ASTANA кинофестивалі – үлкен сынақ
Биыл елордада өтетін экшн-фильмдердің II Халықаралық ASTANA кинофестивалі Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың шымылдығын ашатын болады. Фестивальдың биылғы бағдарламасын ерекше салтанатпен ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ал, ең бастысы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өтетін кинофестиваль кезінде қазақстандық кинематографияның бүгінгі жай-күйі талқыланып, осы саланы дамыту жолдары қаралатын болады.
Бекмамбетов жарап тұр
Осы орайда, экшн-фильмдердің II Халықаралық ASTANA кинофестивалінің ұйымдастырушылары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, іс-шараны өткізу жұмыстарының кейбір құпия тұстарын ашып берді. Кинофестивальдың бас директоры Ирен Ванидовская атап көрсеткендей, биыл кинофестивальдің ашылу салтанаты Бейбітшілік пен келісім сарайында өтеді. Шілденің 1-нен бастап бұл жерде күнде әлемдік кинотуындылардың гала-премьералары ұйымдастырылады. Ал фестивальға қатысушы барлық экшн-фільмдердің көрсетілімі Хан шатырында болады. Сондай-ақ кинофестиваль барысында сценарийлер конкурсының жеңімпаздары анықталмақ. Олар белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетовпен бірге өз фильмін түсіретін болады. Ирен ВАНИДОВСКАЯ, кинофестивальдың бас директоры: – Бүгін біз экшн-фильмдердің II Халықаралық ASTANA кинофестиваліне арналған сценарийлер конкурсының ақтық сындарынан өткен жеңімпаздардың есімдерін жариялап отырмыз. Олардың аттары бүгін ғана белгілі болады. Сонымен, конкурстың ақтық сындарынан өткен жас қазақстандық сценаристердің ішінде Абат Нығмет, Рустам Мұхит, Ғалия Байжанова, Есжан Есімханов, Виталий Кистанов, Дмитрий Чернобай, Бақтияр Қадыров, Элман Сулейманов, Айтуар Нығметалин және Александр Қысымбаев бар. Осы және әлем бойынша таңдалған қатысушылардың ішінен тек екі адам: біреуі – Қазақстаннан және біреуі шетелден таңдалатын болады. Жеңімпаз Тимур Бекмамбетовпен бірге өз фильмін түсіретін болады.
Осы кезде он-лайн арқылы байланысқа шыққан фестиваль президенті, белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов өткен жылғы конкурста жеңіске жеткен Брайн Миллер есімді жас өреннің сценарийі бойынша «Аполлон-18» атты фильмнің түсіріліп жатқандығын жеткізді. «Бұл фильм тамыз айында жарыққа шығатын болады. Бәлкім, біз оны Астанада өтетін кинофестиваль кезінде тамашалай аламыз», – дейді Т.Бекмамбетов. Осыдан кейін ол Астанада өткен алғашқы кинофестивальдан кейінгі айтылған барлық сын-ескертпелерді мойындайтындығын жеткізіп, осы жолғы фестивальда бұл кемшіліктерге жол берілмейтіндігін ерекше атап өтті. «Былтыр Астанада өткен экшн-фильмдердің I Халықаралық кинофестивалінен кейін біз тиісті сын-ескертпелерді естіп, кемшін тұстардың болғанын түсіндік. Ең бастысы, біз фестивальдың негізгі мақсаты – қазақстандық кинематографистермен өзара тәжірибе алмасу жұмысына тиісті мән берген жоқпыз. Осы жолы барлығы басқаша болады деп сенемін. Бұл жұмыста сіздердің де қатысу ниеттеріңіз аса маңызды. Мен дарынды әрі нақты мақсаты бар азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін», – деді Т.Бекмамбетов.
Қазіргі кезде Т.Бекмамбетов АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында өзінің жаңа туындысы – «Авраам Линкольн – вампирлердің аңшысы» экшн-фильмін түсіру жұмысын аяқтауда. Фильмде АҚШ-тың 16-президенті А.Линкольн өмірінің құпия тұстары ашылады. Оқиға желісі бойынша күндіз ол өзіне жүктелген мемлекеттік жұмысты атқарса, түнде вампирлерді өлтіріп, халықтың тыныштығын сақтаған. Бұл фильм 2012 жылдың жазында көрермен қауымға көрсетілмек.
«Көліктер» қазақша сөйледі
Биылғы кинофестивальдың тағы бір жаңалығы, ол – алғаш рет қазақ тіліне аударылған «Көліктер» («Тачки») атты мультфильм арнайы «дөңгелек үстелде» жан-жақты талқыланатын болады. Disney Pixar компаниясының Қазақстандағы осы қазақ тіліндегі алғашқы жобасы ағымдағы жылдың маусым айында көрсетілмек. «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенконың хабарлауынша, бұл жоба «Болашақ» қауымдастығы мен «Алтын қыран» қорының қатысуымен қолға алынып отыр. «Бүкіл әлемге әйгілі «Көліктер» мультфильмінің дубляжы кезінде біз ең үздік қазақстандық әртістерді таңдап, олардың дауыстарын «Дисней» компаниясының мамандарына тексерттік. Әрине, іріктеу кезінде олардың дауыс ырғағына, эмоциясы мен кейіпкерді сезіне білу қабілетіне ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстан тарихында болмаған үлкен әрі жауапты жоба. Меніңше, қазақша сөйлей бастаған «Көліктер» көрермен қауымға ұнайды. Оны біз шілденің басында Астанада өтетін кинофестивальдың жұмысы кезінде жан-жақты талқылайтын боламыз. Ал оған дейін мауысымның басында я болмаса орта шенінде көрермен қазақша «Көліктерді» көріп, өз бағасын бере алады», – дейді В.Голенко.