«Baby болғым келеді, baby болғым» осылай ән айтар түріміз бар «патилерде»...
Қазақ «айтатын жерде айтпасаң, сөзің өледі, айтпайтын жерде айтсаң, өзің өлесің» деп текке ескертпесе керек. Көптен бері көкейде жинала-жинала, бүгінде көмейге өксік болып тығылған бір жағдай бар. Енді айтпасақ, ел-жұрттың құлағы үйренгені былай тұрсын, еті өліп кете ме деген қауіп те жоқ емес. Ол тағы да тіл мәселесі. Ескі жараның аузын тырнауға еріксіз мәжбүрміз...
Бірақ...
Кезінде алғаш қазақты «мәмбет» дей бастаған кезде өңшең жақсы өре түрегеліп, баспасөз шулаушы еді. Ол кезде намыс тірі екен ғой. Ал қазір ол қалыпты құбылыс, ұлтымыздың бейнебір азан шақырып қойған аты секілді болып кеткендей естісек те үндемей отыра беретін болыппыз. «Қарсы шықсам, өзімді «мәмбет» дей ме, тыныш отыра берейін» деп бұғып қаламыз ба, әлде одан да басқа тұрмыстың сан мың мәселесі еңсемізді езіп тастады ма екен, әйтеуір немқұрайды бір мінез пайда болыпты бәрімізде. Әйтпесе әлеуметтік желіде екі күннің бірінде «домбыра-party» деген сөзді мыңдаған, тіпті еліміз былай тұрсын, шекара сыртындағы қазақтар болып қаумалап, жарнамалар ма едік? Домбыра емес, мәселе «party-де» болып тұр ғой. Бір адам «ау, қазақтар, party-ің не, кеш деген сөз тақиямызға тар келді ме?» деді ме? Жоқ, ондайды әзір көрмедім. Керісінше, солай болуға тиісті секілді жан-жақтан қаумалай, жамырай жарнамалап жатқаны. Дұрыс қой, домбыраға деген құрмет шығар, әйтсе де әр сәт сайын қазақтың бір сөзін осылайша ағылшынның жамбасына жығып бере берсек, онда көп ұзамай қазақ тілінен не қалмақ? Әлде орыс тілінің үстемдігіне үйреніп қалған басымыз, енді оның орнын келіп қай тіл басса да, бәрібір ме? Әйтеуір қазақша болмаса болғаны дейміз бе? Соншалық жанымыз ашымастай қайран тіліміздің не жазығы бар? Бұл – бір ғана мысал.
Енді бір күні қарасақ, бір фестиваль «Art-дала» болса, «Art-галерея», «Art-алаң», тағысын тағы «Art»-тар қаптап кетіпті айналамызда. Ол не қылған Art? Қазақтың «өнер» сөзін кім, қай күні, қай сағатта, қандай мақсатта Art-қа айналдырып жіберді екен? Және оған кім рұқсат берді? Ағылшынның сөзі болған соң төбемізге көтере айтамыз, сән секілді. Әйтпесе қазақта да «арт» сөзі жоқ емес, бірақ оның мағынасын өздеріңіз білесіздер, оны айтудың өзі ұят.
Нandmade дейтін бопты жастар жағы. Нағыз қолөнермен көз майын тауысқан аға ұрпақ бұл сөзді естісе қандай болар екен? Себебі олар қазақтың колөнерінің негізін қалауға, дамытуға, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге терін төкті ғой. Сөйткен ұрпағы алды да оны ағылшыншалап handmade деді де шыға келді. Сөзі жат ұрпақтың өзі қазақы болатынына күмән мол. Себебі сөз адамның ішкі ойынан өрбиді емес пе? Ендеше ағылшынша жаппай үйреніп, АҚШ пен Тұманды Альбионға аңсары ауып тұратын ұрпақ келіп, орысша ойлайтын орта буынмен жылап көрісетін күнге де жеткенбіз бе демеске лаж қалмағандай. Енді олай демей қайтеміз, егер еңбектеген сәбиіміз babylonда ойнап, сүт емес оған milk берсек. Ал асыққанда ас емес, fastfood жесек өзіміз. Сосын артынан көк шай емес, «green tea» қылғытсақ. Бұзылған көлігіне темір-терсек іздеген қазақ CAR city-ге барса... Айтпақшы, өзіміз қала емес-ау, city-де тұрады екенбіз ғой?..
Үндемей шыдайық, қайда барып тоқтар екен десек, бұл үрдістің тоқтау былай тұрсын, үдеп бара жатқан жайы бар. «Батпандап келген аурудың» өзі айналайын болып қалғандай, себебі ол «мысқалдап» болса да шығады ғой. Ал бұл аурудан да жаман, қаулаған өрт секілді. Күн сайын маңайын шарпып барады, ал біз, ең құрығанда, ышқына бір үн шығаруға да жарамай өз еркімізбен өртеніп барамыз. Күлге айналмай жатып, үн шығарып қойсақ қайтеді? Қазір біз өзімізді барынша дамыған күшті ұрпақпыз деп санаймыз, бірақ... Тіл жағынан өте әлсіз болмасақ, осынша өзге тілді басқа шауып, төске өрлетер ме едік? Бүгінгінің көзімен қарағанда «киіз үйде туып, екі-үш сыныптық қана білім алған» немесе «медреседе молдадан қаріп таныған» қазақтың қайта тілдік иммунитеті бізден әлдеқайда мықты болғанын еріксіз мойындаймыз. Себебі біз бүгін самовар емес, самауыр, кровать емес, кереует, чайник емес, шайнек дейміз ғой. Тіпті Александар деген славян есімін Ескендір дейтін қазақ емей кім? Ендеше сондай дана бабаларымыздың біз бүгін тырнағына да татымаймыз десек, жалғаны жоқ. Көрші өзбек, қырғыз ағайындарда тарап кеткен бір кекесін сөз бар болса керек, «орыс болам десең, алдымен қазақ бол» деген. Ащы да болса шындық, біздің бір тілді үйренсек, оны сол ұлттан артық меңгеретін бір жағымсыз мінезіміздің бары өтірік емес. Сол айтқандай, енді қазір ағылшын болам деген басқа елдер алдымен қазақ болатындай «дәрежеге» жетіп қалғандаймыз.
Қайран, қазақ осылай кете берсе, happy болам деп ойлай ма екен? Қазір ғой, жетісіп жүргеніміз, бірақ... «Менің атым Қожада» сынып болып Қожаны жиналысқа салып жатқанда жалғыз ғана Жанардың шыр-пыр болатыны естеріңізде бар ма? Ол «Сендер бәрің мұнда күліп отырсыңдар, ал анда Қожа жалғыз өзі жылап тұр» дейтін еді ғой. Сол айтпақшы, біз бәріміздің «бэйбиімізден» бастап «патилетіп» жүрісіміз мынау, ал сонда ана тіліміздің жылап тұрғаны, ең құрығанда, біріміздің қаперімізге кірсе-ші... Әлде бұл «Біржан сал» фильмінде ашынған Біржан айтпақшы, «Алаштың басынан күн тайғаны ма?» болмаса «қазақ қартайған ба?» Әйтпесе орыс тілінен қалған қазақшаның жұрнағын қарап тұрып ағылшын сөзіне айырбастар ма едік?!.
P.S.
Қазақтың бір әнінде жігіттің қызға өкпелеп айтатын сөзі бар ғой «оны зор, мені қор санасаң, мейірімсіз соққаны жүректің» деп, тап сол сөзді қазір ана тіліміз әр қазаққа айтып жатқандай. Бірақ соған селт ететін адам аз-ау, бірақ...