Қазақ «үйге қарай жүгірме» деген, себебі «жау шапты!» деген жаманат хабарды ғана бұрын біз соншалық екпіндеп, аттандап жеткізетін болғанбыз. Білем, дәл қазір мен солай «жаманат жеткізуші» сияқтымын. Бірақ, шын мәнісінде, жазық менде емес... Себебі мен естігенімді емес, көргенімді айтушы ғанамын.
Сонда не көрдім? Жалғыз мен ғана көрсем, мейлі ғой, оны бәріміз көрдік емес пе? Осыдан аз уақыт бұрын Алматыда Есентай өзенінің жағалауында жыныстық қатынасқа барған екеудің бейнежазбасы интернетті бомбадай «жарғаны» есте шығар. «Жә, бұрын білмейтіндей болмаңдаршы, Алматыда ондай жайт түн сайын бір тәуліктік пәтерлер мен түнгі клуб, көліктердің артқы орындығында, тіпті саябақтардың тасасында да болып жатыр емес пе?» дегендер болмады емес. Бірақ, мәселе сонда, бұрын ондай-ондайлар ең құрығанда жұрттан жасырын жасалса, бұл жолы тапа тал түсте, ерсілі-қарсылы өтіп жатқандарды елемеуде болып тұр емес пе? Міне жұртшылықты таң қалдырғаны да осы! Шу еттік! Оған да шүкір, себебі ерсі санадық қой? Және коментарий жазғандардың дені «е, олар барар жері жоқ қаңғыбастар екен» деді. Соған сәл де болса жүрегіміз орнына түскен.
Бірақ, содан кейін сап тиылса мейлі еді, жоқ, керісінше қаулай түсті. Күні кеше тағы екеу (адам деуге ауыз бармай тұр)...
Бұл – сөзсіз, азғындық. Зинақорлықтың соншалық өршіп, енді тасаны місе тұтпай, ашық алаңға шығуы. Соның бәрі неден? Оның өз кезінде ауыздықталмағаннан. Ең ғажабы, төрт тағандап жүретін жан-жануар, хайуанаттар емес, екі аяқты пенденің осындай азғын күйге түсетіні жайлы Қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың Хадистерінде осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазылып кеткендігінде.
Әбу hурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жаным қолында болған (Алла)мен ант етейін, Ер кісі әйелді жолда астына баспайынша, бұл үмбет құрымайды. Сол кездегі ең жақсы адамдар (оған): «Еш болмаса, мына дуалдың артына апарсаң қайтеді?» деп айтады», - деген.
Ал, біз ең құрығанда сол «еш болмаса..» дейтін «ең жақсы» бола алып отырмыз ба? Мәселе, сонда боп тұр ғой? Олар мейлі «зинақор, тағы» бола қойсын, ал біз ше? Оны көре тұра, «қой» деудің орнына, рахаттана тамашалап, таспаға жазып әуреміз. Сондағы көкейімізді тесіп бара жатқаны, «youtube»-ке орналастырып, көрермен жинау ма? Күні ертең біз де куәгер ретінде жазаға тартылатынымызды неге ойламасқа? Сонда бізге «youtube»-тің арғы жағындағы көрерменнің бірі араша бола ала ма?
Ендеше, тәубеге келейік. Әйтпесе, ертең, Күн батыстан шыққанда, тым кеш болады...
Мәриям ӘБСАТТАР