Аттыдан жаяу жүріп кегін алған
Ұлыларын ұмытпайтын, ұлықтайтын ел едік. Әйткенмен іздеушісі, жоқтаушысы, пәрменді ұрпағы барлардың ғана аты аталып, насихатталуда. Ал өзге қазақтың қаншама марқасқасын көзден кеткен соң, көңілден де жоғалтып алып жатқанымыз – өкінішті жайт. Бүгінде насихаттық жұмысы кемшін түсіп, жалпақ жұртқа жауһар туындылары дұрыс жетпей жүрген алып тұлға – әділет күрескері, ақын, әнші, композитор Жаяу Мұса Байжанұлы. Осы мақсатта белгілі өнер зерттеушілері мен қаламгерлердің ой-пікірлерін ұсынып отырмыз.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Жаяу Мұса мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді
– Өлең емізіп, өнер сауғызған өлке өз өренін өзекке тепсе, өзегіңді өксік шалмас па? Сол өксік серт болып серпіліп, дерт болып шертіліп, намысыңның найзағайын ойнатар. Шырмауы көп шырғалаңнан шырай іздер шақ емес ол. Есер обырдың ессіз әрекеті естіні есейтпей қойсын ба? Бір мүшелге толар-толмастан елден безіп, Омбы мен Қызылжарды кезіп, тыншу алмас дүниенің тылсымдарын сезіп қайтуы ғұмырының келесі кезегінің беташар сапары іспеттес.
Жаяу Мұсаның Абай, Шоқан, Сұлтанмахмұт, Иса, Тәттімбеттермен кездесуі жөніндегі айтылып келе жатқан деректер өте жұтаң. «...Жаяу Мұса әндері ауыздан-ауызға таралып, Абай ауылына да жеткен. Әндердің өзгеше құрылымына, болмысына, саздылығына тәнті болған ақын Мақай деген кісі арқылы сәлем жолдап, оны Шыңғыстауға шақыртып алады. Айналасындағы ақын, жыршы өнерпаздармен бірге Жаяу Мұсаның әндерін, өлеңдерін Абай ықыласпен тыңдаған. Музыкалық-эстетикалық талғамы қалыптасқан ақыннан ол Батыс елдерінің әдет-ғұрпы, өнері, халықтарының тұрмыс-тіршілігі жайында сұрап біледі. Абайдың ақыл-парасатына риза болған Жаяу Мұса:
Құнанбайұлы Ыбырай,
Өнерің жүр зымырай.
Бір ауыз тағылым
сұраймын,
Білмедім жұмыс түрін-ай.
Бір жақсыға бір жаман
Тұрмайды екен ұрынбай, – деп өзінің ақыннан ақыл-кеңес күтетінін білдіреді». Бұл дерек «Абай» энциклопедиясында Ә.Телғозиевтің авторлығымен берілген. Қазақ әніне өзіндік бояу-реңк сіңірген Жаяу Мұсадай дара талант иесінің мол мұрасы әлі де зерделі зерттеуді қажет етеді.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнер зерттеушісі:
Ән өнеріне жаңа мақам әкелген
– Жаяу Мұсаның қазақ музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі өте зор. Біржан сал бастаған қазақтың классикалық музыкасын үлкен биікке көтерген тұлғалардың бірі. Жаяу Мұса – дара композитор. Әні де бөлек. Ән өнеріне жаңа мақам әкелген кісі. Бүгінде оның бізге 45-ке жуық әні, бес күйі жетіп отыр. Әртүрлі нұсқаларымен қосып есептегенде шығармалары 70-тің үстіне шығып қалады. Көбі нота қалпында қағазда қалып қойды да, рухани айналымда 20-ға жуық әні жүр. Бірақ толықтай мұрасы сақталған. Себебі ол бүкіл өмірін күнделікке түсірген. Баласы да әндерін орындай білген. Артында адал шәкірттері қалған. Сондай төл шәкірттерінің бірі – Жабай Тоғанов Қарағандыда бертінге дейін өмір сүрді. Қали Байжанов, Бисмилла Балабеков, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландар көзін көріп, әнін үйреніп қалған. Затаевичтің «Қазақтың мың әніне» Әміре Қашаубаев – 13 ән, Қали Байжанов – 10 ән, Майра Уәлиқызы 11 ән бергенде, Қаныш Сәтбаев 25 ән жаздырыпты. «Егер сіз әнші болсаңыз, ұлы әнші атанады екенсіз», – дегенде, Қаныш: «Қазақта одан басқа шаруалар көп қой»? – деп жауап беріпті. Жаяу Мұсаны Жарылғапберді, Естайлар ұстаз тұтты. Біржан сал, Ақан серімен дәуірі бір. Шоқан Уәлихановпен достық қарым-қатынаста болған. Шетелдерді аралап, соғысқа қатысып, өмір көрді. Сол кездегі жетілген технологиялармен таныс болды. Көзі ашық, көкірегі ояу болғандықтан, отаршылдық саясатты жетік түсінген. Жұрт Жаяу Мұсаны Шорманның Мұстафасымен алысып өткендей көреді. Бұл – Кеңес үкіметінің таптық көзқарасы тұрғысындағы ұғым. Шындығында, мәселе одан да тереңде жатыр. Жаяу Мұсаның бай үйіндегі ақ патшаның суретін жыртуы соны аңғартады. Биліктегілер мен бұқара арасындағы шиеленіскен ахуал, жер дауы сияқты мәселелердің негізгі себебі отаршылдық жүйеде жатқанын ол жақсы сезінген. Патшаның суретін жыртып, Тобылға 12 жылға жер айдалуына себеп – көзі ашықтығы. Шорманның Мұстафасы елдегі патшаның өкілі екенін де ұғынған. Әйтпесе Шорман балаларымен соншалық жауласып қайтеді? Оның үстіне, бір қасарысса, оңайлықпен қайтпайтын қияңқылығы тағы бар. Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі Саққұлақ шешеннің Сұран деген сұлу қызын Шорманның Мұстафасы алады. Мұстафа мен Сұраннан Гауһар туады. Мұса мен Гауһар арасындағы байланыс Мұстафаның намысына тисе керек. Жаяу Мұса – ойын-сауықтың гүлі, қыздар қызығатын сол заманның серісі. Ел билеген Шорман әулеті де ешкімді місе тұтпайды. Жаяу Мұсаны қызына тең көрмейді. Осындай кішкентай кикілжің кейін үлкен дауға ұласады. Шорманның үлкен ұлы Мұса інісі сырқат болғандықтан, «қой» деп айта алмапты. Мұстафа 43 жасында 1850 жылдары қайтыс болса, Шорманның Мұсасы 1885 жылы өмірден озады. Одан кейін де қанша жау табылады. Барлығы – патшаның қойған шенеуніктері. Жер үшін тартысады. Жасыбай көлінің жағасында Жаяу Мұса әулетінің жерленген қорымы бар. Демалушылар соның қасында дискотека ұйымдастырады. Жаяу Мұсаның бабалары – малғозылардың бәрі сонда жатыр. Жаяу Мұсаға Әлкей Марғұлан, Олжас Сүлейменовтер жақын туыс болып келеді. Бұлар – Олжабай батырдың ұрпақтары. Шорман әулеті патшаға қызмет етті, қазаққа да пайдасы көп еді. Ақылды, саясаткер Шорманның Мұсасы Жаяу Мұсамен тартысқа түсуге аса құштар болмаған. Мұса Білал деген ұлын жұмсап, бір үйір жылқыға сары бүркітін айырбастамақ болғанда илікпейді. Шорманның Мұсасы мен Жаяу Мұса арасындағы қақтығыс Жәңгір хан мен Махамбет, Жанбота мен Біржан сал арасындағы дау іспетті отаршылдық салдары тұрғысынан қаралуы тиіс. Жаяу Мұса қажыр-қайратының арқасында ұзақ жасады. 1929 жылы 94 жасында дүниеден озды. «Жауларымның бәрін жеңдім. Өйткені олардың маған өмірі жетпеді», – депті ол.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, өнер зерттеушісі:
Аспаптың алуан түрін меңгерген
– Жаяу Мұса сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз болған ғой. Домбырамен қоса, бірнеше еуропалық аспапта ойнай білген. Әншілігімен қоса, өз жанынан күй шығарып тартқан дейді. Кенен, Жамбыл тәрізді әнші-композиторлардың да жекелеген күйлері бар. Олардың түпнұсқалық тартылуы бізге жетпей, тек нота үлгісінде сақталған. Нотаның қаншалықты дәрежеде түскені беймәлім. Тура сол нотадағы қалпында шығарсақ, күй заман талабына сай келмей қалады. Сондықтан күйшілер репертуарына енбей жүр. Сол себепті Жаяу Мұсаның күйшілігі тыс қалып, әншілігі айтылады. Жаяу Мұса мен Мәди Тәттімбеттің күйлерін орындаған деген дерек бар. Жаяу Мұса әндері Тәттімбеттің күйлері сияқты иірімге бай болып келетіні – соның әсерінен. Тәттімбетте теріс бұраудағы күйлер көп. Жаяу Мұсада да басқа композиторлармен салыстырғанда теріс бұраумен тартылатын әндер басымырақ. Әбікен Хасенов Жаяу Мұсаның «Ләйлім» әнін күйге айналдырып тартқан. Ол күйтабаққа түсіп, біздің заманымызға жетті. «Ләйлім» күйін Хабиба Елебековаға Әбікен Хасенов үйретіп кеткен екен. Сол Хабиба апамыздан әннің сөзін де алып, «Сарыарқа әндері» жинағына кіргіздік. Жаяу Мұсаның Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Қосымжан Бабақов сияқты орындаушылардан жазып алынған әндері ғана таралып жүр. Нотаға түскен оның көптеген мұрасы сахнаға шықпай келеді. Жаяу Мұса Арқаның сал-серілік дәстүрінде өзіндік мектеп қалыптастыра білді. Ол кісінің көп жер көрген, көп оқыған білімдарлығы ескерілуі тиіс. Еуропадағы әртүрлі әскери жорықтар сапарынан алған әсері ән өнеріне маршқа ұқсас екпінді ырғақтар ретінде көрініс тапты. Жаяу Мұса – өмірде көп қудалауға түскен тұлға. Әндері де күрескерлікке толы. Қайтпас қайсарлыққа, жігерлілікке үндейтін Жаяу Мұса шығармаларын Дина Нүрпейісова да жоғары бағалаған екен. Дина шешей тіпті күрескер рухтағы әндерді Құрманғазының жалынды күйлерімен шендестіре қараған көрінеді. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Құлтума, Жарылғапбердідей сал-серілер жәрмеңкелерде ән айтысып, бір-бірінің жаңа әндерін үйренетін болған. Жаяу Мұса әндері – мәңгілік өлмейтін асыл мұра.