Көне мақамды жаңаша жаңғыртып түрлендірген, қазаққа ғана тән айтыс өнерін тың белеске көтеріп, табиғи дарынымен барша қазақтың жүрегінен орын алған айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың дүниеден озғанына биыл жетінші жылдың жүзі болды. «От ауызды, орақ тілді ақын» атанған оғылан ұл небәрі 29 жыл өмір сүрді.
Отызға толмай жатып-ақ орда бұзып топ жарған таланттың көкірегін қарс айырып шыққан шыншыл да шымыр сөздер мен тегеурінді тіркестер ел жадынан мәңгі өшпек емес. Қазақы рухтың туын көкке көтерген оның әрбір айтысы қара домбыра асынған кейінгілерге үлгі болары хақ. Қазір қарап отырсақ, Оразалы дәл мағынасында Азаттықтың ақыны болғандығына ешкім шүбә келтірмес. Жасынан-ақ қара өлеңді құлағына құйып өскен ауылдың қара баласы күллі қазақтың жанындай жақсы көріп, сүбелі сөзін сағына күтіп, тамсана тыңдайтын ақынына айнала білді. Хантәңірі баурайында, Құдайдың уысы, таудың қуысында елеусіз тірлік етіп жатқан қараша ауылдың абыз ақсақалдарынан жыр, қисса, дастандарды бойына сіңіріп өскен бала Ораз қысқа уақыт ішінде өз қатарынан оза шығып, дара Оразға айналған еді. Әттең, мезгілсіз ажал ұлтымыздың маңдайына біткен артық туған ұланды қапияда бұл дүниеден алып кетті. Қарашада туған ұл қарашада көз жұмды. Араға жеті жыл салып ақынның жары, белгілі әнші Ажар Түзелбекқызы да дүние салды. Бірінен – жалындаған жыр, бірінен сырлы әндер қалды. Ендігі медет – өнерді өзек еткен осы отбасының шырағын сөндірмейтін, Оразалы мен Ажардың ғұмырын жалғастыратын ұрпағында.
Бүгінде Оразалыдан қалған сүбелі сөздер ел аузында шашырап, әр жерден әртүрлі айтылып жүр. Сол себепті басты міндет ақын мұрасын шашау шығармай жинастырып, жарыққа шығару болса керек. Айтыс әлемінде өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, өз мектебін қалыптастырып кеткен Оразалының жазба еңбектері мен жекелеген айтыстары әлі де терең талдап, зерделі зерттеуді қажет етеді. Бұл бағытта бастамалар да жоқ емес. Қазіргі уақытта айтыскер ақынымыздың шығармашылығы бірқатар университеттерде тақырыптық ғылыми еңбектерге арқау болып келеді. Демек, бұл – ақын мұрасының жай ғана айтылып қоймай, ғылыми айналымға түсе бастағанының бір белгісі.
Осындай ізденіс жолындағы алғашқы қарлығаштардың бірі ретінде жас ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің түлегі Әйгерім Әлімжанның еңбегін айрықша атап өтуге болады. Осыдан біраз жыл бұрын оның «Айтыстың көркемдік әлемі (О.Досбосынов шығармалары негізінде)» атты зерттеу кітабы жарық көрген болатын. Аталған зерттеу еңбек қазіргі кезеңде кемеліне келген әдеби тіліміздің ілгері басып, дамуына ақындық үлесін қосқан Оразалы ақынның шығармашылығына арналған. Ғылыми негізге сүйеніп жазылған кітапта Оразалының айтыстарындағы формалық ізденістер мен көркемдік тәсілдердің ерекшеліктері арнайы қарастырылып, бұрынғы ақындар Біржан мен Сара, ұлы Абай өлеңдері, түркі жазба ескерткіштерінің көркемдік сипаттарымен салыстырылып қарастырылған. Бұл зерттеу кітабына жазған алғысөзінде филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы «О.Досбосынов айтыстары негізінде алғаш рет жазылған бұл зерттеу айтыскер ақынның көркемсөз образдарының көркемдік-тілдік бейнесінің мәні туралы пайымдаулар жасауымен құнды. Ақын тіліндегі троптардың, көркемдік тәсілдердің қолданыс аясы арқылы бүгінгі айтыстың көркемдік әлемін танытады» деген пікір айтқан. Ізденімпаз жас ғалымның нәтижелі зерттеуі «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығының баспасында 1000 дана таралыммен жарыққа шыққан. Жас ғалымдар тарапынан туындап отырған мұндай талпыныстар алдағы уақытта да жалғасын тауып отыратынына сеніміміз бар.
