Аристотельдей — адамзатқа, әл-Фарабидей — әлемге, Ахмет Байтұрсыновтай ұлтқа ұстаз болған тұлғалар тарихта өте сирек. Әліпті таяқ деп білмейтін балаға қара танытқан адамды ұстаз десек, онда күллі қазақтың әліпбиін құрастырған дананы ұлт ұстазы демей не дерсің?! Ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегінің басқасын айтпағанда, осы бір ғана ісі үшін де Ахаңа мәңгі тағзым етіп өтуге тұрады. Жұрт жұмысы мен ұлт намысы жолында қара басының бақытын құрбан еткен Ахаңдай ардақтысын бергідегі біздерден бұрын өз тұстастары көзі тірісінде-ақ «қазақтың рухани көсемі», «ұлтымыздың ар-ожданы» атаған. Айтайын дегеніміз — күні кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасын насихаттау бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Онда Ахаң жайлы екі бірдей кітаптың тұсауы кесілді.
Тұлғамыздың туған күнін білмеппіз...
«Ғасыр саңлағы» деп аталатын кітапты 1988 жылдан бері Ахмет Байтұрсынов мұраларын зерттеумен айналысып келе жатқан ғалым Райхан Имаханбетова шығарып отыр. Ұят болғанда, біз әлі күнге «ар-ожданымыз», яғни «ұлтымыздың ұяты» іспетті тұлғаның туған жылы мен күнін білмей келіппіз. Бала кезде біздерге мектепте оқытып келгендей, Ахаң «1873 жылы 18 қаңтарда» емес, шын мәнінде 1872 жылы қыркүйектің 5-і күні дүниеге келген. Ахаң оны анкетасында өз қолымен жазып берген. Аталған кітапта осы және тағы да бізге беймәлім деректердің анық-қанығы жазылған.
Райхан ИМАХАНБЕТОВА, А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:
– Ең басты назарға алатын мәселеміз — Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасын насихаттау бойынша кешенді іс-шараларды ұйымдастыру жобасы еліміздің Мәдениет министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Соның бірі – Ахаңның өмірбаянын түгел қамтитын 20 баспа табақтық анықтамалық шығару. Екінші мәселе – деректі фильм түсіру. Ол да қолға алынды, жобаның жетекшісі — Сабыржан Шүкірұлы, Ербол Тілешов сынды азаматтар. Ал бүгінгі кітаптың тұсаукесері – мұраны насихаттаудағы екінші кезектегі мәселе. Дегенмен бұл еңбектің осыған дейінгі Ахаң жайлы шыққан кітаптардан айырмашылығы – бала Ахметтен дана Ахметке жетуі, сонан соң қайтыс болған күніне дейін толықтай өмірін қамтуында.
Екінші бір айтарлықтай мәселе – Ахмет атасын қазақ баласының өзі тұтастай емес, тек қазақтілді бөлігі ғана танитындығы. Орыстілді орта әлі күнге Байтұрсынов бабасын білмейді, ол кісінің өлеңдерін өмірінде оқып та көрмеген. Себебі басты мәселе – олардың тілді білмеуінде. Осы тұста қаны қазақ болғанымен, тілі бөтен бауырларымызға, сондай-ақ Ресей ғалымдарына қазақтың осындай кемеңгер тұлғасын таныту үшін Ахаңның өмірбаянын, өлеңдерін, жалпы, шығармашылық мұрасын орысшаға аудару мәселесі туады. Ал ол — тіпті де оңай шаруа емес. Шұрайлы тіліміздің шырайын кіргізе жазған ақын өлеңдерінің қаймағын бұзбаған күйде орыс не өзге тілге аудару ісінің кешеуілдеп келу сыры, біріншіден, жылдар бойы бұл қазынаның «қамауда» жатуы, екіншіден, оны аударуға батылы жетер кісінің табылмағандығында. Алғаш Ахаң өлеңдерін орысшаға аударған Мухамет-Халел Сулейманов, өкінішке қарай, бүгінде пәниде жоқ. Алайда оның «Яркий носитель духа человечности» атты кітабын ұлы Ілияс жарыққа шығарып, осы дөңгелек үстел барысында тұсауы кесілді.
