Асхат Садырбай: "Өсек таратушыларды журналист деп есептемеймін"

Асхат мырза, эфирге қайта оралуыңызбен! Сұрақты мынадан бастағым келіп отыр. Cіз жүргізіп жүрген «HitQazaqstan» музыкалық жобаcы Ұлттық арнаның статусына кері əсер етпей ме?

Бұл жобаны шығару — Ұлттық арнаның идеясы. Осындай жоба болса, эстраданың бейнебаяндарын көрсетіп және оларды бір-бірімен салыстырып, жылдың соңында «Гремми», «Золотой граммофон» сияқты үлкен концерт өткізіп, марапаттасақ деген Ұлттық арна басшылығының ойы. Сосын біз ол идеяны іліп әкетіп, осындай форматты дүниеге әкелдік. Статусқа келер болсақ, бұл арзан өсек аяңға құрылған бағдарлама емес. Статусқа ешқандай кері әсер етпейді деп ойлаймын. Керісінше, ұлттық арнаға жастар мен жасөспірімдер аудиториясы көптеп тартылады. Қазір байқасаңыз, мұндай музыкалық бағдарламалар көп болғынымен, отандық клиптер арасындағы чарт тек «Gakku» арнасында бар. «MuzZone» арнасында кез келген тілдегі әншілер жарыса береді, ал бұл көп әншілердің мүмкіндігін шектейді. Одан кейін біздің музыкалық телеарналардың өзінің саясаты, өз аудиториясы мен өз әншілері болады. Ол арналардан барлық әнші экранға шықпайды, тек белгілі 10-20 шақты әншінің ғана клипі айналады. Оған қоса көп жағдайда танымал әнші болсаң шығасың, ал танымал болмасаң, шықпайсың деген сияқты критерийлері бар. Ал біздің бағдарламада бәрі басқаша. Бастысы бейнебаян сапалы болса, эфирге шығарамыз. Әрі олардың үздігін көрермен таңдайды, дауыс беру арнаның сайтында тегін жүзеге асады. Жылдың соңында нәтижеге байланысты ең үздіктері марапатталады. Сондықтан мен бұны керісінше дер кезінде қолға алынған жоба дер едім. Эстрадада кімнің клипі қандай деп сараптау жоқ, өнері болғанымен шыға алмай жүрген әншілер де бар. Мысалы, қазір сіз жас әнші болсаңыз, сапалы клип түсіресіз, бірақ музыкалық арналарға бірден кіріп кете алмайсыз. Ол жаққа кіру үшін сіз танымал болуыңыз керек немесе үлкен қаржы сұрайды. Қаржыны бере алмайды, ал танымал болуы үшін әнші не істейді? Әрине, бір жерден шығуы керек қой. Біздің бағдарламада танымал әншілермен қатар танымал еместері де экранға шығады. Яғни, олардың танылуына септігі тиеді. Мысалы, Димаштың жетістігі дүниені дүр сілкіндірген жаңалық болды ғой. Қазақтан шыққан жас жігіт сондай белесті бағындырып, Қытайды мойындатты. Сол Димаш ортамызда жүргенде оны бәріміз бағаладық па, білдік пе? Тек Қытайға барғасын жаппай мойындалды. Сондай жастар өзіміздің арамызда жүрген шығар?! Қазақта дарынды жастар көп, бір жағынан соларға қолдау болсын деген мақсатта ойластырылған жоба.

Бағдарламадағы бейнебаяндарды арнайы көркемдік кеңес қарай ма? Қандай талаптары бар, мысалы қысқа киген қыздар мен боянған жігіттер де жүр. Екіншіден, қазақы үлгідегі Дана Маханбаева мен хип-хоп жанрындағы «91»тобы сияқты екі бағыттағылар бірге көрсетіледі екен… Нәтижесінде жаңа бағыт көп дауыс жинап жатыр.

