Байғазы – жасөспірім балалар жаңа киім кигенде орындалатын салт. Яғни, балалардың үлкендер тарапынан алатын сыйы. Аяғын басып ауыл үйлерін еркін аралауға жарап қалған бүлдіршіндерді жаңа киім киген күні «байғазыңды алып қайт» деп көрші-көлемнің, бірге отырған туыс-туаған, жақындарының үйіне жүгіртіп жібереді. Алақайлап қуанған бала ол үйлерге барып жаңа киімінің жарастығын көрсетеді. Балалар өздерінің неге келгенін:
Киімімді көріңіз,
Етегіме төгіңіз.
Барар жерім әлі көп,
Байғазымды беріңіз! – деген секілді тақпақ арқылы білтіреді. Ондайда үй ішінде үлкендер отырса баланың бас-аяғына түгел қарап шығып «тууу, недеген әйбәт жарасқан!», «күтіп ки», «құп жарасқан екен!» деген сияқты жақсы лебіздер білдіреді. Сонымен бірге баланың жаңа киіміне байғазы ретінде қолда бар теңге, тана, маржандар тағып береді. Ол бір жағынан қолдан тіккен киімге әсемдік берсе, енді бір жағынан кем жерлерін толықтау мақсатында қадалады. Өйткені, көшпелі уақытта қолда бардан тігілген киім болған соң кейбір түймесі, алпыншақ-салпыншақтары кем болып қалуы да мүмкін ғой, байғазы берушілер соған да қарайды екен.
Қазақ байғазы сұрап келген баланың меселдесін қайтармайды. Тіпті ештеңе болмай қалса қолына бауырсақ, кәмпит ұстатып, «байғазың мойнымда» деп, байғазы сұраушы ұл бала болса «байғазыңа байдың қызы» деген секілді сөздермен қайтарады. Артынан міндетті түрде сыйлық боларлықтай бір нәрсе береді.
Бұл салт үлкендердің бала қуанышын бөлісіп, сыйлық бере отырып оның киім-киіс, жүріс-тұрысына үлкендердің қатты назар аударып мән беретінін сезіндірудей маңызға ие. Бала психологиясында киім киюдің өзінде үлкендердің талғамынан шығу талпынысын тудырады. Сонымен бірге айнала көршілердің өзара ынтымақ-берекесіне де оң ықпалын тигізеді.
Университет ұстаздары мен стунденттерге жүргізілген сауалнама нәтижесінде он ұстаздың кішкентай кезінде біреуі ғана байғазы алса, студенттердің ешқайсысы байғазы алып көрмеген. Бұдан осы салтымыздың бүгінде қолданыстан шығып қалғанын көруге болады.
Балаларымыз байғазы сұрап, үлкендеріміз байғазы бере алса бала тәрбиесіндегі бабалар жолы өз нәтижесін бермей қоймасы анық.
Ұларбек Нұрғалымұлы
mazhab.kz/kk/maqalalar/din-men-dastur/baigazy-degen-ne-1542/