Оразалы дүниеден озғалы бері туған ауылы Тегістікте, Нарынқолда арнайы еске алу кештері мен кішігірім айтыстар ұйымдастырылған болатын. Ал ақынның өзі көрігін қыздырған Алматыдай алып қалада осы күнге дейін бірде-бір үлкен мәдени шара өткізіле қойған жоқ. Кезінде ақынның бір топ қанаттас достары, қаламдас бауырлары Оразалының есімін дәріптеу мақсатында атқарылуға тиіс біршама шаруаларды мәселе ретінде көтеріп еді. Осы тұста жоғарыға сөзі өтетін ағаларымызға қадап тұрып айтарымыз: кезінде өзі еңбек жолын бастаған туған ауылы Тегістіктегі мәдениет үйіне, сол ауылдағы бір көше мен өзі оқыған мектепке немесе аудан орталығындағы бір көшеге Оразалы Досбосыновтың есімі берілсе... Ақынды дәріптеу туған ауылынан бастау алса, келешекте айтарлықтай игі істерді Алматыдай алып шаһарда да жүзеге асыруға мүмкіндіктер туар еді.
Сауапты істерге әлі де болса назар аударатын тізгінұстар азаматтар табылатынына бек сенгіміз келеді. Жақында ақынның өзі білім алған қара шаңырақ – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті игілікті істің бастамашысы ретінде көрінді. Осы орайда оқу орнының үлкен залында «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға» деген атпен еске алу кеші мен университетаралық жас ақындар айтысы өткізілді. Бұл сөзтартысқа Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, С.Демирел атындағы университеттің айтыскер студенттері қатысты. Оразалы рухына арналған ауқымды мәдени шараны ақынның кезіндегі қаламдас бауыры, университетте бірге оқыған досы, талантты ақын Бақыт Беделханұлы жүргізді. Белгілі қаламгер, «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы бастаған қазылар алқасы Оразалының ізін басқан жас айтыскерлердің өнерлерін барынша әділ бағалап, жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Сұрасаң менің атым – Оразалы,
Тұяғым жыр жолында тозады әлі.
Қолдаса бабалардың аруағы,
Бұл Ораз талай топтан озады әлі!» – деп, сонау мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ үлкен ақындарға тән тұшымды сөз айта білген Оразалы өзінің түбінде талай тартысты додаларда топтан озып, ақындықтың биік белесіне көтерілетінін сезіп, бағамдап кеткендей. Осылайша, Тегістіктен басталған ақын жолы біржолата кеңістікке бет алды...
Жандауыс
Елге кетем...
Елге кетем жетті енді, елге кетем,
Есек құрлы жоқпын ба, еңбек етем.
Желігімді жерлеймін де желден ескен,
Ендігі қобыз қылын елмен есем.
Екіге орап белбеуді белге бекем,
Семсер ұстап қайтпекпін сермемесем?!
Семсер өрлік, сертті ерлік, өртім де бар,
Сегіз қырдың біреуі кем демесең.
Сегіз қырым жоқ бірақ сенімдімін,
Бос өкпелік жоқ менде өгіз мұрын.
Үзбес үшін кей-кейде көңіл жібін,
Көк итіне таланам көп игінің.
Сұлтан көп қой, май мұрын, қозы қарын,
Қомдап жүрген боқтағы қоңыз арын.
Білгісі келмейтіндер сезеді анық,
Өрмекшінің өткелде торы барын.
Бақа-шаян ұрпақтың соры қалың,
Елге кетем жетті енді, елге кетем,
Ел жекімес... жерісе жерге кетем.
Себебі атам – Адам, анам – Хауа,
Осы біз таптап жүрген жерден екен.
Өз үстінде асқынтқан ауруымды,
Болмас енді астында емдемесем.
Жер де мекен пендеге, көр де мекен.
Сондықтан да мен кетсем көрге кетем, –
Деп жүрмеңдер ақыры өлген екен.
