"Азия" мен "Бақай" тобы "Атың өшкір кредит" әні үшін бірталай өнердегі әріптестерінен сын естіген. Бұл жолы олардың туындыларына қатысты ойын Айгүл Иманбаева да ашық түрде білдірген.
Аталмыш әнді ауқатты той-томалақта айтуға келмейді деген эстрада жұлдызына "Опмай-опмай" хитын орындаушылардың жауабы дайын болған деп жазады "Ревю" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Сыни пікірлерге еті үйренген "Бақай" мен "Азия" әншілері шоу-бизнестегі әріптесінің сөзіне аса қатты мән бермейтінін жеткізді.
"Өнердегі әпкеміздің айтқанын естідік. Ол кісі аса қатты мән бермей-ақ қойсын, біз үшін қатты қиналмай-ақ қойсын. Уайымдамай-ақ қойсын. Өйткені, оны біз "Опмай" шыққаннан кейін, бірден «Азия» мен «Бақайдың» репертуарына екінші ән болып қосылып, сол әнге жұрт билеп, қайта-қайта айтқызып, жарты жыл болды айтып жүргенімізге" , - деді Ербол Шәріпов.
"Басында өздері айтады. Немене мынау, болмаған нәрсені, неше түрлі нәрсені әнге қосатын болғансыңдар деп. Енді сын бәрібір болады ғой. Біз доллар емеспіз ғой бәріне бірден ұнайтын да мысалға" , - деп толықтыра кетті ол.