«Өнерлiнiң ырысы жарқырап жатар жолында» дейді халық даналығы. Меруерт Омарбекова да өз ырыздығын өнерден тапқан әртіс. Театрды отбасының маңызды бір бөлшегі санайтын ол «театрдағы өнер құмырсқаның әдемілеп илеу қалап шыққанындай еңбектің жемісі» дейді. Яғни тынымсыз еңбек, тоқтаусыз ізденіс, үлкен жауапкершілік, кәсіпке деген таусылмайтын махаббат әртіс үшін ең алдыңғы орында тұруға тиіс қағида.
«Ілім – іштегі нұр, өнер сыртқа салынған түр» дейді тағы бір даналық. Меруерттің өміріне өзек етер ұстанымы да осыған саяды. «Бір рөлді алу, оның жауапкершілігін сезіну, саған артқан міндетін атқару әртістің білімін, ілімін толықтыра түседі. Өнерпаз үшін ілімнің кемел болуы маңызды» деген әртіс театр саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Көп әртістің болашағына жол ашқан, көп әртістің қол жетпес арманына айналған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына Меруерттің келуі де қызық. «Семей музыкалық драма театрында жүрген жерімде тұрмысқа шығып, Алматыға ұзатылдым. Келе сала осы театрға жұмыс іздеп келдім. Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз орын жоқтығын айтып, алты ай жұмысқа алмады. Содан бір күні театрға келіп, кезекті бір спектакльдің тапсырылуында отырсам, Әзірбайжан аға кенеттен маған жалт қарады да: «Кәне, сахнаға шық. Көрсет қолыңнан не келетінін» демесі бар ма. Үстімнен біреу бір шелек мұздай су құйып жібергендей, алғашқы сәтте есеңгіредім де қалдым. Қайдан білейін, күтпеген жерден бұлай болатынын. Бірақ бұл маған беріліп тұрған жалғыз мүмкіндік екенін сездім де, сол сәтте отырған орныма плащымды шешіп тастадым да, сахнаға атып шықтым. Ешкімге қараған жоқпын. Білетін монологымды оқып, әнімді айтып, биімді билеп ала жөнелдім. Өнерімді біраз тамашалаған Әз-аға қарқылдап күліп жіберді де: «Әртіс деген осындай ағып тұру керек. Қай кезде де, қай жерде де», – деді. Осыдан кейін мені Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз театрға жұмысқа алды», – дейді Меруерт. «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» демекші, театрдағы әрбір классикалық шығарма мен бүгінгі заманауи тақырыптарға қойылатын еңбектер әртістен жанкешті еңбекті талап етеді. Дарынсыз ойын – әртіс өресінің өлшемі. «Әртіс образға жүз пайыз енуі керек. Ойында кинодағы рөлі, шоуы мен кешке жүргізетін тойы тұрса, оның сомдауынан қандай образ шықсын?», – дейді әртіс.
Меруертті көпшілік «Фархад-Шырындағы» Мехменебанудың рөлімен ерекше бағалайды. Мехменебану сіңлісі Шырын үшін өз махаббатынан бас тартуын, яғни бауыр үшін жанын да бере алатын парасатты кейіпкер ретінде көрсетіп шығуын, өзі сұлу, өзі патшайым әйелдің күрделі психологиясын көп зерттеп, ішкі дүниесіне үңілуін айрықша атады. Меруерт Омарбекованың театрдағы Ф.Эрвенің «Түлкі бикешіндегі» Денизасы, Е.Домбаевтың «Біздің кластың қыздарындағы» Шолпаны, М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Ақбаласы, Ә.Тәжібаевтың «Махаббат, мә-ә-хаббатындағы» Несібелісі, Б.Брехтің «Тоғышардың тойындағы» Айшасы, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» Ұзынғайшасы (реж.Б.Атабаев), В.Смеховтің инсценировкасы бойынша Т.Аралбай қойған «Мың бір түндегі» Зейнабы, Ә.Ақпанбеттің «Дүние-думанындағы» Зинасы, (реж.Қ.Сүгірбеков), С.Балғабаевтың «Сағыныш пен Елесіндегі» Елесі (реж.Ә.Рахимов) көрерменге өзіндік қолтаңбасымен құнды. Актриса қазіргі замандағы салиқалы әйел, орта жастағы ана бейнелерін сомдауды армандайды. «Маған әйелдің күйзелісі мен әйелдің қуанышын, ананың әртүрлі көңіл күйін ойнаған ұнайды», – дейді. Әртістің әріптестері «Меруерт массовканың өзінен рөл шығарып алады» деседі. «маған әріптестерімнің бұл бағасының орны жоғары. Мен үшін мұндай пікір есту қуаныш», – дейді Меруерттің өзі. Әріптес бағасы мен көрермен ықыласы әртісті өсіреді, қанаттандырады. Әртіске тән осындай әдемі күйді кейіпкерімізден көрейік.