Соңғы уақытта конкурс өткізу сәнге айналды. Айтулы мерекелерге орай белді, беделді ұйымдардың ұйымдастыратын бәсекелі сындары өз алдына, қазір әр сала, ірілі-ұсақты әр мекеме, тіпті жекелеген адамдар да әдебиет, өнер, жалпы, мәдениет саласына қатысты бәйге жариялауды жиілетті. Аталған сала өкілдерін сәл де болса ынталандыруға себепкер болатындығын ескерсек, бұл, бір жағынан, өте құптарлық та, қуанарлық та жағдай. Бірақ дүркіреген атымен дүйім жұртты дүрліктіретін сол конкурстар, бәйгелер қалай өткізіліп жүр?
Бізге белгілісі, қайсы конкурстың да нақты шарттары, жеңімпаздарға берілетін жүлде мөлшері алдын ала жария болады. Қатысушылар соған барын салып тырысады, жұмыстарын жібереді, үміттеніп күтеді. Нәтижесінде сенімдері ақтала бермейді. Не жүлдесі, анау айтқандай, қомақты болмай шығады, не бір жүлдені бірнеше адамға бөліп, әрқайсысына мардымсыз тиын-тебен ұсынады, кейде тіпті «бас жүлдеге лайықты туынды болмады» деген сыңайлас себеп айтылады. Алайда бұл себептен гөрі жалтаруға көбірек ұқсайды. Өйткені қанша жерден талап жоғары болғанымен, сарапқа салынған шығармалардың бірінің ілгері, бірінің кейін болатыны заңды. Сондықтан осы жағдайларды есепке ала отырып, уәделі жүлделерді қалайда тағайындаған абзал.
Конкурстарға қатысты тағы бір мәселе – «қай жерде қандай конкурс өтіп жатыр?», «кім қандай бәйге жариялады?» деп үнемі құлағын тігіп жүретіндер немесе кездейсоқ естіп қалатындар болмаса, жұрттың дені оның қашан өтіп, қашан жарияланғанын біле де бермейді. Тиісті мәдениет, өнер мекемелері өз саласының қайраткерлерін бәйгелер, конкурстар жөнінде үздіксіз хабардар етіп отыруды қажет санамайды.
Жалпы, конкурстың ұйымдастырылуы тұрғысынан айтқанда, көңілге қонбайтын бірқатар жайттар бар. Мысалы, қай бәйгеге болсын үміткер өзін-өзі ұсынып, тиісті шығармаларын, кей жағдайда әлдебір мекемелердің, құзыретті орындардың кепілдемелерін ұйымдастырушыларға өзі жинап тапсырып, әбігерге түседі. Яғни баз бір бәйгеге қатысып, бақ сынап көру үшін де адамға еп керек. Бірақ елдің бәрі бірдей пысық, бәрі бірдей епті емес. Мұндай тірлікті тіпті ар санайтындар да жетіп-артылады. Бірақ олардың ел ішінде елеусіз жүріп-ақ үлкен іс тындыруы және олардың туғызған дүниелері әлдебір байқауда жүлде алған шығармаларды он орайтындай сапада болуы әбден мүмкін. Дегенмен байқауға қатысқандармен бақталас бола алмағаны үшін ғана оларды ешкім көрмейді, ешкім бағаламайды. Сондықтан бәйге шартына лайық дүниелерді баз бір байқауды ұйымдастырушылардың өздері іріктеп, сұрыптағаны дұрыс болар еді. Күні бүгінге дейінгі қай байқауда болсын әділқазылар алқасы дегендер алдына келіп түскен жұмыстарды ғана саралап, салмақтаған болады. Сөйтіп, өздері айтып жүргендей, «лайықты шығармаларды анықтау қиынға түсіп жатады». «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» дегендей, мұндайда көңілжықпастыққа жол берілетіні де өтірік емес. Сол үшін байқауларды өткізу тәртібіне, ережесіне өзгеріс керек-ақ. Мысалы, ол әдебиеттің нақты бір жанрына байланысты конкурс болса, «белгілі бір уақыт аралығында сол бағытта кім не жазды және оның мән-маңызы қандай, артықшылығы неде, оқырманға не берді?» деген мәселе бойынша конкурстық комиссия арнайы жұмыс жүргізсе, сөйтіп, шынайы үздіктерді дербес түрде анықтаса, әлдеқайда әділетті болар еді.
