал.
Ғанибек ЕСІМХАНОВ, 7-сынып оқушысы:
– Ата-анам интернетке кіру үшін шағын модем сатып алып берген. Күнделікті ғаламторды емін-еркін пайдаланамын. Ешкім шектемейді. Сабаққа берілген тапсырмаларды кітапханаларда отырып орындағанның орнына ғаламтордан жылдам тауып аламын. Осы мақсатта интернеттің пайдасы мол. Ал сабақтан тыс уақытымда интернет-ойындарды ойнаймын. Сонымен қатар «м-агент» ақпарат алмасу ресурсы арқылы достарыммен әңгімелесемін. «Мой мир» әлеуметтік желісінде көп отырамын.
Балалар ғаламтордан не іздейді?
Последние статьи автора