Газетіміздің өткен сандарының бірінде Армения астанасы Ереван қаласында өтіп жатқан Халықаралық поэзия фестивалінің барысы турасында арнайы репортаж жариялаған болатынбыз. Онда бір аптаға созылған шараның алғашқы күндері жүзеге асқан бағдарламаларымен таныстырған едік. Ұйымдастырушы жақ әр елге өтініш білдіріп, фестивальға қатысатын өкіл жіберуді сұрағаннан соң, Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен және «Алаш айнасы» газетінің қолдауымен әлем ақындары бас қосқан елеулі шараға қатысуға біз де мүмкіндік алған едік.
Өткен аптаның сенбі күні аталған фестиваль қорытындысы шығарылып, өлеңді төрге оздырған шараға қатысушы ақындардың қатысуымен әдеби кеш болып өтті. Осы сапар аясында армяндардың кешегі өткен және бүгінгі тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен барынша жақынырақ танысуға мүмкіндік алдық. Армяндар дүниежүзіндегі ежелгі халықтардың бірі саналады. Тас дәуірінен біздің дәуірімізге дейінгі армян халықтарында мәдени ескерткіштері жайлы материалдары әлі күнге дейін сақталған. Отырықшы ел болғандықтан, жерлерінде көне шіркеулер көп сақталған, ара-тұра ескі мешіттер мен мұсылман қорымдары көзге ұшырайды. Бейресми есеп бойынша бүгінгі әлемдегі армяндар саны 10-12 млн арасында деп есептеледі. Алайда бүгінгі Арменияда 4 миллионға жетер-жетпес халық тұрады екен, оның 1,5 миллионы – Ереван қаласының тұрғындары. Сан жағынан едәуір жапа шегіп, демографиялық әлсіз ахуалды бастан кешіріп келе жатса да, қазіргі армян халқының ертеңгі күнге деген үміті зор. Біраз жылда елдегі саяси-экономикалық жағдай түзеле бастаса, дүниенің әр тұсында шашырап жүрген қандастарын туған жерге қайтару мәселесін қолға алмақ ниеттері бар. Бұл ретте армяндар «шеттегі ағайындардың тарихи Отанына оралуына барынша мүмкіндік жасап отырған Қазақстан тәжірибесінен аларымыз көп» дейді.
Ганад ЧАРКАЗЯН, Беларусь ақыны:
– Бүгінгі әлемде заманауи техникалық прогресс қатты дамып, рухани құндылықтар құлдырау үстінде. Сондықтан да әрбір ұлт осындай сапырылысқан қоғамда өзінің дінінен, тілінен, әдебиеті мен мәдениетінен, тарихынан қол үзбеуі керек. Арменияда өткен Халықаралық поэзия фестивалі дүниенің төрт бұрышынан жиналған қаламгер қауымды көп ойларға жетеледі. Демек, әр елдің саяси ұстанымы, әлеуметтік жағдайы әрқилы болғанымен, адамзат баласы рухани кеңістікте тату-тәтті өмір сүруі керек. Ал әдебиет пен өнер – халықтарды жақындастыратын керемет құбылыс.
Аннакурбан АШИРОВ, Түрікменстандағы көне қолжазбаларды зерттеу институтының директоры:
– Түрлі экономикалық, әлеуметтік қиындықтарға қарамастан, Армения халқы өз тарихын түгендеп, төл мәдениетін дәріптеу жолында көптеген игі жобаларды жүзеге асыруда. Мен көп жылдардан бері көне қолжазбаларды жинап, оларды зерттеумен айналысамын. Талай елдерде болдым. Бірақ Еревандағыдай жақсы сақталған ежелгі жазба мұраларды көп кездестірмедім. Мемлекеттік бюджеттен елдегі ең үлкен қолжазбалар қоймасы Матенадаран атты мұражай-институты заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткізілген. Қалай десек те, Ереван бүкіләлемдік кітап астанасы деген атқа лайық екенін дәлелдеді.