Бұл жерде жаңа айтқанымыздай, ешкімді алаламаймыз. Ол ауылдан шыққан жігіт болса да, қаланың «гламурный» қызы болса да сапалы бейнебаяны болса, шыға береді. Бұл жерде көп нәрсе көрерменнің дауысымен шешіледі. Біз бағдарламаны бастаған кезде сондықтан бөлек үміткерлерді де көрсетіп отырдық. Егер осыған дауыс берсеңіздер, олар да қосылады дегенді түсіндірдік. Біз оны күн сайын көрсетіп отырмыз, қазір жарыста Дана Маханбаева да, Қайрат Нұртас та, Зируза деген әнші де бәрі-бәрі жүр. Бірақ көрерменнің көп дауысы жаңа сіз айтқан әншілерге келіп түсіп жатыр. Өкінішке орай, біздің қазақи аудитория қазақы әндерді тыңдағанымен дауыс беруге келгенде белсенділік танытпайды. Бұл жерде біз көрерменге барынша жағдай жасадық. Кез келген жерде сайтқа кіріп дауыс бере берсе болады, әрі ол тегін. Әрбір әнші өзінің жанкүйерлері арқылы танылады. Мысалы, Қайрат Нұртасты алар болсақ, ол біздің эстрадамызға келген ерекше құбылыс болды. Ол өзінің жанкүйерлерінің арқасында Қайрат Нұртас болды. Яғни, қазір оның әндерін тыңдайды, табатын табысы да мол. Былайша айтқанда, бұрын өзге елдің әншілерін тойға шақыратын қазекең енді өзіміздің өнерпаздарды шақыратын дәрежеге жетті. Сыртқа кететін сол қаржыны өзіміздің әншілердің қалтасына салып береді. Бірақ олардың да аудиториясы азаяды, орнына жаңа дүние келеді. Қазіргі жастар «q pop» сияқты жанрларды, жаңашылдықты таңдайды. Сондықтан бұл да бір сондай тенденция сияқты.

Негізі журналистердің көпшілігі музыкалық хабарларды мойындай бермейді. Өзіңіз сараптамалық, танымдық хабар жасағыңыз келмей ме?

Иә, дұрыс айтасыз! Маған «Осы ма жасап жатқаның?», «Әншілер жайлы бағдарламадан шаршамадыңдар ма?» деп сын айтқандар да болды. Шыны керек, менің өрем де, тәжірибем де бұдан да ауқымды жобалар жасауға жетеді. Өзім іздендім, оқыдым, зерттедім, қазір де оқып жүрмін. Бірақ әзірге бұйырғаны осы болып тұр. Алдағы уақытта әлеуметтік мәселерді көтеретін ток-шоулар да жасағым келеді. Оны жасау да, жүргізу де бір күні бұйырар.

Ал «HitQazaqstan» бағдарламаcын арзан дүние деп айтпас едім. Білесіз бе, бұл әншілер туралы бағдарлама емес. Бұл музыкалық хабар және қазіргі біздің жастарымыз әншілерге қарап еліктеп, музыкамен тәрбиеленіп жатқаны белгілі. Сондықтан бұл жерде тек музыка емес, жастардың мәселесі де тұр деп қарауға болатын шығар?! Бұ жерде біз жастардың талғамын қалыптастыру, ұлттық дүниелерге бетін бұру үшін жұмыс істейміз. Жаңа өзіңіз айтып жатырсыз, Дана Маханбаеваның қазақи бейнебаяны мен «91» тобы бір шеруде жүр деп, «91»-ді тыңдайтын аудитория тек оларды тыңдап жүре бермей, Дананы да көру керек. Ал ол басқа арналарда бұлай қатар көрсетілмейді. Біз бағдарламада осындай да әншілеріміз бар, мынадай салт-дәстүрлеріміз бар деп насихаттап отырмыз. Жастардың талғамы осындай деп олардың бетін жауып қоюға болмайды, керісінше олармен сөйлесіп, тілдесіп, әртүрлі нұсқаларды ұсыну керек. Мүмкін оларға басқа да дүниелер ұнайтын шығар? Жастарға сол әндерді тыңдатудың әртүрлі жолын қарастыруымыз керек. Бұл да соның бір жолы деп ойлаймын.

