Жақында жолдары екіге айырылған Азамат Зенкаев пен Ерке Есмаханның қарым-қатынасын о баста көпшілік түсінбеді. Есесіне жақындары жақсы қабылдаған. Мәселен, Азаматтың анасы Еркенің бойынан болашақ келінге тән қасиеттерді байқаған ұқсайды. Ол екі жастың қарым-қатынасын бірден құптаған. Бұл туралы Азамат YouTube-та жарияланған “Жұлдыздар жұлдыздар жайлы” бағдарламасында айтып берді.
Сөзіне қарағанда, анасының Еркеге деген көзқарасы жақсы болған.
"Еркемен қосылуыма бірден-бір себепкер анам болды. Тек анам айтты екен деп олай істемейсің ғой. Өзімнен де болды. Бірақ соңында болмай қалды", - деген A.Z Еркеге шынайы ғашық болғанын мойындады.
Азамат экс-ғашығы Еркеден 9 жасқа кіші. Көпшілік түсінбегенімен, рэпердің өзі махаббаттың жасқа қарамайтынына сенімді. Болашақта өзінен кіші ару кездессе де, қарсы емес.
"Ең бастысы, адами тұрғыда сол адаммен ыңғайлы болса, онда тұрған не бар?" - деді ол.
Сондай-ақ, Азамат Еркемен кездесіп жүрген сәтінде өзін еркін сезінгенін атап өтті.
"Мен негізі сезімге, махаббатқа жеңіл қараймын. Еркіндікті қатты жақсы көрмейтін адаммын. Маған отбасылық өмір қатты ұнайды. Тыныш үйде, көп шыққым келмейді. Әрдайым жұмысымды үйде істегенді ұнатамын", - деді Азамат.
Рэпер Еркемен ешқашан хайп жасамағанын кесіп айтты. Сондай-ақ, әзірге жүрегінде сезім оты сөніп қалғанын, алдағы уақытта бар күшін шығармашылыққа жұмсайтынын атап өтті.
"Қарым-қатынасқа, отбасылық өмірге әзірге дайын емеспін. Әзірге сөніп қалды. Оны кім оята алады, кім оята алмайды, бір Құдай біледі. Қазіргі қалауым - тек жұмыс істеп, жетістікке жету", - дейді A.Z.