Бір аптаға жоспарланған сапар барысында біз тау-тасты жағалай орналасқан Ереваннан бастап, Эчмиадзин, Ванадзор, Цакхадзор, Гюмри, Гегард, Гарни елді мекендеріне саяхаттап, таңғажайып қалпында сақталған ежелгі архитектуралық ескерткіштер мен мұражайларда болып, жергілікті халықпен жылы жүздесулер өткізіп, ұлттық сипаттағы әдеби-мәдени шараларға қатыстық. Аталған жерлерді аралап, алақандай Армениямен таныса түскен сайын мұнда да кезінде түркінің табаны тиген жер екендігіне көзің жете түседі екен. Мұны әншейін әдемі әсерлердің жетегінде айтылған сөз емес, тарих өзі дәлелдеген, талай мықтылар дерегін жазып қалдырған тағдырлы тарих таңбасы деп қабылдаған жөн. Өзімді келгеннен қарсы алып, жат жерде ағалық қамқорын көрсетіп жүрген Армениядағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі, белгілі қаламгер Азат Әкім, осы елдің түркі дүниесімен, әсіресе қазақ тарихымен байланысты тұстарын өзінше зерделеп, бұл жөнінде кезінде баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жариялаған. Азекең өз жазбаларында мынадай деректерімен бөліседі:
«Арменияда ою-өрнегі қазақтың ұлттық нақыштарын еске түсіретін тарихи ескерткіштер (мысалы, Хпчахаванк, хпчах+ванк, қыпшақ+монастырь, оқшау ғимарат, Ширак облысы, ХІІ ғасыр), әлдеқашан арнасы кеуіп қалған Қазақ өзені, Қыпшақ (қазіргі атауы Арич) елді мекені бар. Орта ғасырлардағы ұлан-байтақ Батыс Қыпшақ мемлекеті (Дешті Қыпшақ тұсында) кезеңінен қалған жәдігерлердей көрінеді. Өткен ғасырдың ортасынан бері Еревандағы Матенадаран институтында сақтаулы қыпшақ қолжазбаларын тарихшылардың, сондай-ақ филологтардың зерттеу мәселесі ара-тұра көтеріліп келеді. Өкінішке қарай, соңғы онжылдықтарда жекелеген маман тарихшылар мен лингвистердің Қазақстаннан Арменияға келгеніне қарамастан, жан-жақты және тереңдетілген сипаттағы зерттеулер жүргізілмей келеді. Қыпшақ және қазақ тілдері ұқсас тілдер саналады. Қыпшақ тілінде, бірақ армян графикасы әріптерімен жазылған мәтіндермен жұмыс істеу қыпшақ тілін, сондай-ақ ежелгі армян тілін білуді талап етеді. Сонымен бірге осы ғылыми еңбек қажетсінетін білім-білігі бар мамандар тиісті орталық мемлекеттік мекеменің қаржыландыруымен қолжазбаларды қажеттілігіне қарай ұзақ айлар бойы, бәлкім, бір жыл тыңғылықты зерттеуі қажет. Лингвист-ғалым А.Сафарянның пікірінше, осындай салиқалы еңбек нәтижесінде қазақ тілінің ежелгі бастауларына қатысты жаңа ізденістерге жол ашылуы мүмкін».
Шынында да, әлемнің әр тұсынан жиналған делегация мүшелері тарих қойнауынан бүгінге жеткен осы атаулардың жай ғана сәйкестік емес, соншалықты айқын өмір шындығы екендігіне көз жеткізгендей болдық.
Оқырманның есіне сала кетсек, осы сапар барысында өткен Халықаралық поэзия фестивалі ЮНЕСКО шешімімен биыл «Ереван – кітаптың бүкіләлемдік астанасы» деп жариялануына орайластырылған. Оған әлемнің 30 елінен және Арменияның өзін қосқанда, барлығы жүзден астам ақын қатысты. Фестиваль бағдарламасы аяқталар шақта шараға қатысушы мемлекеттердің өкілдерінің әрқайсысы өз елінің атынан Еревандағы Армения Жазушылар одағы жанындағы жасыл алаңқайға ағаш отырғызды. Осылайша, біз осы елдегі тұңғыш «Поэзия саябағының» негізін қалаған алғашқылар қатарынан көріну бақытына ие болдық. Енді Арменияға жолы түсіп, Еревандағы Жазушылар үйіне барған адам «Қазақстан» деген белгісі бар ағашты көріп, саясында естелік суретке түсе алады. Біз отырғызған талшыбық келешекте мәуелі бәйтерекке айналсын деп тілейік.
Фестиваль қорытындысы шығарылатын кезден бір күн бұрын Армениядағы Қазақстан елшілігі осы елдегі қонақтарды шақырып, Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. Оған Армения орталық мемлекеттік органдарының өкілдері, Парламент депутаттары, дипломаттар, жергілікті қоғам қайраткерлері мен дін қызметкерлері, «Қазақстан достары» клубының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Армениядағы Төтенше және өкілетті елшісі Айымдос Бозжігітов мерекені ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде көпұлтты Қазақстан бүгінде этникааралық және дінаралық татулықты сақтауда өзіндік үлгі көрсетіп келе жатқан тәуелсіз мемлекет екендігіне тоқталды. Дипломат қонақтар қазақтың ұлттық өнерімен танысып, арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйдің ішінде елшілік дайындаған қазақы дастарқаннан дәм татты.
Халықаралық фестивальдің жабылу салтанатында Ереван қаласы өзінің «Бүкіләлемдік кітап астанасы» атағын Тайланд астанасы Банкгок қаласына табыс етті. Алдағы айда армяндық делегация Бангкокқа арнайы барып, кітап мерекесіне орай ұйымдастырылатын мәдени шараларға қатыспақ. ЮНЕСКО қолдау білдіріп отырған бұл жоба аясында енді Тайланд жерінде түрлі халықаралық фестивальдар мен форумдар, ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастырылмақ. «Бүкіләлемдік кітап астанасы» деп аталатын ауыспалы атақты бұған дейін әлемнің оншақты астанасы иемденіп үлгерген. Жобаның мақсаты – бүгінгідей ақпараттық-технологиялар заманында адамзат баласының жан азығы саналатын кітап атаулыны насихаттап, көне қолжазбаларды зерттеп, ұрпақ игілігіне жарату. Сонымен қатар кітап астанасы атану құрметіне ие болған елде кітапхана, мұражай сынды тарихи-мәдени ошақтарды заманға сай қайта қалпына келтіру жағы да қарастырылған.