Ахаң мен Бәдрисафа
Ахмет Байтұрсынұлы алғаш түрмеге қамалғанда ол кісінің артынан іздеп барып, тіпті түрмеден босатуын сұрап, жоғары жаққа арызданған бірден-бір адам болса, ол – ақынның асыл да аяулы жары Бәдрисафа. Осы күнге дейін ол кісілердің некелескен кездері дау болып келді, бірақ соңғы және нақты дерек Ахаң мен жұбайының атамыз түрмеге отырғанға дейін отасқандарын дәлелдеп шықты. Тоғайшы орыстың қызы Александраның мұсылман дінін қабылдап, Бәдрисафа атты жаңа есім алып, өле-өлгенше басынан жаулығын тастамай, жұбайына «төрем» деп өтуі Ахаңа деген шын махаббаты еді. Бұл – бүгінгі ұрпаққа қай жағынан алғанда да үлкен өнеге. «Ғасыр саңлағы» кітабының тағы бір айтарлықтай жетістігі – осы мәселені ашық жазуында деуге болады.
Сондай-ақ Байтұрсыновтың жаңа бүркеншік есімдері табылды. Соған орай «Қазақ» газетінің бетіндегі «Байқаушы» деген атпен жарияланған «Туған тілім», «Шекіспей, бекіспейді», «Қояндыда», «Дәріс» атты өлеңдері ғылыми түрде Ахаңдікі екені дәлелденіп отыр. Алғаш бұл мәселені 1989 жылы әдебиеттанушы Бейсенбай Байғалиев анықтап, «Қостанай таңы» облыстық газетінде көтерген. Бірақ ғылыми орта ол тұжырымды кезінде қабылдамаса керек. Енді бүгінде ғалымның сол еңбегі өз нәтижесін беріп, Байтұрсыновтың бес томдығына осы «Байқаушы» деген атпен жазған өлеңдері енгізіліп отыр.
Ахаңның асыл әндері
Қаншалық терең көмсе-дағы алтынның ақыры жер бетіне шығатыны секілді, заманында қиянат шеккен шындық та күндердің күнінде айтылары даусыз ақиқат. Ахаңның «Аққұм», «Екі жирен», «Қаракөз», «Қарғаш», «Достар» секілді әндері, өкінішке қарай, әлі күнге халықтікі атанып жүр. Алайда «Ғасыр саңлағы» кітабында Райхан Имаханбетова ол әндердің авторы Ахмет Байтұрсынов екенін нақты дәлелдеп жазған. Автордың айтуынша, «халықтікі» атануының арқасында қайта әлгі әндер сақталып келгенге ұқсайды. Ендігіде бір-ақ автор еңбегі өз иесіне қайтарылса игі.
Айгүл ІСМАҚОВА, алаштанушы ғалым:
– Ахаң ақталған кезде сол кісінің жинағын құрастырушылар асығыстық болып, деректерді терең қазбалауға уақыт болмағанын айтады. Сондықтан «осы жылы 50 жылдығы тойланып еді» деп, шамамен 1873 жылды жаза салған. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, бүгін жақсы кітап жарық көріп отыр. Байтұрсынов тұлғасына, еңбектеріне бүгінде Ресей ғалымдары қызығушылық танытып отыр. Себебі олар бізді «кеңес кезінде ғана қалыптасқан халық» деп келді ғой. Санкт-Петербург, Мәскеуде еңбектері жарияланғанын дәлелдеу үшін біз қазір Ресейде, шетелдерде өткен конференцияларға қатысып жүрміз. Бірақ осы тұста айтарлығы, Байтұрсынов еңбектерін тездетіп орысша, ағылшыншаға аударуымыз керек.