2006 жылдың ерте көктемінде Қарағандыда Алаш арыстарын есте қалдыру, ұрпақ жадына сіңіру мақсатында бірқатар шаруа ұйымдастырған бастамашыл топ «кеншілер қаласында Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа арналған ескерткіш тұрғызылып, қаланың бір ауданы не бір көшесіне Әлекең есімі берілсе» деп, жергілікті әкімдікке бірнеше дүркін хат жолдаған болатын.
Әлекеңнің 140 жылдық мерейтойын үнсіз өткізген Қарағанды қаласын әкімдігінен бастамашыл топ хатын қолдап ұсыныс түсірген Ақтоғай аудандық мәслихатына 2006 жылдың 26 мамырында №4-662 шығыс рет санымен мынадай жауап келген болатын: «...Ә.Бөкейхан есімін Қарағанды қаласының Октябрь ауданына, Қарағанды экономикалық университетіне беру және орталық көшелердің бірін Ә.Бөкейхан есіміне өзгерту туралы ұсынысыңыз бұған дейін, 2005 жылы 21 маусымда өткен Қарағанды қаласы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның отырысында қаралған.
Әлекең дүниеге келген Қарағанды өңірінде аяулы арысымызды еске түсіретін нысан саны саусақпен санарлық қана. Ойымызға көршілес елдердің қайраткер тұлғаларын қастерлеудегі тәжірибесі еріксіз оралған. Мәселен, Ресейдегі «Пушкин орындары»... Псков облысынан бастап, Мәскеу, Петербор, Нижний Новгород, Қырым мен Қазан, Одесса, Тамбов... Тізім ұласып кете береді. Пушкин таулары, Пушкин қорығы... Чехия, Карлова Варыдағы Гете басқан іздің әр таңбасы әлі сайрап жатқанын Мұхтар Мағауин ағамыз әсерлеп жазған. Алыс-жақын шетелде бұдан өзге жүздеген мысал бар. Ал бізде ономастикалық комиссия бір есімнің үштен артық қайталануына тыйым салады!
Енді бес жылдан соң туғанына 150 жыл толатын Әлекеңнің алғаш шыр етіп дүниеге келген қыстақ басына былтыр Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының азаматтары шағын ғана ескерткіш тас орнатты. Әлекең туған Желтау бөктеріндегі Қасым қыстағының ескі жұрты жермен-жексен боп жатыр. Зерттеушілер Алаш үшін ғұмырын арнаған арыстың туған жерінен бастап, туыстары жерленген Талдыбейіт, Ақтоғай, Тоқырауын бойындағы табан ізі тиген жерлерге, Қарқаралы, Семей, Омбы, Орынбор, Петербор – бәрін аралап шығып, арнайы картаға түсіріп, биографиялық жорық жасаса да артық болмас еді! Әр мекенге белгі қойып, тұлғалардың табан ізі тиген, қызмет етіп, ғұмырын өткізген жерлерде еске түсіретін, сол арқылы тәрбиелік лұғат ұштайтын шаралар атқарылса игі болар еді.
Әләзір қолымызда ономастика комиссиясы ұсынған жауап хат қана бар. Оған сенсек, арыстарымызды насихаттау тек қағаз жүзінде ғана болуы керек секілді...
Қошке Кемеңгерұлының естелігінен:
«Жүрегі – бала, иманы таза, шыншыл, сенімшіл Әлиханға қара тұрмыстың кіріне былғанып саясат сандарына түскенше, пән жолына түсіп жоспар көрсету керек еді, себебі ол – білімімен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларымен тең түскен ғұлама».