Зифа-Алуа ӘУЕЗОВА, мәдениеттанушы:
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің немересі, шығыстанушы ғалым, Орталық Азияның интеллектуалды тарихы жөніндегі ең ірі мамандардың бірі Зифа-Алуа Әуезова Голландияның Хертоген Бос қаласында тұрады. Амстердам университетінің Еуропа оқулары институтында ғылыми жұмыспен айналысады. Біз асылдың сынығы Зифа-Алуа Мұратқызымен ғаламтор арқылы тілдесіп, бірнеше сауалымызға жауап алдық.
– Атаңыз Мұхтар Әуезов ұлы Мұраттың қытайтану саласына маманданғанына ықыласты болған екен. Реттік саны бойынша №3 Әуезованы Шығыс әлемі несімен қызықтырды?
– Орта мектепті 16 жаста бітірдім. Мектепте мені гуманитарлық ғылымдардан гөрі физика, химия, математика секілді түсінікті, нақты салалар анағұрлым қызықтыратын. Соған орай математика мен физикаға жан-жақты дайындалып, осы сала бойынша Мәскеудің жоғары оқу орындарының біріне түспек ойым бар еді. Бірақ бітіру емтиханы кезінде әкем екеуміз ұзақ сөйлестік. Ол кісі маған отбасылық дәстүрдің жібін үзбей, шығыстану ғылымын таңдауыма кеңес берді. Нәтижесінде Ленинград мемлекеттік университеті шығыстану факультетіне қабылдандым. Араб әлемі, араб және қазақ мәдениеті арасындағы байланыс, қазақ мәдениетінің әлемдік өркениетпен интеграциялануы, бұл үрдістің бүгін немесе кеше емес, сонау орта ғасырларда басталуы жүрегіме экзистенциалды оптимизм ұялатты. Осы тақырыпты тереңдеп зерттеуге ден қойдым. Бұл шешімімді ұстаздарым да қуана қолдады. Көмектесті.
– Ленинград университетінде 1930-1940 жылдары атаңыз Мұхтар Әуезов оқыған. Сіз атаңызбен мистикалық байланысты сезе алдыңыз ба?
– Шығыстану факультетінің қабырғасында Мұхтар Әуезовтің суреті ілулі тұр. Ұстаздарым Әуезовтің немересі екенімді білді. Мен мистикаға бейім емеспін. Ленинград мемлекеттік университеті мен үшін өмір мектебі болды. Тілдер мен әдебиеттерді зерттеу, ешқандай бұрмалаушылыққа және идеологиялық ықпалға түспеген, тарихи оқиғалардан шынайы хабар беретін ежелгі деректермен танысу, олардың терең иірімдеріне бойлау айрықша ұнады.
– Қазақтар мен Орталық Азияға көршілес халықтардың өткені кеңестік тарих пен әдебиеттерде қандай тұжырымдарға сүйеніп қалыптасты деген сұраққа жауап таба алдыңыз ба? Ол туралы шетел мұражайларында сақталып қалған деректер не дейді?
– Меніңше, оған толыққанды жауап беру қиын. Себебі ХХ ғасыр қатал һәм орталықтандырылған цензураның құрсауында болды: одан әдебиет те, тарих та, саясат та азат бола алмады. Тіпті балалар әдебиеті идеологиялық қару көзіне айналды. Біз бұл салада күні бүгінге дейін өзімізді-өзіміз іздеп жүрген сияқтымыз. Тарихқа идеология ықпал ете алмайды. Интеллектуалды тарихымызды түбірімен қайта жазатын кез келді. Қазақтар мен Орталық Азияға көршілес халықтардың өткені кеңестік тарих пен әдебиеттерде қандай тұжырымдарға сүйеніп қалыптасты, қандай тақырыптар мен қадамдар жаңа идеологиялық құрылымдарға сәйкес, жарамсыз болып саналды және ығыстырылған материалдардың орнын нелер толықтырды деген сауалдарға жауап іздеп жүрмін.
– Мұхтар Әуезов қоры «Беймәлім Әуезов» деген жоба бойынша жазушының шығармашылығына қатысты Ресей мұрағаттарынан жаңа деректер тапты. Ал қазір ұлы жазушының 1937-1949 жылға дейінгі өмірі туралы деректер толыққанды емес. Мысалы, «Жапония сапары туралы қолжазбасы жоғалып кеткен» дегенді атаңыздың көзін көрген замандастары күні кешеге дейін айтып келді. Аталмыш жобаның іздеу-зерттеу жұмыстарында сіздің қолтаңбаңыз бар ма?
– Рас, атамыз Мұхтар Әуезовтің Жапония сапары жайлы көп естимін. Бірақ қолда нақты дерек болмағандықтан, ашып айта алмаймын. «Беймәлім Әуезов» жобасы енді ғана басталды. Әуезов туралы деректерді жинау, жұрт назарына ұсыну – оның ұрпақтарының ғана міндеті емес, оған бүкіл қазақ атсалысуы керек. Себебі Әуезовтің тағдыры – 1940-1950 жылдардағы бүкіл қазақтың тағдыры. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
Жақында оның Жапония сапары кезінде студенттермен кездескенде Қазақстандағы жарылыстар жайлы айтқанын айғақтайтын деректер табылды. Сол сияқты Мәскеуде жүрген кезі туралы қызықты деректер де Әуезов қорына тапсырылды. Мен 1920-40-50 жылдары жарияланған мақалаларды зерттеп, зерделеп: «Ұлттық жадымызды қай уақытта жоғалтып алдық, Алаш арыстарының идеялары неге жалғасын таппады, неге үзіліп қалды?» деген сұрақтарға жауап іздеп жүрмін. Мені қазір мазалап жүргені – осы мәселелер, рухани тарихымыздың ақтандақ тұстары.
– Жолдасыңыз Роберт қазақша жақсы сөйлейді екен. Қазақ тілін қалай үйренді?
– Біз 1995 жылы Голландияда үйленген соң, Қазақстанға барып тұрдық. 1999 жылдан бастап, көбінде Голландияда болдым. Арасында үш жыл Қазақстанда тұрдық. Содан кейін ЮСАИД-те жұмыс істедім. АҚШ елшілігінде техникалық көмекші болып, үш жыл жоба менеджері болдым. Қазақстан мен Орталық Азиядан Америкаға білім беру саласында қысқа мерзімге мамандар жіберумен айналыстым. Жолдасым сол кезде қазақша үйренді. Ол да –шығыстанушы. Балаларымыз қазақ мектебіне барды.
– Еуропада жүрген жиендеріміз қазір немен айналысады? Елге келіп тұрасыздар ма?
– Өзімді де, балаларымды да туған тамырым – елімнен бөле-жара қарай алмаймын. Бөрілі – киелі бесігіміз. Қазақтың, түркі жұртының Мұхтарының кіндік қаны тамған жер. 2009 жылы әкем Мұрат, жолдасым Роберт және балаларымыз, Ләйлә апамыздың ұлы Диар – бәріміз Жидебайда, Ақшоқыда, Кеңгірбай бидің басында, Бөріліде, Сырт Қасқабұлақта болдық. Жидебайда балаларым Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқыды. Абай ауданындағы тарихи ескерткіштерді араладық. Абай мен Мұхтар еліне жыл сайын баруды отбасылық дәстүрімізге айналдырғанбыз. Қазір Жәми мен Нәзір мектепте оқиды. Роттердам университетінің заң факультетін, магистратурасын аяқтаған Жәнел қазақтың әндерін тәп-тәуір орындайды.
– Әңгімеңізге рақмет.