Осыдан бір ай шамасы бұрын редакциямызға белгілі қаламгер Бегділда Алдамжаров хабарласып, соңғы уақыттарда қазақ руханиятына еңбегі сіңсе де, елеусіз жүрген таланттар туралы тағылымды эсселер жазып жүргендігін айтып, танымал әнші, музыкатанушы Алтын Иманбаева туралы материалын жариялауымызды өтінген еді.
«Арқаның алтын аруы» атты мақала газетке енді дайындалып жатқанда, өкінішке орай, өткен аптада, 67 жасқа қараған шағында Бегділда ағамыз дүние салды.
ҚазМУ-дың филология факультетінде оқып, әр жылдары республикалық басылымдар мен баспаларда және Қазақ телевизиясының музыкалық редакциясында қызмет еткен жазушы кейінгі кезеңдерде қатал әдеби-сын мақалаларымен баспасөзде жиі көрініп келді. Б.Алдамжаров Фирдоусидің «Шах-нама» атты үлкен эпопеясының екі бөлімін аударған. Сонымен қатар А.Пушкин, А.Блок, П.Неруда, Е.Евтушенко, А.Вознесенскии, Б.Ахмадуллина сынды классик ақындардың өлеңдерін тәржімалаған. Біз бүгін оқырман назарына Бегділда Алдамжаровтың өнер адамы мен рухани ортаны сөз ететін соңғы мақаласын ұсынып отырмыз.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта тұсында, Қазақ телеайнасының музыка редакциясында қызмет істеп жүрген кезімде, бірде «Жазушы» баспасына бара қалып едім, дарынды шайыр Бекен Әбдіразақов ағамыздың жұбайы, «Мектеп» баспасының белді қызметкері, сырбойылық Қазына апамыз қолымнан тас қылып ұстап алды да, жетектеген күйі өз кабинетіне ертіп келді. Ішке кірсем, көзілдірігінің шынысының дөңестігі төңкерілген қазандай, бір ақ сары қыз майда әріптермен терілген әлдеқандай қағазға шұқшиып отыр екен. Оның арқа жағында домбыра тұр. Апамыз орнына отырар-отырмастан әлгі ақ сары қыздың ән айтатынын баяндап өтті. Сол екен, әлгі ақ сары қыз алдындағы қағазды ысыра салды да, домбырасын қолға алып, Арқаның неше алуан сырлы әндерін ал кеп аңыратып берсін! Соны көріп, мынадай өнерлі жанның қансыз-сөлсіз қу әріпті кеміре-кеміре, өнер атаулыдан аулақ жатқан мынадай баспада жүргеніне қайран қалдым. Ізінше жөн-жобасын сұрастыра келе, оның қызылжарлық белгілі жазушы Зейнелғаби Иманбаевтың қызы екенін, Алматыдағы эстрада және цирк студиясын бітіргенін, амалы жоқтықтан, баспада кіші редактор болып жүргендігін білдім. Содан көп ұзамай бір ретін келтіріп, студияға жарты сағатқа уақыт алдым да, Алтын Иманбаеваның жеке орындауындағы телеконцертті жаздым. Алтынның өнердегі үлкен бастауы болғандай оны эфирде біраз уақыт қайталап бергіздім. Аздан кейін ол Қазақ радиосына қызметке ауысып, өзінің әншілік өнерімен қатар, қабілетті журналист екендігін де көрсете бастады.
