«Ақырзаман» авторы майялықтар ма?

Мәлімнен гөрі беймәлімге сенгіш, көрінетіннен гөрі көмескіге құмар адам баласы ұлу жылын үлкен үмітпен қарсы алып, үрейлі үдеріспен шығарып салды десе болғандай. Үрейлі үдеріс деп отырғанымыз – «21.12. 2012» деген сандар тізбегіне қатысты ақырзаман айтысы. «Болады-болмайды, сөнеді-сөнбейді, төнеді-төнбейді» – қып-қызыл айтыс, қызылкеңірдек емей немене, шындығында, ол анау-мынау емес, алты миллиардтың алауыздығына алып келсе... Күн сөне қалса, аспаннан тас төне қалса деген қорқыныштан қолына шырағданын ұстап, азық-түлік толы қоржынын арқалаған алты миллиардтың тең жартысы  далбасалап, сәл болмағанда жұмыр жерді тастап қашуға әзір болғаны да өтірік емес. Соның бәрі бір ғана «Майя күнтізбесінің» кесірі...

«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай»...
«Жер ғаламшарының күні бітуге таяу, күллі тіршілік атаулының жүрегі тоқтап, ақтық демі шығатын күн – 2012 жылдың 21 желтоқса­ны» деген сәуегейлер сөзі жетпеген түкпір қалмаған шығар. Тіпті «топан су басады» десе де, «алдымен бас­сын да, сосын көреміз» дейтін ең бейқам қазекемнің ауылында қозғалыс басталды емес пе?! Ауылдың аңғалдығы-ай, ақыр­заманды тек қалада болатын құбылыс көріп, «балам, ақырзаман біткенше ауылға келе тұрсаң қайтеді?» деген де апалар та­был­ғаны анекдот емес, шын оқиға. Енді, расында, өйдемей қайтсін ақырзаман  дегенді кім көріпті? Оның шын мәнінде, қашан, қалай боларын тек Алладан басқа ешкім білмейді ғой. Бірақ «2012» деген фильм­ді түсіргендер соны өздері көрген­дей қылып көрсетті емес пе? «Қашайын деп тұрған киік еді...» дегендей, онсыз да дүниенің әр бұрышынан әр күн сайын әртүрлі дүмпу шығып, аяқ астынан әлекке түсіп жатқан адамзатқа бұл кәдімгідей ой салды. Оған онша мән бермей жүргендерді көп ұзамай «Майя күнтізбесінің» дабылын қағушылар дүрліктіруге көшті. Жеті қат көктің ар жағында не болғанын көзімен көріп, қолымен ұстап тұрғандай сөйлеуші­лер «Ғаламшарлар шеруін» алға тартып, «Нибуру атты жұмбақ планета 3600 жылда бір рет жерге жақын­дайды. Ол жақындаған кезде, тар­тылыстың әсерінен жер бетін­де...» деп, үрейлі сценарийді алға тартқан астрономдар мен физик-ғалымдар да табыла кетті. Тіпті сол майялықтардың обсер­ваториясының жанына барып, сол жерден сараптама жасаған тележобалар да қаптап кетті. Желтоқсанның 21-і таяған сайын, жаналқымнан алуға көшті. Әнше­йін­де теледидарға сеніп, киноға тіпті еніп кететін жұмыр басты пенде емеспіз бе,  ақырзаманға кәдімгідей иланды ел. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деп, Абай айтқандай, биыл сол екі ай жай «қыс­тың басы бірі ерте, біреуі жай» болған жоқ, дүкендерде балауыз шам мен қалбырдағы еттің саудасы қызған кез болды. «Әй, сен балауыз шам алдың ба?» деп қарап тұрмай әйелдер ойда жоққа ой салып, одан сайын  ақырзаман жайлы отқа май құя түскені, иланғанымыз емей немене... Күлеміз бе, жоқ жылаймыз ба, сол дүрлігу кезінде тіпті ақирет кү­нін қарсы алуға арнайы ядролық бомбы­лар­дан қорғанатын бункерлерден орын сатып алған да әлемнің ба­қуатты адамдары болған. Ресми емес дерек көз­де­ріне сүйенсек, ресейлік қалталылар «ақиреттік үй» үшін 3 миллион рубльдерін аямай лақтырған көрінеді. Енді ше, жаннан артық дейсіз бе дүние? Ондай орындар алты айға дейін автономды жүйеде жұ­мыс істейді екен,  Ішінде де­малыс б­ұ­рышы, кі­тап­хана, кинозал т.б. бөл­мелері бар көрі­неді. Алты миллиардтың қатарында өліп кетпей, алты ай болса да артық өмір сүре­йік деп ақшасын құйғандар желтоқсанның 21-ін қандай қорқынышпен күткенін өзіңіз есептей беріңіз... Өте құпия түрде бір ғана Мәскеу об­лы­сында 2 мың адамға, ал АҚШ-тың Юко­тан штатында да «400 гектар жерге құпия бункер салыныпты-мыс» деген деректер бар, бұдан да өзге әлем­нің қай түкпірінде қанша бункер салынғанын бір Алла біледі...
«Ақырзаманнан» кейін...
