Арман Астанада жүр
Бүгін Астанада қазақтың тұңғыш кәсіпқой режиссері Жұмат Шаниннің немересі скрипкашы Арман Мұрзағалиевтің жеке концерті өтеді. «Реми» триосының негізін қалаушы, талантты скрипкашы Арманның әкесі Раупбек Шанин де Қазақстанның алғашқы кәсіпқой скрипкашысы болды. Арман бүгінде АҚШ-тың Бостон қаласында тұрады.
Астанадағы Комфорт қонақүйінде журналистермен жүздескен «Реми» трио мүшелері осы жайды хабардар етті. «Реми» триосын 2007 жылы Арман Мұрзағалиев мектеп кезінен бергі досы – пианист Ерлан Мансұровпен және Мәскеудегі досы – виолончелист Алексей Найденовпен бірігіп құрған. «Трионың «Реми» аталу себебі – қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы, әкем Раупбек Шаниннің лақап аты. Сонымен қатар «ре» және «ми» музыкалық дыбыс нотасының атауы. Осыған байланысты трионың да атын осылай қояйық деп шештік», – дейді шаниндердің бүгінгі ұрпағы.
Бұл олардың 2007 жылдан бергі қазақ даласында қойған екінші концерті. «Ұлтым қазақ болғандықтан, мен өз елімді мақтан тұтамын, сондықтан туған жерім әрқашан тартып тұрады», – дейді Арман.
Концерт 24 сәуір күні Қарағандыда да жалғасады.