Оразалы
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Оразалы Досбосынов менің шәкірттерімнің ішіндегі ерекше қабілеті бар талант иесі еді. Ол университетке оқуға қабылданған күннен бастап оқу орнының барлық мәдени өміріне белсене араласып жүрді. Ол кездер бір қиындау заман болатын. Студенттердің жағдайы белгілі. Дегенмен Ораз сабағына тыңғылықты болды. Рас, бойында өнері тұнып тұрған ол көбіне ел-елдегі түрлі шараларға, айтыстарға сапарлап кететін. Бұған ұстаздар қауымы кешіріммен қарап, қайта оның есімімен мақтанатын болдық. Ол көбіне әрі бауыр, әрі досы, бүгінде танылған ақын – Бақыт Беделхан екеуі қатар жүретін. Жалпы, Оразалы қашан көрсең де жалғыз жүрмейтін. Оның қасында үлкені бар, кішісі бар – өлеңге құмар жандар топтасып жүретін. Ораздың сөз саптасы да, ойы да өз қатарластарына қарағанда анағұрлым биік екендігі көрініп тұратын. Бұрын Ораздың айтысын біздің университет студенттері сабақтан қашып барып көретін. Айтыс сахнасында жаңа құбылыс болып келген оның феномені келешектегі зерттеулерге арқау болары анық.
Жанарбек ӘШІМЖАН, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
– Кешегі қара өлеңнен дауыл тұрғызған ұлы бабаларымыз Сүйінбай мен Жамбылдың, Шарғын мен Таңжарықтың, Құлмамбет пен Көдек дәстүрінің бірден-бір жалғастырушысы болған, халық ауыз әдебиетінің қаймағы мен қайнарын қанып ішкен, таудың дана шалдары сақалына орап жүріп өсірген Оразалы ақын қазақ айтысына абыздардың көне сарыны мен өрдің мөлдір бұлағындай тазалықты алып келді. Суырыпсалма өнердің тұма табиғатын сарайларда сан рет паш етті. Ішкі мәдениеті мен бойын кернеген бұла таланты, қалақтай ғана бітіміндегі бас бермес асау мінезі Жаратушының жүрегіне құйған жылы ағысын жасандылықтан, жолбикеліктен, жәркештіктен, жарамсақтықтан ада болуға көп септесті.
Қадыр Мырза Әлі бірде: «Қазақтың ірі ақындарының тіл сындырып, әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар әлемі еді. Қазір қазақ жырына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі жерде ондайлар азая да бермек. Бардың нарқын, жоқтың парқын білмеумен күресу керек», – деген еді. Біздіңше, бұл анықтама жазба ақындармен қатар, айтыс өнерінде айрықша ізі бар айбоздарға да арналып айтылғаны сөзсіз. Бұл тізімнің жуан ортасында орақ тілді Оразалы шайырдың барына қапысыз сенесіз.
Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Әдебиетшілер үйінің директоры:
– «Бір ақынның ашылса тіл мен жағы,
Мың адамның айтылар мұң мен зары» – деп, талай әдемі нақыл мен сөз тіркестерін тудырған Оразалы ақынды қайта түлетіп, есімін дәріптеп, өлең-жырларын насихаттау – бұл біздің тіліміз бен ділімізді, рухымыз бен намысымызды қайта жаңғыртумен пара-пар деп есептеуге болады. Оразалы – мына сапырылысқан заманды қабылдай алмаған ақын. Ол, керісінше, өткен ғасырдағы бабаларымыздың аталы қағидаттарын қасиеттеп, қастерлеп, ішіне тоқып, пәтуалы сөз етіп елге жеткізуші болды. Ақындар әрқилы сипатта өлең өріп, әркім өз хал-қадерінше өнерге қызмет етеді. Біреу сұрап айтады, біреу құрап айтады, енді басқалары жылап айтады. Оразалы сол ел мұңын жоқтап, шындық үшін шырылдап, жылап айтатындардың көш басында тұрды.
Біз екеуміз бір үйдің баласындай қатар өстік. Арамызда туыстығымыз да, достығымыз да бар болғандықтан, етене жақын жүрдік. Биыл тірі болса мүшелге толар еді. 13 жасынан өлең салған өрен жүйрік Оразалы бауырымыз қазақ айтысының төрінен ойып тұрып орын алды. Ендігі парызымыз – оның терең де мазмұнды мұрасын үнемі насихаттап, жас ұрпақтың жадына сіңіріп отыру.