Талантты актер Бекжан Тұрыс қайсыбір жылы «Дарын» сыйлығын алғанда «қалайша?» деп таңғалыпты. Себебі өз аяғымен барып ешкімге ешқандай өтініш айтпаған, құжат тапсырмаған. Сөйтсе, бұл – театрда өзімен бірге қызмет етіп жүрген Дулыға Ақмолда сияқты әріптестерінің Бекжанға білдірмей істеген тірлігі екен. Яғни достарының дара дарынын, қазақ өнеріне сіңірген азды-көпті еңбегін лайықты бағалаған олар қажетті құжаттардың бәрін сырттай жиыстырып, өздері тапсырған. Міне, нағыз азаматтық іс. Сол жолы Бекжан үшін ең үлкен жеңіс, ең басты сый – «Дарынды» алғаны емес, жанындағы әріптестерінің ақ адал көңілі мен өнерін бағалағаны болғаны анық. Алайда мұндай жағдай некен-саяқ кездеседі. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» күн кешетіндей заман демейміз. Бірақ көп жағдайда әркім өз қамын күйттеуден аса алмай қалатыны бар.
Сөз арасындағы сыр
... Осы орайда мына бір әңгіме ойға оралады. «Күш атасы» ретінде даңқы төрткүл дүниеге жайылған Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарында торығып, қоңыр төбел күй кешіпті. Ресми орындар палуанның өтініш-тілегіне қатысты шаруаларды бір-біріне сілтеп, сөзбұйдаға сала беріпті. Сөйтіп жүргенде әлдекім:
– Сізді бүкіл дүниежүзі таныды. Кезінде палуандық жолда жүргенде қолыңызға қаншама қаражат түсті! Сіз соның бәрін жетім-жесірлерге, ғаріп-ғасірлерге үлестіріп жібердіңіз. Соғыс жылдары жеке қаражат жинап, ұшақ жасаттыңыз. Сол байлық бүгінгі қартайған шағыңызға жетпегеніне өкінбейсіз бе? – деп шамына тиген көрінеді. Ашуға іштей булыға тұра, сезімін сабырға жеңдірген Қажекең сонда:
– Мен еліме жасаған қызметімді бұлдаған емеспін. Өнерімді көрген халқым сені емес, мені мәңгі есінде сақтайды. Оның рас, мен бүкіл өмірімді халқыма арнадым. Тумысымнан қара бастың қамын ойлаған адам емеспін. Әлі де сондаймын. «Көппен көрген – ұлы той», не көрсем де елмен бірге көремін, – дейді. Сосын осы ойын өлеңмен жалғастырып:
Қиналсам да қайыспаймын,
Қиындыққа майыспаймын.
Қажы Мұқан атым барда –
Сендейлермен алыспаймын,
Намыс пенен ар ұстаймын, – деп орнынан тұра беріпті...
Бір анығы, арлы адам ел игілігі үшін сіңірген азды-көпті еңбегін еш уақытта бұлдамайды. Бірақ кімнің кім екенін халық бәрібір біледі. Түптің түбінде жұрттың есінде кімнің қандай атақ алғаны, қандай байқаудан қандай жүлде иеленгені емес, еліне не бергені, не тындырғаны ғана қалады. Қажымұқан атамыз айтпақшы, «бүкіл өмірін халқына арнаған», «тумысынан қара басын ойламаған», «не көрсе де көппен бірге көретін» адал адамдарды ел мәңгі есінде сақтайды...