Белгілі ақын әрі журналист, профессор Бауыржан Жақып телеарналарда журналист болып істеп жүрген әртістерден шаршағанын айтты.
Білікті маман мұны БАҚ саласындағы кәсіби шеберліктің игерілмей жатқандығымен байланыстырады. Ол телеарналардағы хабарларды журналистер қауымы өздері жүргізуі керектігін алға тартты.
«Жалпы, әрбір кәсіби маман өз жұмысын атқаруы тиіс. Журналистер теледидардағы тізгінді өз қолдарына алулары керек. Өкінішке қарай, әзірге көптеген телеарналарда әншілер, әртістер жүргізетін жеңіл күлкіге, жеңіл әзілге құрылған хабарлар көбейіп кетті. Бұл көңілге кірбің ұялатады», – деді Бауыржан Жақып өз сөзінде.
Сондай-ақ, журналист маман Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу бағдарламасына журналистер қауымына арналған тұрақты шеберлік сыныптарын енгізуді ұсынды.
«Журналистика – шығармашылық мамандық. Қазір заман талабына сай бұл салада көп өзгерістер орын алып жатыр. Жаңа бағыттар қолға алынуда”, – деп сөзін жалғастырды Бауыржан Жақып.
Профессордың айтуынша, осы арқылы белгілі, тәжірибелі БАҚ өкілдері келіп, жастар арасында біліктілікті арттыру, дамыту бойынша шеберлік сыныптарын жүргізе алар еді.
nur.kz