Қазақ әнінің қаймағын бұзбаған
Бүгіндері оның өнер мен журналистикадағы өткен жолын ойша шолып қарап отырсам, қабілетті жанның екі саланы да жақсы алып жүргендігін көргендей боламын. Ең басты айта кетерлігі, Алтын Арқа әндерінің сыршыл сазын бойына жастайынан сіңіріп өскен, халықтың қалың ортасынан шыққан лирик әнші. Бұл арада мына бір жағдайды ескере кеткен жөн. Бізде Кеңес заманының салтанат құрған алғашқы кездерінде, Еуропа өнерін әсіре ұлықтаудың салдарынан, оған еш қатысы жоқ, орындау үрдісі де, мелосы да мүлдем жақындамайтын аз халықтардың вокалын сол стандартқа зорлап жақындату, басқаша айтсақ, қаймағы әлі бұзыла қоймаған өнердің табиғатын белден басып, оны бұзып, «еуропаландыру», «орыстандыру» үстем болған еді. Бұған, біріншіден, сол кездері консерваторияның білімін алып, маманданбаған әншілеріміздің болмағаны әсер етсе, екіншіден, қай жерде бір көзе алтынның төбесі көріне қалса, сол жерге топ ете қалатын, қазақ түгілі, орыс халқына да еш қатысы жоқ, «интернационализмді» өтірік ұран етіп ұстанған әлдеқандай келімсектердің қаптап кетуі де зор әсер еткен еді. Оған енді тілі жақындау болғанымен, мәдени үрдісі де, салт-санасы да, тұрмыс-тіршілігінің қалпы да мүлдем алыс жатқан елдердің өкілдерінің үстемдік етуін қосып көріңіз! Соның нәтижесінде не қазақ емес, әулекі әншілер асқақтата дәріптелді. Қазірде де сол. Оның есесіне, халқымыздың ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтап келген ән айту үрдісін ұстанған Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р.Қойшыбаева сияқты нағыз тума таланттар қолдан шеттетілді. Брежнев заманында олар мүлдем ұмыт болды. Тек қана ұлт саясатының бір көрінісі ретінде өзін-өзі домбырамен сүйемелдеп айтатын әншілердің үрдісі жалғастырылған болды. Ол да көп жағдайда сыртқы декорация, шырайсыз шымылдық ретінде ғана ұсталынды. Оған қоса, бізге әлі де онша таныс емес эстрада өнерін мүлдем теріс, тайыз, дүмшелікпен түсінудің салдарынан, қазақ мелосына мүлдем жат, сорақы жағдайлар сахнадан түспей қойды. Ресми атақ та, үлкен-үлкен сыйлық пен неше түрлі сылдырмақ та соларға берілді. Сол тұстары «сәбет халқын» жасаймыз деген өрескел талап одақтас басқа мемлекеттерге қарағанда, қазақ мектептері жаппай жабылып, ел ана тілін ұмытып, орыс тіліне көше бастаған Қазақстанда адам айтқысыз қарқынмен салтанат құрды! Бір сөзбен айтқанда, сол кездері қалай орысша білмесең, солай үлкен қызметке тұра алмайтының сияқты, ұлт вокалының үрдісін ұстансаң, солайша шетке шығып қалатының анық бола бастаған да еді. Міне, осындай қолайсыздау кезеңде өнер табалдырығынан аттағандарды, бір тараптан, айыптай қою да қиын. Мұндай жағдайда ретін тауып ұпай жинап қалуға тырысатын, ауыздығымен алысқан айғайшылдар мен ұраншылдар емес, нағыз отаншылдар керек. Ал ондай өрелі жандар Бағдат шаһарының кейінгі замандарға зәру болар зергерлеріндей үн-түнсіз жұмыс істейді. Алтын да сондай бола білді. Ол орындаған «Маңмаңгер», «Жалғыз арша», «Үшқара», «Әпитөк», «Сырымбет», «Әупілдек», «Майдақоңыр», «Перуайым» және де басқа Арқа елінің әндері өздерінің алғашқы қаймағы бұзылмаған қалпында көрінді.
Өнерге зерделі көзбен қараған
Алтынның сызылып шыққан даусында жұмсақ тембр, құлаққа жағымды үн, орнымен қолданылған мелизмдер бар. Ол өз ата-бабаларының ән айту үлгісін көргендей, нағыз қазақы «қара дауысты» тыңдап отырғандай бір әдемі әсерде болады. Ал қандай да болмасын, ұлт өнерінің негізгі сиқыры да, ерекшелігі де дәл осында жатыр. Басқаша айтқанда, оның «орыстанып» кеткен «операшылдарымыздай» болып, «і-нің» орнына «и-ді», «ө-нің» орнына «о-ны», «ә-нің» орнына «а-ны» аңырай созатын, шиқылдай жөнелетін шалағайларымыздай болмайтыны да сондықтан. Бұл жерде оны нағыз ұлт әншісі етіп көрсететін тек қана өзін-өзі домбырамен сүйемелдеуі де немесе бұраңбел ғып көрсететіндей қосетекті, бүрмелі ақ көйлекті киіп шығуы да емес, таза, еш қоспасы, ешқандай да синтезі жоқ, мұнтаздай қазақы жан дүниесінде жатыр. Басқаша айтқанда, ол басқа тілде емес, тек қана қазақша ойлайды, не нәрсені де шынайы, қазақы жан дүниесімен ғана қабыл алады. Оның есесіне, Ж.