Астанада ІІІ Республикалық «Қаламгер – Азамат» жас тілшілер форумы өтеді
Тамыз айының 15-19 күндері Астана қаласында «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз ұрпақтың 20 жылдығы» атты ІІІ Республикалық «Қаламгер – Азамат» жас тілшілер форумы өтеді. Форумның басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, олардың жүрегіне патриоттық сезім ұялату.
ІІІ Республикалық «Қаламгер – Азамат» жас тілшілер форумына еліміздің түкпір-түкпірінен 18-25 жас аралығындағы 100-ге жуық жас журналистер қатысады. Өскелең ұрпақтың кәсіби біліктілігін шыңдайтын, заманауи заңдылықтарды меңгеруге мүмкіндік беретін, сондай-ақ ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі салада қалам тербетуге, журналистиканың қыр-сырын үйренуге бағытталған бұл шара алғаш 2008 жылы Алматы қаласында бастау алған болатын.
Еліміздің мәдени ортасы Алматы қаласында өмірге келген форум сол жылы елордада «Астананың 10 жылдығына» арналған үлкен шараға ұласты. Араға бір жыл салып, яғни 2009 жылы «Жас патриоттар» деген атаумен өткен бұл шара жас тілшілердің басын Астанада тағы қоспақ.
Алғашқы форумда «Ұлан» және «Ақ желкен» басылымдарының жас тілшілері мен мектеп оқушыларын қамтыған шара биыл еліміздің барлық аумағынан келген жас қаламгерлерге есігін айқара ашқалы отыр. «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбай: Бұл форум өміршеңдігінің тағы бір дәлелі – «Қаламгер – Азамат» жас тілшілер форумының аясы жылдан-жылға кеңеюде және біздің бастамамыз Үкімет тарапынан қолдауға ие болып отыр. Қазіргі таңда жастарға деген сенім айрықша артып келеді. Оған форумның ұйымдастыру комитетіне, ел басқарып отырған азаматтардан, әкімдер мен зиялы қауымнан келген 20-дан аса құттықтау, тілек хаттар мен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің форум қатысушыларына жіберген құттықтау хаты дәлел бола алады. Премьер-министрдің құттықтау хатында: «Ұлтымыздың болашағы да, мәдениеті мен әдебиетінің келешегі де Сіздердің қарым-қабілеттеріңізде. Тәуелсіз еліміздің тәлімді ұрпағын қалыптастыруда өздеріңіздей жас өрендердің орны бөлек, жүктелер жауапкершілік те жоғары» деп көрсетілгендей, біз жастар, еліміздің үкілеген үмітін ақтауымыз керек», – дейді.
Еліміздегі дарынды жастарымызға қол ұшын соза отырып, соның ішінде, кәсіби біліктілік мен шығармашылық жағынан дами түсулеріне қолдау көрсетуді көздейтін форумда «Қазақ баспасөзінің дамуы», «Телебағдарламалар мен жаңалықтар сюжеттерінің бүгінгі сапасы қай деңгейде», «Қазақ тіліндегі интернет ресурстарының дамуы» атты тақырыптар көтеріледі. Шара соңында форумның басты мақсаттарын негізге ала отыра, жастар атынан Мемлекет басшысына келесі, яғни 2011 жылды «Жастар жылы» деп белгілеу туралы үндеу жарияланбақ.