Баян Есентаеваның ең сәтті жобасы «КешYou» тобының тұсауы 2006 жылы 10 сәуірде кесілген. Алғашқы топ мүшелері Баян ханымға өздері келіп, продюсер болуын өтінген. Бұл салада тәжірибесі болмаса да, танымал тележүргізуші әрі актриса қыздарға қолдау көрсету үшін қаражат іздей бастайды.
Айналасындағылардың «еңбегің өнбейді» деген сөзіне құлақ аспай, іске кіріседі. Содан бері Баян ханым осы күнге дейін «КешYou» тобының гастролдік сапарына, сахналық киіміне, пиарына жалпы $2 миллионнан астам ақша жұмсаған екен. Ал топ продюсерге тек алтыншы жылы ғана табыс әкеле бастаған. (2014 жылы $689 мың табыс әкелген).
10 жылдың ішінде КешYou құрамында көп өзгеріс болды. Алғаш топтың құрамында Зумрад, Әнел, Маржан сынды үш қыз болған. Артынша Маржанның орнына Мөлдір Әуелбекова келді. Поп-рок бағытында ән айтатын топ «Мама», «100 дней любви» атты өлеңдерге бейнебаян түсіріп, көпшілікке ұсынады. Кейін Зумрад Гараеваны Наилә Зәйітова алмастырады. Осы құрам кезінде «Әлия», «Сүгірдің термесі», «Персона» өлеңдеріне бейнебаян түсіреді.
Белгісіз себептермен Нәиля топ құрамынан шығып, бөлесімен бірге Bionic тобын құрады. Ал Нәиләні Кәмшат Жолдыбаева алмастырады. Бұл құрам халық есінде «Әдемі қыз» әнімен есте қалған. Артынша бұл әнді Мөлдір Әуелбекова жеке әнші ретінде орындап, «Ғашық жүрек» фильміне түседі.
Топтан Мөлдір Әуелбекова мен Әнел Әрінова кеткен соң «Алтын құрамның» дәуірі келеді. Алтын құрам деп отырғанымыз – Кәмшат Жолдыбаева, Жанар Дұғалова, Айдана Меденова. «КешYou» тобының бүгінгі жас құрамын осы алтын құраммен салыстырады. Мұны Бағым Мұхитденова да жасырмады. Десе де, алтын құрамның үздік екенін, ол құрамдағы қыздардың жасы әлдеқайда үлкендігін, өмірде көп нәрсе көріп, тәжірибе жинақтап үлгерген әншілер екенін айтып, жас қыздарын ақтап та алды.
Дәл қазір «КешYou» тобында Жұлдыз Өмірғали, Ақбота Нұр, Балжан Бидаш есімді қыздар өнер көрсетіп жүр.
Бағым Мұхитденова «КешYou» тобының концертке дайындығы туралы: «Бүгінгі Kesh you жеке концерттерін беруге қызу дайындалып жатыр. Кім, не десе де, олардың өзгелерден еш жері кем емес. Бар болғаны олар – жас әншілер. Күніне 5-6 сағат вокалмен айналысып, қалған уақытын толықтай хореографияға арнайды. Намысқа тырысып жатқан қыздар бар уақытын дайындыққа жұмсап жатыр», – деді. Бұдан өзге концертте тек хит әндер ғана таңдалып алынатынын, КешYou тобының бұрынғы әндері толық орындалмайтынын айтты. Ал концертте бұрынғы құрамнан нақты кімдер ән салатыны әзірге белгісіз.
Дәл қазір «КешYou» тобы 10 жылдық мерейтойдан бөлек жаңа бейнебаян түсіруге дайындалып жатыр. Естеріңізде болса, Баян ханым журналистерге берген сұхбаттарының бірінде топтың 10 жылдық мерейтойына арнап фильм түсірілетінін, фильмде басты рөлді топ қыздары сомдайтындығын және оқиға желісі шынайы өмірден алынатындығын тілге тиек еткен еді. Әзірге бұл фильмнің дайын екендігі туралы ақпарат жоқ.
Биыл шығармашылық ұжымның құрылғанына 10 жыл толады. Аталған топ осы уақыт ішінде көп жетістікке жетті. Мұнымен қатар, сынға ілігіп, басы дауға қалған сәттері де болды. Осыған орай топ тарихындағы келеңсіз оқиғаларды еске алуды жөн көрдік.