Өзіңіз бірнеше жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп жүрсіз ғой. Сіздің ойыңызша, жастарға ұлттық музыканы тыңдатудың қандай жолдарын қарастыру керек?

Менің ойымша, біздің дәстүрлі әншілермізге модернизация керек. Мен бұны бірнеше рет айттым да, өкінішке орай, біздің көп әншілеріміздің киімдері жұпыны, олар стилист, имиджмейкерлер, пиар мамандарымен жұмыс істемейді. Сапалы өңдеу, бір креатив табу деген жоқ. Кретив деген ол шаш бояп, сырға тағу емес, ол жерде көп дүние бар. Мысалы, «Ұлытау» тобының кезінде жасаған резонансы кретив дер едім. Күйлерімізді солардың аранжировкасынан кейін көп елдің адамдары тыңдай бастады. Оларды біз кез келген елде мақтанышпен көрсете аламыз. Егер «Ұлытау» болмағанда, біздің көптеген күйлерімізді жастарымыз білмейтін бе еді деп ойлаймын. Шынымен де заманға сай жаңартып, жаңғыртып ұсынып отыру керек. Біздің көп әншілеріміз жаңашылдыққа талпынбайды. Көп жағдайда арзан көйлек, арзан аранжировка, арзан костюм киіп жүреді. Ал жастардың талғамы жоғары, себебі олар шетелді таныды, Кореяны, Американы көрді. Олар енді арзан дүниені қабылдамайды. Сондықтан бұл бәсекелестікті әншілер біліп, жауапкерлішілікті сезінуі керек. Сол жастардан озып шығу үшін, қайта іске кірісу керек. Бұл жоба біздің ұйықтап жатқан біраз әншілерді қамшылайды.

Сіз халықаралық жобалармен де жұмыс істеп көрдіңіз. Осы орайда, біздің шоу бизнесті сараптап көрейікші, кемшін тұсы қандай? Өзіңіз айтқандай «бардак» болуына не себеп?

Оған себеп өте көп. Мысалы, бізде концерттердің өтуі, билеттердің өтуі, альбомдардың сатылуы бір жүйеге қойылмаған. Шетелдермен салыстырғанда бізде көп нәрсе дамымаған. Енді-енді қолға алынатын шығар деп ойлаймын. Басқа елдерде музыкаға, әншінің лицензиясына үлкен мән беріледі. Заңмен жұмыс істеп, үлкен мөлшерде қаламақылар төленеді. Енді біздің менталитетіміз басқа әрі біздің әншілердің негізгі табыс көзі-той. Концерт пен гастрольден ғана тапқан ақшаға күн көру қиын. Біздің халық күн сайын тойға барады, күн сайын сол әншілер алдында ән айтып жүр. Кеше ғана тойда көрген әншінің концертіне кім барады? Ешкім бармайды! Бізде той бар кезде концерт беру жүйелі түрде дамиды деп айта алмаймын. Тағы бір мәселе аға-буын мен інілердің арасындағы байланыстың болмауы. Мәселен, шықпай жатып «Жұлдыз» болғандар, инстаграмдағы кішкентай аудиторияның мақтауына «семіріп» жүрген әншілер жетерлік.

Бір жазбаңызда осы аға буын мен іні буын өнерпаздарының бір-бірін сыйламайтынын жазыпсыз. Сіздің ойыңызша, екі буынның арасы неліктен үзілді?

Білмеймін, оған өздері кінәлі деп ойламын. Диалог жоқ, болмаған. Яғни, көп жас әншілер шықты, оларға жанкүйерлер де лап ете қалды. Жастар бірден атақ пен мансапты көтере алмай қалған шығар?! Ал аға буын өкілдері оларға демеу көрсетіп, қолдаған жоқ. Былайша айтқанда, ешкім өзінің сахна төріндегі орнын бергісі келмейді ғой. Сондықтан олар жастар келіп жаулап алады деп күтпеді. Тарихқа үңілетін болсақ, кез келген өнерпаздың жалындайтын уақыты жастық шағында. Кезінде Роза Рымбаева жарқ етіп шықты, сол атағымен әлі келе жатыр. Мақпал Жүнісова да, «МузАрт» пен «Орда» тобы да солай. «Орда» тобының соңғы жазған әндерін білмейді екенмін, бірақ әлі күнге дейін «Орда» болып келе жатыр. Талантты жастар келіп жатса, оларды мойындау қажет, қолдаған дұрыс, бірақ олар да «жұлдыз» ауруға шалдықпауы керек.

Сосын біздің қазақы әншілердің жанкүйерлері белсенді емес деген пікір бар. Қаншалықты рас?

Иә. Оған қазір көзіміз жетіп отыр ғой. Менің музыкалық бағдарлама жасамағыныма бірнеше уақыт болып қалды, «Еларна» арнасындағы «Сүйінші» хабарынан кейін жасамадым. Маған шынымен жанкүйерлер осылай жұмыс жасап жатыр ма, әлде журналистер әсірелеп айтып жатыр ма деген дүние қызық болды. Мен қазақи әншілердің аудиориясы оларға шөліркеп отырған шығар деп ойлағанмын, бірақ нәтиже басқа болып отыр. Жаңа имидж, жаңа стильмен шығып жатқан жастардың аудиориясы неғұрлым көп. Ал бұрыннан келе жатқан орындаушылардың аудиориясының белсенділігі өте төмен.

Демек қазір фанаттардың саны артқан сияқты. Осы фанатизмнің көбеюі қауіпті емес пе?

Мәселе біздің қандай фанатизм жайлы айтып отырғанымызда. Әртістерге, әншілерге деген фанатизм бұрын да болған. Айталық, біздің алдымыздағы буын Высоцкий, Виктор Цой, «Дос Мұқасандардың» фанаты болды. Біздің кезімізде «Backstreet Boys» деген топ шықты, мен солардың кәдімгідей фанаты болып, альбомдарын жинайтынмын. Содан кейін «МузАрт» тобы шыққанда оларға еліктеп қаншама топ шықты. Олардың әндерін күні-түні тыңдадық. Концерттеріне келетін жастардың, қыздардың саны қандай болды? Бұл құбылыс бұрын да болды. Бірақ ол белгілі бір өтпелі кезеңде болатын уақытша нәрсе деп ойлаймын. Одан келер ешқандай қауіп-қатер жоқ. Бұл біз қаласақ та, қаламасақ та өтпелі кезеңде екі-үш жыл болатын құбылыс сияқты. Бар мәселе тәрбиеде! Ұрпақтың тәрбиесімен теледидар емес, ата-ана айналысуы керек.

Негізі жастардың шаш бояған, сырға таққандарға еліктеуінен емес, керісінше тексіз, сауатсыз, мәдениетсіздерге еліктеуінен қорқу керек. Қазақы әншілердің бәрі жақсы, ал «q pop» орындайтынның бәрі жаман деген қағида жоқ. Олар қайырымдылық істерімен, жақсылықтарымен жастарды еліктірсе, оған біз неге қуанбаймыз? Мейлі ол қай жанрдағы әнші болсын сауатты, мәдениетті, текті қазақтың ұрпағы болса, оған жастар еліктей берсін. Қазақи әндер салып, өмірде арақ ішіп, шөп шегіп, ешкімді сыйламайтын, аузы боқтыққа толы әншілерге еліктегеннен «91»тобына еліктесін. Себебі ол топтағы жігіттердің бәрі мәдениетті сияқты. Мысалы үшін ертең олар біздің шеруде төмен орында қалса да, дөрекілік танытпайтындарын білемін. Сосын мен соқыр фанатимзнен қорқамын! Біреу «Алға» десе «Алға-а-а!!!» деп соңынан еріп кете беретіндерден қорқамын. Ол өте қауіпті нәрсе. Біздің жастардың өзінің жеке көзқарасы, танымы болып, кез келген дүниені талдап, сараптай білуі керек.

Мәдениетсіздік дегеннен шығады… Өткен аптада парақшаңызға бейнебаяны бәйгеден қалып қойған өнерпаздың дөрекілігін жазған едіңіз. Кейін алып тастадыңыз. Сіздің салмақты екеніңізді білеміз, осындай қадамға барғаныңызға қарағанда қатты ашуға тиген сияқты ғой… Бәрінің білгісі келетін сұрақ, оның кім екені?

Ол әншінің атын айтпай-ақ қояйын. Егер шынымен де іс насырға шабатын болса, сотқа да барар болсақ оның боқтық сөздерді айтқаны, жазғаны бәрі сақталып тұр. Мен оны сол кезде қажет болса қолданамын. Ал әзірге үндемеймін, ол тараптан да әзірге тыныштық. Біз телефонмен де сөйлестік, ол жерде де менің адресіме көптеген орынсыз боқтық сөздер айтылды. Жәй сөзбен мәдениетті түрде түсіндіруге тырыстым, өзім «шок» болып қалдым. Ол жазбаны салуымның себебі — көп жанкүйерлер «Анау жеңу керек, мынау жеңуі керек еді» деп сөз таластырып кетті, соларға «Дауыс бермейсіздер, сосын маған ренжисіздер. Дауыс беріңіздер, біз де қарғыс алғанша, алғыс алайық!» дегенді айтқым келді.

Сіз парақшаңызға «91» тобы мен Төреғалидің жинаған дауыстары көрсетілген сурет салдыңыз. Содан кейін жұрт оны Төреғали деп жорамалдауда…

Мен Қайрат Түнтеков, Төреғали, Бейбіт Кушкалиев, «МузартЛайф» туралы 4 бейне салдым. Сол жерде мен Төреғали 8 орында, «91» тобы 1 орында деген кезде жанкүйерлер «Бұл қалай? Ол өтірік!» деп менің адресіме түрлі жаман сөздер келгесін сол нәтижені салып қойдым. Негізі бізде әншілердің дауыс нәтижесі көрерменге көрсетілмейді, бірақ мен көрсетуге мәжбүр болдым. Өйткені жанкүйерлер «Біз дауыс бердік, Бұл-әділетсіздік!» деп шулағасын, дәлел көрсеуге тура келді.

Дөрекелік көрсеткен әнші туралы жазбаны бірнеше уақыттан кейін өшіріп тастадыңыз. Оны сол өнерпаздың айтуымен өшірдіңіз бе, əлде…

Жоқ, сол мәтінді өшіріп, пікір қалдыруды да алып тастадым. Себебі жанкүйерлер тарапынан көптеген дөрекіліктер байқалып, бір-біріне жаман сөздер жазып тыныштық болмай кетті. Жазбаны алуға ол әншінің қатысы жоқ. Ол жазба барлық сайттарда жүр. Қажет болса оны кез келген уақытта қайта шығара аламын. Сонда жұрт кімнің-кім екенін біледі. Қазір өйтіп журналистерді қорқытып, боқтық сөздермен үркітетін заман емес екенін кейбір әншісымақтар білсін. Заң бар, бәрін тәртіппен шешуге болады. Сол үшін ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болу керек.

Шыны керек, өзіңіз туралы жағымсыз ақпараттар көп тарайды. Бірақ ешбіріне қарсы уәж айтпайсыз. Бұны қалай түсінуге болады? Үнсіздік келіскеннің белгісі ме, әлде ақымақпен ақымақ болудан қорқасыз ба?

Біріншіден, ақымақпен ақымақ болғым келмейді, екіншіден, мен ешқашан ешкімнің алдында ақталмаймын. Менің атымнан кім не айтса да ол өздерінің еріктері. Мен біреу жаман айтты деп жаман немесе жақсы айтты деп жақсы болып қалмаймын. Мен қандай бармын, сондай болып қала беремін, ешкімнің алдында есеп бермеймін. Тек Алланың алдында есеп беремін, негізі Алланың алдында бәріміз есеп береміз. Менің қандай адам екенімді жанымда жүргендер жақсы біледі. Қандай дос екенімді достарым біледі. Қандай бауыр екенімді бауырларым біледі. Қандай әке екенімді ұлдарым біледі. Ал дұшпандарым не біледі, не айтады де ойлайсыз?)) Біреуді жаман дегеннің өзі жаман, біреуді жақсы дегеннің өзі жақсы.

Ал жағымсыз пікірлерге қазір көңіл бөлмеймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен туралы жаман сөз айтылса, жүрегім ауырып, қиналатынмын. Қазір шынымды айтсам, етімнің үйренгені сонша, былқ етпейтін де болдым. Не жазылатындарын, әрине, білемін, бірақ көңілге алмаймын. Біреулер айтса сенбес едім, қалай өзі туралы айтса мән бермейді деп. Шын мәнінде адам піседі екен. Мен қазір пісіппін, сосын мән бермеймін.

Осы орайда сіз туралы жалған ақпарат таратып отырған журналистерге өкпеңіз бар шығар?

Мен оларды журналист деп санамаймын. Сондықтан оларға ренжімеймін, ол журналистика емес. Ол-сары басылым. Олар мен туралы өсек жазып нан тауып жеп отырса, бала-шағаларын бағып отырса бақытты болсын! Басқа не деймін?! Басқа ештеңе қолдарынан келмесе, сараптама жаза алмаса, пайдалы дүние жасай алмаса, не істейсің?

Ал, жала жауып, өсек ойлап тауып таратқыштарды енді заңмен қудалаймын. Өйткені әрнәрсенің шегі болады. Кім болса, ол болсын іздеп табамын, қажет болса, арыз да жазамын.

Әңгімені сол журналистикамен жалғастырсақ, қазіргі журналистикаға көңіліңіз тола ма? Жақында әріптесіңіз Дина Төлепбергеннің «Егер мен Білім министрі болсам, журналистика факультетін жауып тастар едім…» деген сөзі біраз шу тыдырды. Сіз бұл орайда не айтар едіңіз?

Журналистикаға көңілім толады немесе толмайды деп те айта алмаймын. Қазір көп мәселе талқыланып, жаңа заң қабылданады деп жатыр. Ол заң көп журналистердің ашуына тиіп, сұрақтар туындатты. Бірақ ақылдаса келе журналистерге де, қоғамға да пайдалы шешім болатын шығар деп ойлаймын.

Дәл қазір оқытылып жатқан журналистикаға түсуге мен де кеңес бермеймін. Себебі көңілім толмайды, әрине жақсылары да бар. Бірақ практикасы мен заманауи журналистиканы үйрететін мамандар аз. Өкінішке орай, олар баяғы теориямен отыр. Оныншы айфон шығып, интернет журналистика дамып жатқанда осыдан отыз жыл бұрын газетте жұмыс істеген ағай немесе апай сізге не үйретеді? Себебі соңғы жиырма жылда көріп келе жатқаным, оқу бітіріп келген жастар сюжет жасамақ түгілі, мәтін жаза алмайды. Дұрысы қазір филология, заң немесе экономиканы оқысын. Ал журналистикада сен ештеңені тереңдетіп оқи алмайсың. Не тарихты, не құқықты, не филологияны дұрыс оқымай, әрқайсының басынан шаласың. Соның ішінен жаңағыдай сары басылымдарда отыратындар шығатын шығар. Бірақ мен журналистика факультетін жауып тастау керек деген пікірмен келіспеймін. Жою оңай, қалыптастыру қиын. Керісінше, еліміздегі журналистика мектебін күшейту керек. Университетте берілетін сабақтың сапасын арттырып, сапалы журналистерді тәрбиелеу қажет. Ал қазір журналистиканы жауып тастап, кез-келгенің журналист бол десең, бәрі бола алатын шығар, бірақ ол-әуесқойлық. Ал журналистика — әуесқойлық емес! Бұл жерде зерттеу, сараптама, терең ой мен тіл бар. Бастысы білім сапасын арттыру керек.

Мектеп дегеннен шығады, өзіңіздің заманауи тележурналистиканы үйрететін мектебіңіз бар. Осы туралы да айта отырсақ, қандай нәтиже көрсетіп жатыр?

Мектеп шүкір, жұмысын жүргізіп жатыр. Маған көп жастар жазады, біз сізде оқығасын жұмыс таба аламыз ба, істей аламыз ба деп. Иә, мен жастарды жұмысқа икемдеймін, тіпті бір-екеуіне көмектесермін де, бірақ бәріне жұмыс тауып бере алмаймын. Екіншіден, мен телевизия және интернет журналисткаға даярлаймын. Мүмкін олардың газетке, радиоға барғысы келетін шығар. Ол кезде оларға көп оқу керек болады.

Осы жылдың мамыр айында оқушыларыммен Түркияға барып келдік. Ол жерде «ТРТ world» деген әлемдік BBC, СNN сияқты арналармен тең тұратын үлкен әлемдік арна бар. Мен сол жаққа қазақтың жастарын алып барып көрсетіп, олардың мамандарының тәжірибесін көрсетіп келдім. Олар әлемдік арналардың қалай жұмыс істейтінін көріп, білімін, жұмыс істеу тәсілін үйреніп қайтты. Менің де мақсатым сол болатын, яғни, біздің жастарымызды сондай халықаралық журналистермен кездестіру, білімдерін шыңдау.

Одан кейін қазір жаңа жобалармен айналысып жатырмын. «HitQazaqstan»нан кейін Ұлттық арнада көрсетілетін «SilkWayStar» деген халықаралық үлкен жобаны жүргізгелі жатырмын. Ол да біршама уақытты алады екен. Шынымды айтсам, осы жылдың күзінде мектебіме бұрынғыдай көп көңіл бөле алмай тұрмын.

Енді әңгімені жеке өміріңізге қарай бұрсақ. Жақында Сізді көп уақыт ұлыңызбен кездеспеген деген қауесет тарады. Бұл қаншалықты рас?

«Бірнеше жылдан кейін баласымен кездесті» деген мақала шыққанда шок болдым. Мен баламмен кездесіп, сөйлесіп жүрмін, Құдайға шүкір. Иә, отбасы болған соң, арамызда біраз түсініспеушіліктер болғаны да рас. Оның барлығы менің жеке өмірімде болып жатқан жағдай болғандықтан, жұртқа қатысы жоқ деп ойлаймын. Бірақ мен ұлымның суретін салғанда осындай мақала шықты. Десе де бұл өтірік, менің баламмен байланысым ешқашан үзілген емес.

Ол отбасыңызбен айырылысқаныңызға біраз уақыт болса да әлі сол тақырып жабылмай келе жатыр. Бұған үйдегі жарыңыз қалай қарайды?

Мен жарыма үйленбей тұрып, бұрын отбасым болғанын, ұлымның бар екенін айтқанмын. Біледі, түсінеді. Ал енді баспасөзде болып жатқан у-шуға не істей аламын?! Менің ел алдында жүрген азамат болғандығымнан солай болатынын біледі. Сыртта жүрген адам емес, күнде жанымда жүргендіктен, мені одан артық кім түсінеді?

Иә, дұрыс айтасыз! Асхат мырза, уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Ісіңізге табыс тілеймін!

ikerim.kz
Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста