Атыраудағы базарда ән айтып жүрген Бауыржан есімді жігіт ғаламторда қызу талқыланып жатыр. Ол танымал әнші Қайрат Нұртастың “Ауырмайды жүрек” әнін шырқаған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Жанды дауыста ән айтып, көптің көңілінен шыққан әншінің видеосын журналист Жазира Бегалы өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Онда Бауыржан есімді жігіт Қайрат Нұртастың кең танылған әнін нақышына келтіріп орындап жатыр.
Оның дауысына тәнті болып, ризашылықтарын білдіріп жатқандар көп. Желі қолданушылары Қайрат Нұртастан асып түскен базардағы әншіге қолдау көрсетуге шақырып жатыр.
"Қолдау керек! Сахнаға, тойға шақыру керек! Қазақ бауырларымызды өзіміз қолдамағанда, кім қолдайды?!", "Нөмірлері керек. Тойларға шақырайық. Осындай жігіттерді көтеру керек", "Қайрат Нұртас естісе ұялып қалатын болды ғой. Дауысы керемет екен", "Дауысы ғажап! Осындай жігіттерге көмек беріп, сахнаға шығару керек", — деп жазды желі қолданушылары.