Бөлмеңнен аттап шығармай-ақ, алдыңа әлем жаңалықтарын жайып салатын ғаламторды ұлтымыздың мүддесіне жарату – ақпараттық заманның бізге қойған талабы. Сондықтан кешегі шам жарығымен кітап оқыған ұрпақтың орнын бүгінде күндіз-түні компьютердің мониторына телмірген ұрпақ басқан кезеңде қазақ әдебиеті мен мәдениетін заман талабына сай бейімдеудің маңыздылығы күшейіп отыр. Осы орайда бүгінгі оқырманды ең алдымен өзгенің емес, өз еліміздегі әдеби, мәдени жаңалықтармен таныстырып әрі мемлекетіміздің мәдени өміріне атсалысуға шақыру мақсатында еліміздің ақпарат кеңістігінде «arzu.kz» деп аталатын әлеуметтік-әдеби желі жұмысын сәтті бастап кетті.
Бүгінде шетелдердің әдеби сайттарын ашып қалсаңыз, әр елдің өз классиктерінің, жас қаламгерлерінің шығармаларын оп-оңай тауып оқисыз. Ал бізде бірен-саран мәдени сайттарымыздың өзі жөнді ашылмай, іздеген авторыңыздың шығармасы түгіл, ол туралы ақпарат алу да қиын. Тіпті Ұлттық кітапхананың сайтынан кейбір шығармалардың электрондық нұсқасын таба алмайсың. Осы олқылықтың орнын толтырып, аз да болса қазақ мәдениетінің қанат жаюына үлес қосуды ниет еткен Кенже Жұманұлы, Қуат Домбай секілді азаматтар болашақта өздері қолға алған жобаның аясын кеңейтуді мақсат етіп отыр. Біршама уақыт бойы «arzu.kz» әлеуметтік-әдеби желіні құру идеясын ойларында пісіріп, жетілдіріп, жүзеге асыруға бел байлаған іскер топ жобаға кіріспес бұрын өздерінше бірнеше зерттеулер де жасаған екен. Осындай шағын зерттеулерінің біріне мысал келтірсек, бүгінгі таңда біздің еліміздегі саудаланатын кітаптардың бар-жоғы 10 пайызын қазақ басылымдары құрайды екен.
Кенже Жұманұлы, «arzu.kz» атты әлеуметтік-әдеби кешенді жобасының жетекшісі:
– Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де әр қазақ оқырманы ғаламтордан өз халқының әдебиетін оқуға, ұлтының мәдениетінен хабардар болуға құқылы. «Қазіргі заманда ешкім кітап оқымайды» деп қарап отыра бермей, қазақ әдебиетінің шығармаларын қалай да жеткізуге тырысуымыз керек. Қазіргі заманда жас ақын-жазушыларға жеке кітаптарын шығару өте қиын, қыруар қаржы керек дегендей. Шыққан күнде де кітаптың бағасы өте қымбат. Оған қарапайым адамның қолы жете бермейді. Біз өзіміз ашып отырған сайтқа қазақ әдебиетінің классиктерінің, жас буынның шығармаларын да енгізіп жатырмыз. Бүгінде сайтта 100-ге тарта автордың еңбегі бар. Сайт жұмыс істей бастағалы көз жеткізгеніміз, бізде еңбектері еш жерде жарияланбаған авторлардың көптігі. Бәлкім, олардың кәсіби деңгейі төмен болар, дегенмен қалам ұстауға талпынғандар қазіргі заманның тақырыбын дөп басып жазуға тырысады. Таяуда біз сайтымызға енгізілген, әлі де енгізілетін шығармалар арасында «Алтын қалам» деген байқау жарияладық. Байқау шарты бойынша ең көп оқылған, пікір жинаған шығармалар марапатталады. Шығармаларын сайтымызға ұсынып, байқауға қатысам деушілер қыркүйекке дейін шығармаларын жібере алады. Байқаудың бір ерекшелігі, сайтта жарияланған шығармалардың авторы көрсетілмейді. Оқырмандар 5 балдық жүйемен шығармаға баға береді. Сондықтан мен әдебиетсүйер қауымды, оқырмандарды байқауға атсалысуға шақырамын.
Байқағанымыздай, жаңа жобаның басты тиімділігі қаламгерлердің жаңа дүниесін, театрдың жаңалықтарын оқырманға тез әрі оңай жеткізудің бірден-бір жолы екендігінде. Әлеуметтік жобаның тағы бір ерекшелігі – әр жарты жыл сайын үздік шығарма авторларының еңбектерінен әрқайсысы екі мың данадан 10 кітап басып шығарылады. Баспадан жарық көрген жаңа кітаптардың бір бөлігі қаламақы ретінде авторға, өзге бөлігі еліміздің әр өңіріндегі кітапханаларға, балалар үйіне, орта мектептерге, қарттар үйіне, мектеп-интернаттарға тегін таратылады. Сонымен қатар шығармалары ең көп оқылатын авторлар мен оқырмандар арасында кездесулер ұйымдастырылады. Бұл жоба қаламгерлердің бір-бірімен байланысуына, жаңалықтарымен бөлісуіне, пікір алмасуына мүмкіндік жасайды.
Әлеуметтік-әдеби желі «Театр», «Біздің кино», «Цирк», «Кітапхана», «Бейнелеу өнері», «Фотоөнер», «Жас таланттар» сияқты бірнеше бөлімнен тұрады. Әр бөлімде қабырғалы қаламгерлер мен жас дарындардың қол жеткізген жетістіктері, атқарған еңбектері жайлы біршама мағлұмат беріледі. Сайтта шығармасын жариялауға ниет білдерген ақынның, жазушының, суретшінің, фотоөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылады.
Шығармашылық адамы үшін ең қажеті – оның шығармасының оқылғаны, оған деген оқырманның пікірі. Жазушымен немесе суретшімен бетпе-бет келгенде көңіліне тиер деп айта алмаған пікірлер, жанашырлық сынды оқырман сайт арқылы жазып жатса, қайта бұл шығармашылық адамдарына шабыт беріп, бағыттарын бағдарлай түсуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Сондықтан болашақта сайт оқырмандарының көбейе түсуіне, қазақ мәдениетінің жанашырларының артуына тілектестік білдіреміз. «Arzu» көне түркі тілінде «мақсатқа ұмтылу» деген мағына береді. Ендеше, Алаш жұртына айтарымыз, ортақ құндылығымызды насихаттауға бірлесіп атсалысайық!