Таяуда қазақстандық ALDONGAR Productions\Kazakhstan\ кинокомпаниясы «Арман қала» атты 12 сериялық телесериал түсіру жұмыстарын бастап кетті. «Нұр-Медиа» медиа-холдингі мен «Қазақфильм» АҚ-тың қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба туралы 18 тамызда өткен брифингте компанияның продюсері Әлия Уәлжанова кеңінен баяндап берді. Жоспар бойынша төрт айда телесериалдың түсірілімі аяқталып, монтаждалып, көрерменге жетуі керек.
«Арман қала» телесериалы, негізінен, бой көтергеніне аз ғана уақыт болған елордамыз Астанаға арналады. Бұған дейін де Астанаға арналған бірнеше фильмдер түсірілді. Дегенмен кейбіреулер үшін арманға айналған Астанаға алғаш рет телесериал арналып отыр. Мемлекеттің жүрегінде, Сарыарқаның төрінде орналасқан Астана халқы күннен-күнге өсіп, көзтартарлық ғимараттар мен үйлердің саны да көбейіп келеді. Ал бас қаланың тұрғындары қандай, қаладағы қазақ отбасыларының жағдайы нешік, бүгінгі қала тіршілігінің тынысы, адамдардың сезімі – бәрі-бәрі көпсериялы телесериалға арқау болады.
Телесериалда Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Венера Нығматулина сияқты қазақтың майталман актерлері ойнайды. Жоба авторларының айтуынша, аталмыш сериал ұлттық өнім болмақ. Себебі бұған дейін елімізде фильмдер басқа елдердің қаржысына түсіріліп, басқалардың прокатына арналған болатын. Сондықтан шетелдік актерлер де көптеп тартылатын. Бұл жолы тек режиссер ғана Қырғызстаннан шақырылып отыр. Ол – бірнеше фильмімен әлемге танылған Эрнест Әбдіжапаров. Ал ұсыныс жасалған қазақстандық режиссерлер телесериалға бөлінген уақыттың тарлығына байланысты бас тартқан көрінеді.
Газетіміздің алдағы сандарының бірінде «Арман қала» телесериалы жайлы толығырақ танысып, жалпы, қазақ сериалдары туралы ой толғайтын мақаланы оқи аласыздар.