Атырауда батыстың дәстүрлі ән мектебінің негізін қалаушы, осы өңірдің кең тынысты біртуар әншісі – Мұхиттың әндерін бүгінге жеткізуші Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ақжайықтан ән оздырған» атты аймақтық әншілер байқауы өтті. Оған қатысқан әншілерді сұрыптауда қазылар алқасы барынша әділдік танытуға тырысты.
Атырау облыстық мәдениет басқармасы мен Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен мәдени шараның ашылу салтанатында, ең алдымен, батыстың дәстүрлі әндерін орындаушы оралдық Қатимолла Бердіғалиев, Ғарекеңнің шәкірттері Сәуле, Гүлмайдан мен Мейрамгүл Орашева, Қайрат Қакимовтар кез келген әншінің дауысы жете бермейтін кең тынысты әндердің күрделілерін халық алдында шырқап беріп, байқауға қатысушыларға ақ жол тіледі.
Екі күн бойы батыстың кең тынысты дәстүрлі әндері шырқалған Ғарекең атындағы аймақтық байқаудың қорытындысында бас жүлдеге келгенде пікірі екі жарылған қазылар алқасы оны әйел және ер дауысты деп бөліп қарастырды. Сонымен, қос бас жүлде Батыс Қазақстан облысы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің әншісі Күләш Қуанышқалиева мен Атырау облысының Индер ауданының тұрғыны, елу жыл ғұмырында Ғарекең әндерін нақышына келтіріп орындауымен көзге түсіп жүрген алыс ауылдағы талантты өнерпаз Айдар Иманғалиевқа бұйырды.
Ақжайықты ән тербеді
Последние статьи автора