Ахаңның әліпбиі

Дүниетаным тұрғысынан келсек, әліпби сауат ашудың баспалдағы ғана емес, жазу-сызу, ғылым-білім үйренудің негізгі іргетасы екені анық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тіл туралы өзекті мақалаларында: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», – деп жазған екен.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Шындығында, А.Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқу­лықтар жазудың мәні зор екенін ғасыр басында түсініп, ұлт тілінің келешегі үшін кү­рес­кен кемеңгеріміз һәм рухани көсемі­міз. Кемеңгерлігі сол: әркімнің тіліне еріп, ада­сып жүрген жұртына қазақ әліпбиін тай­ға таңба басқандай жасап берді.
Ахмет түрлеген әліпбиді күллі түркі жұр­ты, сонымен бірге орыс ғалымы Е.Поливанов: «...енді түзетуді қажет етпейтін, та­рихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика», – деп бағалаған. Түр­кітанушының танымына жүгінсек, «...эту последную форму, которую приняла казах-киргизская графика, я (…) считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, которым с полным правом могут гор­диться киргизские деятели просвещения – создатели реформы как крупным куль­турным завоеванием» деген. Бұл – тари­хи шындық һәм әділ баға.
Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар ­арасында жеті рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. Міне, сол әліпбиге биыл 100 жыл толып отыр! «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, баба мұрасымен алға жылжудың орнына, әліпбиді әлі күнге өзекті мәселе етіп көтеріп, текке даурығудамыз... Бұл «дау­лы мәселемен» ғалым атындағы ғы­лым ордасына қарасты Тіл білімі инсти­тутының зерттеушілері айналысып, шеші­мін табар деген үміттеміз. Десек те, Ахаң әліпбиінің қалыптасу тарихына тағы бір зер салсақ, артық болмас дейміз. Ол түзген әліпбидің заманында-ақ қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкел­генін, қалың жұртты жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің жедел дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпалы болғандығы туралы М.Дулатұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов т.б. сол кездің өзінде мақалаларында қадау-қадау пікірлерін білдіріп, тарихи әділ бағасын бергені бұл күні баршамызға мәлім.
Ақиқатында, ХХ ғасыр басындағы қа­зақ тіл білімі мен әдебиетінде сан түрлі зерт­теу жұмыстарын жүргізумен бірге, мек­тептің пән оқулықтарын жасаудың да қажеттілігі сезіліп, аса маңызды мәселе ретінде алға қойылған тұста Ахмет Байтұр­сынұлы ұлт тілі мәселесіне аса сақтықпен қараған. Ол кирилл таңбасындағы қазақ алфавитіне мойынсұнбаған. Қазақ жұрты­ның төл, ана тілін саф қалпында сақтау үшін қандай таңбаны алу керектігіне зор мән бере отырып, осы жолда төте жол іздеді. Ағартушы өзінің ұзақ жылдар бойғы ізденісі барысында кириллше жазудың бо­дандағы қазақ үшін тіл саясатындағы «тұ­сау», тіпті «бұғау» деп түсінді. Ол сол се­беп­тен де ұлтының болмысын жоғалт­пай­тын, дыбыстық ерекшеліктерін бере алатын әрі «исламды діл мен діннің лұ­ғаты» деп зерделегендіктен, араб графикасын таңдағаны белгілі.
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуе­зовше айтсақ, Ақаң ашқан қазақ мек­тебінің ұстанымы қазақ баласын ана тілінде сауатын аштырып қана қоймай, оның дүниетанымын қазақша қалыптастыру бол­ған. Өйткені сол тұстағы оқыған, сауатты жандардың басым көпшілігінің тілі не татарша, не орысша шыққаны әрі сол тілдермен өз тілін араластырып, «қойыртпақ тіл» жасағаны да – тарихи шындық. Сон­дық­тан да ағартушы қазақ ұлтының табиғи болмысын сақтау мақсатында білім беру жүйесінде ана тілімен оқыту тәсілін ұс­танды. Әрі осы жолда қазақ баласы үшін түрен жол салып берді: «...Қазақша дұрыс­тап қат жаза білуге бір, екі-ақ жыл керек. Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсыл­манша оқып жүрген жолменен оқуды айт­паймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, оныменен жүріп қат жаза білуге жеткенше русша білуден уақыт кем кетпейді. Себебі қазақ тіліменен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып, бас қатып, мый ашып, балалар әуре-тәуре болады. Сондықтан оқу керектігі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз. Жақсы құралменен іс істегенде көпке тиіп жанды қинамайды. Оқу құралы да сондай жан қинамайтұғын болса, жақсы болады. Әр істің басы қиын. Басында қиналмай кетсе, онан әрі тың кетеді. Бұлай болған соң әуелі оқу құралы жақсы болып жан қинамасына не керек?» деп, «ана тіл» пәнсөзінің негізгі мәні атау тұлғалы ұғым екеніне салмақ салып, төл оқулықтың басын ашып алады.
Асты сызылған тіркестердің мағынасын ашып жатудың өзі артық, бірақ осы «...қа­зақ­ша оқу дегенде мен осы күнгі мұсыл­манша оқып жүрген жолменен оқуды айт­паймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын» деп, таза арабшамен тіл сындырушы­лардың да ана тілінен ажырайтынын, қа­зақша болмысын жоғалтатынын жанай­қаймен айтып отыр. Ағартушы «қазақтың тіліменен оқытуды» көксейді, сол қазақ тілін­де оқытудың амал-тәсілдерін соқыр­ға таяқ ұстатқандай көрсетіп те берді. Ең бастысы, «әліпби түзелмей, іс оңалмайты­нын» білген ағартушы, әліпби түзеп, түр­леуді қолға алған!
Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиіндегі ғы­лы­ми жетістіктерді лингвист-ғалым Құдай­берген Жұбанов өте жоғары бағалаған. Мәселен: «...возражение не выдерживают критики, потому что всякие культурное и иное достижение, оставленное нам нашими врагами – это наше законное наследие (...). Отказываться от подобного наследия так же глупо (...) мы не откажемся ни от чего, что составляет лучшее творениях предыдущей истории, если оно в наших руках может быть полезно для нас» деген айшығынан оның кім көрінгенге әліпбиді таптатпағанын әрі қорғағанының куәсі боламыз. Құдайберген Ахметтің сол тұста «халық жауы» деп қудаланғанына қара­мастан, оның еңбегін «асыл мұра» деп таниды, «ұрпақ қажетін өтеуге лайық пайдалы іс» деп біледі.
Кеңес дәуірі тұсында А.Байтұрсынұлы мұрасының негізінде мектеп оқулықтары – қазақ тілі мен әдебиетінің жазылып әрі оқытылып келгені анық. Алаш ардагері Ахметтің атын атауға Кеңес үкіметі тыйым салғанымен, оның «затын» қолдануға ты­йым сала алмағаны да – бұл күні бар­ша­мызға белгілі тарихи ащы шындық. Бұған дәлел ретінде ғалым-реформатор қалып­тастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қажетті ұғым-атаулар мен оларға берілген ережелер мен қисындардың күні бүгінге дейін қолданыста болуын атасақ та жеткілікті!
Қазақ мектебінің негізін салған тұңғыш ағартушы Ы.Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрсе­лер­дің атауы» десе, А.Байтұрсынұлы «Зат есім» деген атау береді. «Имя прилагательное», «Имя числительное» сөз таптарына тұң­ғыш ағартушы «Зат-мақұлықтың қа­сиет­терінің аттары», «Есеп аттары» деп балама берсе, Ахмет «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді. «Наречие» деген орыс терминін алғашқы ұстаз «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса, кейінгі әдіскер-ғалым «Үстеу», «Демеу» дейді. Бүгінде бұлар – қазақ тілінде қалып­тасып кеткен атау-ұғымдар. Осы атаулар­дың қалыптасуы үшін алдыңғы буын өкіл­дерінің жіберген кемшіліктерін түзеп-түр­леу арқылы ХХ ғасырдың басында қазақ мектебінің керегін жасаушы, қазақ оқы­ғандарының көшбасшысы А.Байтұр­сын­ұлы болғаны даусыз.
Қазіргі күні бастауыш мектептерге ар­налған 1-сынып әліппесіндегі «Қазақ ал­фавитінің» авторын ажырата алмайтын оқытушылар бар екені де жасырын емес. Ақиқатында, есімі аталмаса да, Байтұрсын­ұлының төте жазудағы түзілген әліпбиі аз ғана өзгеріспен кеңес кезеңіндегі мектепке, яғни алғашында – латын, соңыра кирилл әрпіне қопарылып, көшіп отырды... Осы­лайша ғалымның еңбегі ұрпағына қыз­метін көрсете берді. Жалпы, «Қазақ әліпбиі немесе ұлт жазуын жетілдірудегі Ахмет Байтұрсынұлының рөлі» деген тақы­рып аясында арнайы сағат бөліп, оны орта мектептердің жоғары сыныптарында оқыту өзекті мәселелердің бірі деп білген жөн.
Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы әліпбиге 1924, 1931 жылдары «Байтурсыновская графика», «Байтурсыновский алфавит» деген атау берген. Біздің бүгінгі жетілген қазақ тіліндегі 40 (жуан, жіңішке белгіні есептеу шарт емес) әріптің түп негізі А.Байтұрсынұлы емлесімен тығыз байланысты екенін түсіне бермейміз. Және ғасыр басында Байтұрсынұлы таңдаған төте жолдың байыбын дұрыс ұғынбаудың салдарынан жазу мәдениетінде өркениетті елдерден кейін қалып, әлі күнге «қай жазуды алу керек» деген дауасыз мәселенің жетегінде лағып жүрміз. Төте жазуға тұрақ­тамауға, мүмкін, сол тұстағы саясат әсер ет­кен болуы керек. Дегенмен өркениетті елдердің зерттеушілері әділ бағалаған А.Байтұрсынұлы емлесінде тұрақтылық та­нытқан болсақ, оңынан жазылатын харіп­тің қасиетін басқаша ұғар ма едік... Ислам дінімен бірге келген әріптің адамзат баласын игілікті істерге жетелері хақ екенін ой-түйсігімізбен қабылдағанмен, ұзақ жылдар кирилл әрпімен құрсауланған құлдық сана шырмауынан шыға алмай жүргеніміз ащы болса да ақиқат.
Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану теориясының негізін салушы, ұлт мектебінің ұлы ұстазы Ахаң әліпбиін ұлт­тық мұрамыз деп мақтан тұту ұрпақ парызы екенін ұмытпайық! Әрі ғалым мұра­сына мейлінше адалдық танытып, қажетті деңгейде қадірлей білсек екен. А.Бай­тұрсынұлының тіл саласындағы мұ­ра­сын бүгінгі таңдағы мемлекеттік тілді оқы­ту әдіс­намасының негізіне айналдыра алсақ, қазақ тілі кәсіп тілі ғана емес, іс жүр­гізу тіліне айналары анық.
Райхан ИМАХАНБЕТОВА, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, ХБУ(UIB) доценті

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста