Білім саласында жағымды жаңалық. Елордамызда Қазақстан Республикасы математика пәні мұғалімдерінің І съезі басталды. «Қазақстан мектептерінде математикалық білім беру ісін дамыту: қазіргі жай-күйі мен даму болашағы» тақырыбында өткен жиын «Қазақстан» орталық концерт залында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен ашылды. Онда математика мұғалімдерін даярлау, дарынды оқушылармен жұмыс жасау, математика оқулықтарын әзірлеу және басқа да математикалық білім берудің өзекті мәселелері талқыланды.
Отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуы мен өтіп жақтан cъезге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдап жіберіпті. Хатты Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев оқып берді. «Бұл мәртебелі жиын республика үздік математиктерінің, білім беру саласы көшбасшыларының, жетекші ғалымдардың, белгілі әдіскерлер мен жаңашыл педагогтердің басын қосып отыр. Мен елімізде сапалы білім беру ісіндегі ұстаз рөлінің маңыздылығын түсіну қалыптасқанын қанағат сезіммен атап өткім келеді. Бүгінгі заман талабына сай мұғалім – ол рухани дамыған, педагогикалық технологияның қыр-сырын жетік меңгерген шығармашыл тұлға болуы тиіс. Мұның математика мұғалімдеріне де ерекше қатысы бар. Себебі еліміздің жедел индустриялық-инновациялық дамуы жағдайында базалық техникалық пәндердің бірі ретінде математика қазіргі заманғы білім берудің алдыңғы шебіне шығып отыр», – депті Елбасы құттықтау хатында.
Съезде сөйлеген министр соңғы жылдары білім саласына ерекше мән беріліп, ЮНЕСКО ұйымының зерттеуіне сәйкес Қазақстан білім беруді дамыту индексі бойынша ТМД елдерінің ішінде бірінші орынға көтерілгенін алға тартып отыр. «Аталған зерттеу бойынша Қазақстан ТМД-да бірінші орынға ие болса, индекске қатысқан әлемнің 129 мемлекеті ішінде 4-орында келеді. «Биыл отандық білім беруді дамытуға бөлінетін мемлекеттік шығыстардың көлемі 900 млрд теңгені құрайтын болады. Бұл – елдің ішкі жалпы өнімінің 4,2 пайызы. Осылайша, біз ЮНЕСКО ұсынған 5,6 пайыздық көрсеткішке жақындап келеміз», – дейді Б.Жұмағұлов.
Съезде ол сонымен қатар елімізде математика пәні мұғалімдерінің қауымдастығын құру қажет деген ұсыныс айтты.
Қалай болған күнде елімізде тұңғыш рет математика пәнінің мұғалімдері съезінің өтуі осы салаға деген құрметтің артқанын білдірсе керек. Дегенмен кемшін тұстарымыз да жоқ емес. Белгілі академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, білім саласында кемшін түсіп жатқан жайттар да жетерлік. Соның бірі – білім жүйесінің жиі өзгеріске ұшырауы. Айтуынша, бір жүйеге көшеміз деп жүріп осыған дейін қол жеткізген дүниелерімізді ұмыт қалдырып жатамыз. «Ғылым, соның ішінде математика консервативті болуы тиіс. Бұйрық шығарып, өзгерте саламыз деу – құр қиялмен бірдей. Біздің жетістігіміз кеңестік жүйенің артықшылығында жатыр. Соның екпінімен келе жатырмыз. Сол кезде математикаға қатысты ең озық жүйе бізде болды. Бірақ біз соны өзгертіп, қазір батыстық жүйеге көшудеміз. Бұрын математиканы алгебра, арифметика, геометрия деп үш негізге бөліп оқыдық. Қазір бәрін қосып қойыртпақтап жатырмыз. Ал батыстық жүйеде бұл сайнс ғылымы деп оқытылады. Жеке-жеке бөлмейді. Бұл дұрыс емес. Математиканың үш негізі қалуы керек. Бізге осы жетістігімізді дамыту қажет. Олай болмаған күнде бәрін жоғалтып алуымыз мүмкін. Екінші бір кемшілігіміз – «алтын басты» кадрларымызды бағалай алмаймыз. Білімді жастарымыздың барлығы шетелге кетіп қалады. Озаттарымыз бен үлкен олимпиаданың жеңімпаздары көп. Бірақ олардың көбі елде емес. Барлығы дерлік батыс мемлекеттеріне кетіп қалған», – дейді ол.
Күләш Шәмшиддинова, «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» АҚ төрайымы:
– Бұл – еліміз үшін өте қажет дүние. Себебі қай елде болмасын мектептегі білімнің сапасы мұғалімге байланысты болады. Мұғалім жақсы болса, білім де жақсы. Осы мақсатта біз съезге ерекше дайындықпен келіп отырмыз. Өзіміздің сайтымызда мұғалімдерге арналған бөлім аштық. Онда ұстаздар дайындаған методикалық құралдар, оқу жоспарлары болады. Қиын есептерді шығару жолдары бар. Сонымен қатар форум жұмыс істейді. Мұғалімдер өз сауалдарын қойып, жауап ала алады.
Асқар Жұмаділдаев, академик:
– Бұл жиын әрмен қарай басқа да пәнге қатысты съезд түрлерімен өз жалғасын табатын болады. Себебі, біз Болон кеңістігіне кіріп отырмыз. Алда үлкен реформа күтіп тұр. Мектептердің барлығы 12 жылдық жүйеге көшеді. Съездің мақсаты – осы реформаның ішіндегі математиканың рөлі. Дүниежүзінде оқылатын жалғыз ғана ортақ білім болса, ол – математика. Оның үстіне дүниежүзінде ұлттың негізін анықтайтын екі критерий бар. Оның бірі осы – математика. Бүгінгі таңда жастарымыз – өте білімді, логикасы жоғары. Біздің оқушыларымыз математикалық білімі жағынан 200 елдің ішінде бесінші орында тұр. Бірінші бестікте – Сингапур, Гонконг, Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстан. Бұның барлығы да – Азия елдері. Ендігі мақсат – осы қарқынды жоғалтып алмау.
Астанада математиктер бас қосты
Последние статьи автора