Арқаның аспанында жырдан жақұт жауған күн
Қазақтың қапыда кеткен арысы Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған мүшәйра Арқаның аспанында жырдан жауһар жауғызып, дарқан даланың төсін жас перілер тағы бір дүбірлетті. Мүшәйра Алаштың ардақтысы Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» деген дуалы сөзін айдар етіп алыпты. Кілең жақсы жиналған мүшәйрада жас ақындардың кәусар жырына көпшілік шөлдеп бас қойды...
Бұл мүшәйраның өтуіне Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мұрындық болса, қолдау көрсеткен – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес. Сондай-ақ «Тіл және Рух» жастар басылымы да бұл іске ұйытқы болыпты.
Жыр бәйгесіне бабы мен бағын сынаған 40-тан астам ақын өлең-жырын ұсыныпты. Алайда ережеге сәйкес, оның арасынан үздік деп танылған 12 өлең ақтық бәйгеге жолдама алыпты. Дүйім елді жинаған дүбірлі мүшәйрада осы 12 ақын ел алдына шығып, жырдан шашу шашты.
Мүшәйраның мақсаты – ұлтымыздың ұлы ақыны, Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың өміршең шығармашылығын насихаттап, ұлттық поэзия арқылы жастарды рухани байлыққа, отансүйгіштікке, адамгершілікке, өршілдікке тәрбиелеу және жас ақындарды тауып, оларға қолдау көрсету, көркем әдебиет пен тіл мәдениетін жандандыру.
Сонымен, 12 ақынның ақтық сынында оза шауып, бас жүлдені Жәнібек Әлиман бауырымыз еншілесе, одан кейінгі екінші жүлде Қуаныш Медеубаевқа бұйырды, үшінші орынды Рауан Қабидолдин иеленді. Сондай-ақ Қарағандының «Болашақ» университеті ұйымдастырған бес арнаулы сыйлық бес ақынға табыс етілді. Бұл арнаулы сыйлықтар – Алаш арыстары атындағы сыйлықтар. Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлық Мирас Асанға, Міржақып Дулатов атындағы сыйлық Дидар Әлімбековке, Жақып Ақбаев атындағы сыйлық Айзада Рахымжановаға, Әлімхан Ермеков атындағы сыйлық Ерболат Қуатбекке, Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлық Кәмшат Хасеноваға тапсырылды. Тағы төрт ақынға ынталандыру сыйлығы берілді. Қысқасы, мүшәйрада талабы мұқалған ақын болған жоқ. Мүшәйра мәреге жеткенімен, Қарағанды аспанын кернер жыр мұнымен тәмам болмақ емес.
«Жастар! Алда жүрген, Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі-өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» – депті Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін!» өлеңінің әлқиссасында. Қазақтың ғана емес, Тұран жерінен шыққан күллі түріктекті халықтардың мақтанышына айналған Мағжан ақынның бұл өсиеті көкірегі ояу әр қазақ баласының санасында жаңғырып тұрса керек.
Ал Смағұл Сәдуақасов: «Мағжан – қазақ жастары ой-санасының әміршісі», – депті. Бұл әманда солай болары даусыз.