Кейбіреу үреймен, кейбіреу күлкі, кейбіреу үмітпен күткен 21-і де жетті. Күн кәдімгі қалыппен көкжиектен күліп атып, құстар кәдімгі таңғы әуенін шырқап, өзен-сулар өз арнасында ағып, киік қырында, бақа көлінде, сексеуіл шөлінде, ең басты­сы, адамзат аман-есен тіршілігіне кірісті. Күн сәл кешіксе балауызын тұтатқалы жатқан, бәлкім, бункеріне жайғасып та үлгергендер болса, өздерінің әлдебір ма­зақ­қа алдан­ғандарына ыза болған шығар. Себебі олар «алданды» ғой?! Алдаған кім? Майялық­тар ма?
Ақиқатқа жүгінсек,  адамзаттың има­нын үйіріп, ақтық сәтін санауына майялық­тардың түк те қатысы жоқ. Сонау ежелгі заманнан бері қарай жер бетінен құрып кетпей, тіршілік етіп келе жатқан бұл көне тайпа мұрагерлерінің саны бүгінде 6 мил­лион шамасында. Ең бастысы, олар «біздің бабаларымыз осылай болжап кеткен» деп ешкімнің ұйқысын қашырып, үрейін асыр­май-ақ өз беттерінше бейбіт ғұмыр кешу­де. Ендеше, ай мен күннің аманында «Ақыр­заман» атты алып туындыны дүние­ге алып келген кім? Бұл ретте өмірінің 40 жылын майялар күнтізбесіне арнаған неміс математигі Йоа­хим Риттштиг былай дейді: «Осыдан 13 жыл бұ­рын өмірден өт­кен америкалық зерт­теуші, бүкіл ғұмырын майя тай­пасының жазуларын, пирами­даларын зерттеуге арнаған Линд Шелен үлкен қателік жасады. Ақыр­заман жөнінде майя тайпасы­ның күнтізбесіне қарап айтқан сол. Ал, шынында, майялықтар ешқандай да ақыр­заман жөнінде ауыз ашпаған. Олар тек өз өркениеті дәуірлеп тұрған тұста, бірде Күн тұтылып, қат­ты жер сілкінісі болғаны, әлгі табиғи апаттың салдары қа­лай соққаны туралы қабырға тасқа жазған. Соны Линд Шеле қате оқыды. Адамзатты алда қа­сірет күтіп тұр, ол мыңыншы жы­лы болады деп қате пікір білдірді. Қа­зіргі ғылым сол Шеленің айт­қан­дарын пайда­ланып, саналы тір­шілік біткенді ақырза­манмен үркітіп бітті» дейді.
Майя күнтізбесінің тағы бір зерттеушісі Виктор Талах болса, майялықтар 2012 жыл­дың 21 желтоқсанында өз күнтізбеле­рінің бесінші дәуірін жабатын уақытын ғана көрсетті. Одан кейін жаңа «Алтыншы Күн дәуірі» басталатынын айтқан-ды. Алайда беймәлім біреу осы деректі ұр­шық­ша үйіріп әкетіп, дүйім дүниені дүр сілкінтті» дейді.
«Мегажәрмеңке»: балауыздан бункерге дейін...
Ендеше, осы тұста біз «Апокалипсис-2012»-нің алып жоба болғанына көз жеткіздік. Ақылдылар о бастан-ақ солай екеніне күмәні болмаған, сондықтан ба­лауыз да сатып алған жоқ, ешқайда жи­нал­мастан, кәдімгі тіршілігін жасап жүре берді. Екінші бір топ «не болса да көнеміз», яғни «қайда барсаң Қорқыттың көрі» деп үндемеді. Ал үшінші топ «қақпанға» түсті.  «Жәрмеңкені» қыздырған да солар. Жәрмеңке болғанда да қандай ауқымды, яғни «мегажәрмеңке» деңізші: балауыз­дан бастап, бункерге дейін сатылды... Бәл­кім, бір жағынан бұған «ұрыны қарақшы тонайды» деп, яғни әншейінде жетім-же­сір, жарлы-жақыбайға жаны ашымай, тіпті солардың несібесін тартып алып байыған бақуаттыларды өз тәсілдерімен алдап, арам ақшасын әшкерелеу де болған шы­ғар... Бәлкім, біраз тойып секіргенді тәубесіне келтірген ақырзаман туралы аңыздың қайырлы жағы болған  шығар... Ал ақиқатында «ақша, дүние – қолдың кірі», яғни күллі дүниенің байлығы уыста тұр­са да, Әзірейіл төніп келгенде бір сәттік ғұмырды да сатып ала алмайтыныңыз анық. Алайда психикасы ауытқуға түсіп, «ақыр­заманнан құтқарайын» деген  оймен өз баласын бауыздап тастаған да ана болды ғой, сол бейкүнә сәби тағды­рына кім жауапты? Соның бәріне «Майя күнтізбесі кінәлі» деп құтыла салмақпыз ба әлде?
Бірақ бір нәрсе анық, ақырзаман тү­бін­де болатын құбылыс, бірақ Құдайға сенгендер «Майялықтардың күнтізбесін­де» айтылған ақырзаманға миығынан күле қарады. Себебі адамзаттың шын ақы­реті қашан болары тек бір Аллаға аян. Оны тіпті адамзатқа жіберілген соңғы Пайғам­барымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өзі білмей­тіні Құранда анық жазылған. Ендеше, «2012 – ақырзаман» туралы аңыз мына­дай теорияға әкеп тіреді – «Құдайға сен­бе­ген­дер, қауесетке сенеді».

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста