Мамырдың 24-28-і аралығында әсем Астана тәтті күй сазымен тербелетін болды.
Аптаның алғашқы күні Президенттік мәдениет орталығында аталған конкурстың ашылу салтанаты болды. Дауылпаз күй атасының «Сарыарқа» сынды ғажап туындысын он жас домбырашының дүркірете орындауымен шымылдық түрген шара жұртты бірден баурап ала жөнелді. ХІХ ғасырдың орта шені қазақ даласында төлтума музыка өнерінің айрықша жаңғырған кезеңі саналады. Осы кездегі ұлттық музыка өнеріндегі дара тұлғалардың бірі Құрманғазы Сағырбайұлы болғаны белгілі. Қазақтың жанындай кең даласын даңғыл кеудесінен күй етіп шалқытқан атақты Құрманғазы есімі бүкіл қазақтың биікке ұстар жалауындай мәңгі жығылмай, жарқырап тұрары даусыз. Осындай ұлы күйшіге құрмет ретінде бастау алған аталмыш байқау 1987 жылдан бері екі жылда бір рет дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Өнер бәйгесінде «домбыра, шертер», «қобыз, қылқобыз» және «сырнай» номинациялары бойынша музыкалық білімі бар, конкурстың талап-шарттарын толық меңгерген 16-32 жас аралығындағы өнерпаздар бақ сынайды. Елдің төрт бұрышынан жиналған күйшілердің қатары 50-ден астам екенін де айта кетейік.
Сайыскерлер конкурс талабы бойынша әр кезеңде Құрманғазының 25 күйін, шетелдік композиторлар мен қазақ күй алыптарының қазіргі заманғы және классикалық туындыларын жатқа орындауы тиіс. Конкурсқа Айтжан Тоқтаған, Ғалия Молдакәрімова, Карима Сахарбаева т.б. танымал тұлғалар қазылық ететін болады. Президенттік мәдениет орталығында қызмет ететін алдаспан ақын Еркебұлан Қайназаров байқауға беташар жыр арнады. Қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысқан шарада мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз алып, сайыскерлерге сәттілік тіледі. Шараны аталған министрлікке қарасты «Қазақ әуендері» ұйымдастырып отыр.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, мәдениет министрі:
– Біз бүгін Қазақстандағы ең бір қастерлі, ең бір қадірлі конкурсқа жиналып отырмыз. Абайдың шығармалары поэзия тілімен жазылған қазақ өмірінің энциклопедиясы болса, Құрманғазының шығармалары – күй тілімен жазылған қазақ өмірінің шежіресі. Өнердегі құдірет дәл Құрманғазының күйлеріндей әр қазақтың жүрегінің төрінен орын алған емес. Құрманғазы шығармалары, әлемге әйгілі музыкатанушылардың айтуынша, өзінің құдіреттілігі мен тереңдігі, алуан нақыштылығы жөнінен әлемнің атақты композиторлары Бах, Гайдн, Моцарт, Бетховен, Вагнер шығармаларынан еш кем емес. Сондықтан бүгінгі конкурстың Құрманғазының атында болуы «бұл – қазақтың атындағы конкурс» деген сөзбен пара-пар.