Шымкентте тағы бір деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл фильм қазақ халқына жантүршігерлік алапат алып келген 1921-1922, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық туралы сыр шертеді. Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда көрерменге жол алған фильм өткен тарихтың бұқтырма беттерін көзге елестеткендей әсерде болды. Себебі ел есінде екі үлкен әлеуметтік апат сақталып қалған. Алғашқысы – 1921-1922 жылдардағы, екіншісі – 1930-1933 жылдары болған ашаршылық. Көркем картинаның ерекшелігі: оқиға желісі Қазақстан, Ресей мұрағаттарынан ізделініп, көп еңбекпен келген.
Еркін РАҚЫШЕВ, «Ашаршылық» деректі фильмінің режиссері:
– Бұл деректі фильм болғандықтан, оның мақсаты тың деректерді табу болды. Мәскеуден мәлімет алу тым қиынға соқты. Ондағы кейбір партиялық құжаттарда: «Ашаршылыққа ұшыраған шақта қазақ халқының өзіне де обал жоқ. Мал баққаннан басқа қолынан ештеңе келмейді. Балық аулап, құс атып күн көруге болады ғой», – деген масқаралаулар да айтылған екен. Ал 1932 жылы Ресей үкіметі құпия қаулы шығарған. Онда «Егер қазақтар бір құс атса немесе бір балық ауласа, сотталуы керек», – делінген. Міне, осындай қарама-қайшылықты дүниелерді түрлі жолдармен басымызды қауіпке тіге отырып, алып шықтық. Әрі деректі фильмге енгіздік. Ашаршылық жылдары қазақ даласында көптеген көтеріліс болған. Толық зерттелінбегені себепті біз оны біле бермейміз. Семейдегі Абыралы деген жерде халықтық көтеріліс болған. Сонда орыс әскерлері қазақтың 9-11 жасар балаларын таспен, таяқпен ұрып, азаптап өлтірген. Міне, сонан Ілияс Жансүгіровтің «Қалың кісі, қатын-бала, Өне бойы қызыл ала, үсті басы жара-жара...» деген жыр жолдары қалған.
Иә, ашаршылық ұлтымызға зор қасірет әкелді. Тұқымы тұздай құрып жоғалуға айналған қара көздердің бір шоғыры шетел асуға мәжбүр болды. Қатыгез Ресей билігі сол бейкүнә жандардың талайын шекара асырмай қырып салды. Тіпті кейбір деректерде сол кездегі бірінші секретарь Черненко бір мыңдай қазақты кескілеп, пышақтап өлтірген екен. Міне, біздің қасіретті тарихымыз. Негізінен, 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған нәубеттен жас балалар мен әйелдер көптеп қырылып, халқымызға демографиялық зардаптары ауыр тиді. Ресми деректерге сүйенер болсақ, 1921-1922 жылдары Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайған. 1930-1933 жылғы ашаршылық салдарынан 6 миллион қазақтан 4-ақ миллионы қалған.
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры:
– Ашаршылық туралы фильм Тәуелсіздік жемісінің бір белгісі деп ойлаймын. Егемендік алған күннің өзінде тарихтың ақтаңдақ беттеріндегі көп дүние әлі жарияланбаған. Бұл фильм бүгінімізбен сабақтасқан өткен тарихымызды ұмытпау үшін болашақ ұрпаққа аса қажетті фильм деп есептеймін. ХХ ғасырда жер бетінде қасірет шеккен қазақтай халық кемде-кем шығар. Біз болсақ сол зарлы жылдардың ақиқатын айтып беруге әлі де енжарлық танытып келеміз.
Қазақ тарихындағы ең қаралы, ең қасіретті кезең – 1932-1933 жылдар – халқымыздың тең жарымын, бәлкім, онан да көбірек бөлігін жалмап кеткен зұлмат. Қазір бұл сұмдық заманды баяғы ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасымен жалғастырып жатады. Онда да қазақ халқы ауыр шығын тартқаны белгілі. Қалған ел қонысынан ауып, жан-жаққа бытыраған, қаншама қиындыққа ұшыраған. Бірақ Ақтабан-Шұбырынды жаугершілік кезіндегі ауыр жеңіліс нәтижесінде тап болған бақытсыздық еді. Ал қолдан жасалынған нәубеттің зардабы мұнан да ауыр болды.
Даланың түз тағысы қасқыр да өз бауыр еті бөлтірігін, тіпті үйірлестерін жеуге қимайды. Ал кесапаты мол кеңестік кезең қара қазақтың өз етін өзіне жегізді. Тоқсанға келген қарияның аузынан естіген естелігінде былай делінеді:
– Кішкентай кезім, аштықтан отбасымыз түгел қырылып, қарындасым екеуміз қарынның қамымен кеттік. Бір күні ауылды жағалап кетіп бара жатқанбыз. Сонадайдан бір шұрық тесігі шыққан киіз үй көрінді. Талғажау етер азық берер деген алдамшы үмітпен үйге жақындай түстік. Көздері қанталаған бірнеше ересектеу адам қарындасымды қолынан жетектеп үйге ала жөнелді. Ізінше киіз үйге кіремін дегенше, қарындасымның құлындаған даусы шықты. Жанұшыра үйге енгенімде үй ішіндегі қара тайқазанда қара су қайнап тұр екен. Әлгілер қарындасымды сол қара суға салып жіберіп, шетінен жұлмалап жатыр екен. Міне, сол жантүршігерлік қасірет әліге дейін көз алдымнан кетер емес. Күні бүгінге дейін бір түйір дән үшін жанымды беруге дайынмын.
Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) айтқан Орталық Азиядағы халық саны жағынан көш басындағы «Әлхамдулилла, алты миллион қазақ», міне, осылайша демографиялық қызыл сызыққа шегініс жасады. Кеңес үкіметінің көзіне шыққан сүйелдей қораштанып, баудай қырылып кете барған. Фильм осы қанды естеліктерді дәлелдей түскендей.