2012 жылы халықты Мөлдір Әуелбекованың кетуі туралы жаңалық қатты таңқалдырды. Мұның себебін топ продюсері Баян Есентаева жасырып, оның жеке әнші ретінде танылатын уақыты келгендігін айтты. Бірі мұны пиарға баласа, енді бірі оның Бағым Мұхидинованың күйеуі Әділжанмен көңілдестігі бар, продюсер оны осы себепке бола топтан шығарды деп жатты. Десе де Мөлдір ханым «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында «Көңілге қонбайтын әңгіме ғой енді бұл! Не айтса да, өздері білсін. Ең бастысы, Құдайдың көзі дұрыс болсыншы…» деп жоққа шығарған болатын.
Әнші Мөлдір араға біраз уақыт салып, 2014 жылдың шілде айында топқа ресми түрде қайтып оралды. Бірақ небәрі 1 ай өтпей жатып, Баян ханым Мөлдір Әуелбекованың топтан кететіні туралы айтты. Бұл жолы себебін ашып түсіндірді: «Бір ғана себеп бар – денсаулығы. Дәрігерлер оған ұшуға ресми түрде тыйым салды. Командадағы жұмысының үш аптасында денсаулығына байланысты үш рет сахнаға шыға алмады. Мұндай жағдай үшінші рет қайталанған кезде, мен топ мүшесін ауыстыру туралы шешім қабылдадым», – деді.3
Инстаграм желісінде Мөлдір Әуелбекова өзінің суретінің астына «Мен өзіме кедергі келтіріп жүрген жанның барын білемін» деп жазған болатын. Мұны оқыған Баян Есентаева бар сұрақтың жауабы біреу екендігін және ол сұрақтың жауабын Мөлдірдің өзі білетіндігін, жауап бермесе, өзі жұртқа жаятындығын жазды. Көп қолданушы Баян Мақсатқызын жақтап, назар аудармауға кеңес берді.
Мөлдір Әуелбекова топқа екінші рет Жанар Дұғалованың орнына келген болатын. Көп тыңдарман екеуін салыстырып, сыни пікір жазды. Бұл жолы көпшілікке Баян Мақсатқызы емес, топтың вокалдық продюсері Бағым Мухиденова жауап жазды. Ол Мөлдірдің Жанармен салыстыруға жарамайтынын, өз үмітін ақтамағандығын, тіпті, есімін ауызға алғысы келмейтіндігін айтты. Инстаграм парақшасында «…Айтпақшы, біз оны жанымыз ашығандықтан топқа қайта қабылдаған болатынбыз, бірақ ол бұл жақсылықты түсінбеді. Біз оған табыстың кілтін ұсындық, ол болса…» деп қысқа қайырды.
5. Өткен жылдың ақпан айында әлеуметтік желілерге «КешYou» тобының экс-солисі Айдана Меденованың тойының суреттері шықты. Бір қызығы, әншінің тыңдармандары суреттерден Баян Есентаеваны көре алмады. Осыған қатысты Айдана Меденоваға сұрақтар қойыла бастады. Арада бірнеше күн өткен соң Баян Есентаева Айданаға шақыру билетті Кәмшат Жолдыбаевадан беріп жібергендігі, оның бес минут тауып, билетті өзі әкелмегендігі үшін ренжігендігін жазды. Мұны Айдана Меденова да жауапсыз қалдырмады:
«Құрметті менің оқырмандарым, сендерге Инстаграмда болып жатқан жағдайды түсіндіргім келеді: жаратқанның алдында да, Баян Мақсатқызының алдында да менің арым таза. Мен бұл адамға тек алғыс айтамын. Уақыт барлығын өзі реттейді» деп жазды.
«КешYou» тобының жаңа жас құрамын сынға алғандар өте көп. Тіпті, топтың экс-солисі Мөлдір Әуелбекова олардың өзіне сенімсіз, тәжірибесіз екендігін айтқан болатын. Баян ханым тыңдармандардың сынына жауап жазды. Олардан бүгінгі құрамды осыған дейінгі құрамдармен салыстырмауын, оларға түсіністікпен қарауын өтінді.
«КешYou» тобының жас құрамын тыңдармандар қатты сынап жатқаны бәрімізге мәлім. Суретінің астына жазылған сын көңіліне келген соң, Ақбота Нұр өзінің ресми парақшасын өшіруді жөн көріпті.