Омарова мен Р.Есімжановалар орындаған әндерді тыңдай қалсам, қазақы ауылдың ажарлы қыздары сахнаға шыққандай жатырқамай қабыл аламын. Алтын да сондай. Мұның екінші бір басты себебі, Арқа әндері – Алтынның өз жаратылысы, өз табиғаты, өз стихиясы. Әсілі адам баласы о бастан нәсіліне берілген қасиеттерден өмірі арыла алмайды. Ол тіпті мүмкін де емес. Жалпы, одан құтылам деп тыраштанып жатудың қажеті де жоқ. Мұны қарапайым тілмен айтсақ, қарға бұлбұлша, бұлбұл сауысқанша сайрай алмайды. Ал әнші Алтынға Сарыарқада сайран салған сал-серілердің әндері шабыт беріп, жанын шалқытатынына ел куә. Бұған оның Қазақ радиосының алтын қорында жатқан жүзден астам әні бірден-бір дәлел. Әрине, бұл арада бір ғана домбырамен өзін-өзі сүйемелдеудің көп жағдайда «әншінің оншалықты қолғанаты» бола бермейтіні белгілі. Көп ретте әншінің вокалы мен музыканттығының тең түсе қоймайтынын, жалпы, заман өте келе вокал мен аспапта орындаудың бір-бірінен енші алысқанын айта кеткен жөн. Мұны басқаша айтсақ, жеке домбыра мен оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған халық әнінің ажары да, етер әсері де, мелодияның естілуі де мүлдем бөлек. Осы жағдайды Алтынның өзі де сезетін сияқты. Ол бірнеше халық әнін оркестрдің сүйемелдеуімен де орындады. Сол-ақ екен, жаңа ғана Сарыарқаның сары алтынындай боп көрініп тұрған Алтын, аяқастынан Қызылжардың күміс реңкі басымдау басқаша бір гауһарына айналып кеткендей болды. Әрине, бұл – халқымыздың домбырамен сүйемелдеп ән айту үрдісін тәрк ету деген сөз емес. Керісінше оны жаңа заман дәстүрімен жалғастыра, ұштастыра білу керек деп түсінген жөн.
Алтын дәстүрлі әнші бола жүріп, музыкатану журналистикасы саласында да көп шаруа тындырды. Әсіресе оның радиохабарлары, радиоконцерттері мен радиосұхбаттары білімдарлығын, өзек етіп отырған нысанын жақсы білетіндігін, баяндау мен сұрақ қоярда такт сақтай алатындығын, автор мен сөзге тиек болып отырған кісінің арасындағы көзге көріне қоймайтын шекарадан аспайтындығын, оны көп ретте сездірмейтіндігін, жалпы, мәдениетіның жоғарылығын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Бұл – бір. Екіншіден, осы радиохабарлардың ауқымы қандай кең десеңізші! Мұнда не жоқ, бәрі бар! Оларда қазақтың атақты-атақты азаматтарынан бастап, бүгінгі танымал болып жүрген өнерпаздарымызға дейін қамтылған. Осы арада сұңғақ бойлы талдырмаш қыздың радионың салмағы бір түйеге жүк боларлық диктафонын арқалып жүріп, сонау С.Мұқанов, Ж.Елебеков, Ш.Қалдаяқов, М.Маңғытаев және басқалардың сөйлеген сөздерін қалай жазып үлгеріп алғанына қайран қаласың! Кеше ғана арамызда болған, бәріміз көріп, амандасып, тілдесіп жүрген олар бүгіндері жанды тарих, жанды шежіре сияқты бөлекше бір әсер етеді. Сол хабарларды қайтадан тыңдап отырып, өткен заманның рухын, лебін сезгендей боласың. Егерде әлдеқандай қалталы біреу осы хабарлардың басын қосып, сыртқы түрін алтынмен аптап, күміспен күптеп, екі иығына екі үкі қадап, барынша безендіріп, осы заманғы компакт дискілерге жазып, қызық бір сауда талабын жасаса, сөз жоқ, бір жылда-ақ атақты Рокфеллердің қатарына жетер еді.
Бүгіндері Қазақ радиосының «Алтын қор» дейтін арнаулы бөлімін басқарып отырған әрі әнші, әрі радиожурналшы Алтын Иманбаева ән айтуын азайтса да, музыканы дәріптейтін, насихаттайтын радиохабарлар жасауын азайтқан жоқ. Бұл – оның табиғатына сіңген қасиет. Оның орындаған қай әні де, жасаған қай радиохабары да ұзақ өмір жасайды. Бұл жағынан алғанда, қазақ халқының перзенті ретінде өз парызын қал-қадірінше атқара білген Алтынды өз арамызда әзілдеп айтуымызша, сары алтындай Алтын Иманбаеваны, нағыз Арқаның алтын аруы бола білді деп айтуымызға әбден болады.