Шағангүл ЖАНАЕВА, Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры:
Шағангүл Жанаева Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде 1992 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Жақында ғасырдан астам тарихы бар оқу орнының ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан білікті ұстаз, жаңашыл педагогпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан осында білім алған
– Шағангүл Алдамжарқызы, 110 жылдан астам тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжді басқарып отырсыз. Оқу орнында келешек мұғалімдерді даярлау ісі қалай жүргізіліп жатыр?
– Жалпы, Семей өңірінде ғана емес, еліміздегі көнеден келе жатқан оқу орындарының бірінен саналатын Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж көршілес Ресейдегі Омбы мұғалімдер семинариясымен қатарлас ашылған болар деп есептеймін. 1903 жылы іргетасы қаланған оқу орны одан бері талай қоғамдық құбылыстарды бастан өткере келіп, бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің ұрпақ тәрбиесімен айналысатын білікті ұстаздар қауымын тәрбиелеуге атсалысып келе жатыр. Бүгінгі таңда 110 жылдан астам тарихы бар біздің оқу орнында білікті де білімді, қазіргі заманның талабына сай келетін оқытушылар жұмыс істеуде. Колледжде 210 адам қызмет етеді. Олардың басым бөлігі ұзақ жылдар осында тер төгіп келе жатқан ұстаздар. Біздің басқа оқу орындарымен салыстырғандағы басты ерекшелігіміз – тамырын тереңнен алатын тарихымыз болса, тағы бір ерекшелігіміз – Қазақстанның білім беру жүйесінде тұрақты, үздіксіз маман даярлап келе жатқандығымыз.
Бұл оқу орнында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан секілді тұлғалар білім алған. Тізе берсек, қазақтың маңдайалды ұлдары, елім деп еңіреген, ұлтының жоғын жоқтаған талай тұлғалар осы жерде білім нәрімен сусындаған, үлкен өмірге қанат қаққан. Әлкей Марғұлан бір естелігінде: «Бұл семинария институтпен теңдес келетін оқу орны» дейді. Соған қарағанда, біздің педагогикалық колледж ғана емес, білім беретін қай шаңырақтың да мақсаты – өз Отанына адал қызмет ететін саналы да парасатты ұлт кадрларын даярлау. «Ұлт» деген сөзге мен айырықша мән берем. «Бұрын ұлтшыл дегеннен қорқушы едік, енді ұлтшыл дегенге зар болатын болдық» деп Шерхан Мұртаза айтпақшы, ұлтыңның жоғын жоқтау, өз еліңді, өзіңнің кіндік қаның тамған Отаныңды сүюің – ол сенің ең басты адамдық қасиетің. Сол ұлы Отаныңда отаншылдық рухты жебеп отырған сенің аядай ғана шағын Отаның – отбасың, ата-анаң, білім алып жатқан оқу орның. Өз ұлтың, елің, жерің деген ұғымдарды бойына сіңіріп өскен маман ғана өзінің Отанына шынайы сезіммен, арлы ұғыммен қызмет етеді.
– Колледжде маман дайындау үрдісінде ең әуелі нені басшылыққа аласыздар?
– Біз кешелі-бүгінді ашылған оқу орны емеспіз. Сондықтан біздегі білім беру, тәрбие беру жұмыстарының бәрі мейлінше жүйеленген, қалыпқа түскен. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас-жауы» деген сөзі бар. Біз ең алдымен тәртіпке ерекше көңіл бөлеміз. Колледжде білім алатын контингенттің басым бөлігі – қыз балалар. Мұхтар Әуезовтің өткен ғасырдың 17-інші жылдарындағы алғаш қолына қалам алған кездегі жазған дүниелері қазақ әйелдерінің тәлім-тәрбиесіне байланысты еді ғой. Біз де қыз баланың тәрбиесіне айрықша назар аударамыз. Олар бүгінгі ұрпақтың ғана тәрбиешісі емес, ертеңгі ұлттың анасы. Сол себепті «тәрбиеші» деген ұғымның көтерер жүгі орасан. Республикалық деңгейде жоғары бағаға ие болған «Ұлағат» атты ұлттық тәрбие жүйеміз бар, оның бағдарламасы республикалық деңгейде үлгі ретінде танылған, министрлік тарапынан ел ішінде кеңінен насихатталуға міндеттелінген үлкен жоба.
«Бұл оқу орнының кірпіші тұрмақ, ауласындағы ағаштарының өзі де адамға рух береді»
– Оқу орны Мұхтар Әуезовтің есімін иеленген. Білім ошағында әуезовтану мәселесі қаншалықты жолға қойылған?
– Колледж 1967 жылдан бері Мұхтар Әуезовтің есімімен аталып келеді. Әуезовке қатысты колледжімізде жүйелі түрде тағылымды шаралар өткізіліп отырады. Әуезовтің шығармашылығы мен еңбектерін жастарға әр уақытта насихаттап отыру – біздің парызымыз. Оқу орнында Әуезов мұражайы бар. Колледж табалдырығын аттап, қатарымызға жаңадан қосылып жатқан бірінші курс студенттеріне мұражай міндетті түрде таныстырылып, Әуезовтің өмірінен мағлұмат беріледі және оқу орны тарихының М.Әуезов өмірімен байланысы айтылады. Колледжде «Ең үздік Әуезовші» деген арнайы марапатымыз бар. Оған кез келген білім алушының қолы жете бермейді. Бұл марапатқа ие болған білім алушыға «Әуезов шәкіртақысы» тағайындалып, айына 10 мың теңге төленеді. Бұл атаққа М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын жақсы білетін, қаламгердің ұлтына деген махаббатын бойына сіңірген ең таңдаулы студент ие болады. Өткізіліп жатқан барлық мазмұнды шаралар біздің қатарымызға қосылып жатқан жас буынды Әуезов рухына құрметпен қарауға тәрбиелейді деп ойлаймыз. Бұл атақтың өзіндік төсбелгісі мен арнайы куәлігі бар. Осы атаққа ие болған студенттеріміздің қатары жыл санап көбейе түсуде. «Әуезов сыны» байқауы да өткізіледі. Байқау жастарымыздың жазушының шығармашылық еңбегімен жан-жақты танысып, мол білім жинақтау үшін ұйымдастырылады. Таңдаған мамандықтарына қарамастан, бірінші курсқа қабылданған барлық топтарда «әуезовтану» пәні өткізіледі. Білім ошағының басты мақсаты – Әуезов ұлағатын бойына сіңірген, саналы да сапалы мамандар даярлау.
– Қазіргі уақытта мектеп бітірушілердің сіздердің оқу орындарыңызға деген қызығушылығы қандай?
– Жекеменшік оқу орындарынан ауысып келіп, біздің колледжде білімін жалғастырып жатқан жастар көп. Кейде қарт адамдар «мен бұрын осында оқығанмын, енді ұрпағыммен келіп тұрмын» деп қасына немере я шөбересін ертіп келіп, балаларын бізге табыстап жатады. Бұл, әрине, біздің оқу орнының беделін көрсетсе керек.
Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов колледжге келген бір кездесуінде ауламызда тұрып былай деген еді: «Бұл оқу орнының кірпіші тұрмақ, ауласындағы ағаштарының өзі де адамға рух береді». Оқу орнымыздың рухани ұстанымы өзінің даңқты тарихымен ұштасып жатыр.
Гендерлік саясаттан қорқудың қажеті жоқ
- Бүгінде мемлекетімізде гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Дегенмен гендерлік саясатқа байланысты жұрт арасында түрлі пікірлер айтылады. «Гендерлік саясат салтбасты, сабау қамшылы шенеунік әйелдер армиясын көбейтуге әкеліп соғады» деген пікірді де естідік...
– Гендерлік саясатты батыстық ұғым деп қабылдамау керек. Жаугершілік замандарда қазақтың қызы ерлермен бірге білек сыбанып, қолына найза алып, жауға қарсы тұрған. Тарихта ақыл-парасатымен ел ұранына айналған аналарымыз көп екендігі белгілі. Гендерлік саясат – қазақтың тарихи жадында ежелден бар ұғым. Заман өзгерісіне байланысты әр ұлт өзінше ой қорытуда. Уақыт талабына қарай әйелдер де қоғамнан өз орнын алады. Төзімділігінің арқасында әйелдің қол жеткізген ізгі де игі жетістіктері қаншама. Гендерлік саясаттан қорқудың қажеті жоқ. Әйел өзінің төрт тарабын тұтас қамтып отыратын болса, неге гендерлік саясатты ұстанбасқа! Басшылық жасай алатын қарым-қабілеті болса, неге басшылық жасамасқа?!
– Педагогикалық колледжде білім алатын оқушылардың дені - қыздар. Жалпы, қыз балалардың тәрбиесі жөнінде не айтасыз?
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің тамаша сөзі бар. Бесік басында отыратын ана тірлігі оның қоғамда атқарар рөлімен ұштасып жатыр. Біздің колледжде қыз балалардың саны басымырақ. Қазір оқу бағдарламасына басқа мамандықтар қосылғандықтан, ер балалар да көптеп білім алуда.
Ибалылық – қазақ қызының жан дүниесінің картинасы. Жаһанданудың да залалы бар шығар, көптеген қыздарымыз ер азаматтарға ұқсап бара жатыр. Ер балаларша шалбар киіп, ерлерше адымдап, қыздар өздерінің нәзік те ибалы жүріс-тұрысынан айырылып бара жатқандай. Қыз жүрген жерде тәрбие болмаққа керек.
– Ұстазсыз. Ұстаздың да ұстазы бар. Сіздің ұстаздарыңыз кім?
– Кешегі алаштың жұрнағындай, қазақтың ұстазы, зиялысы, өзінің жүріс-тұрысымен де, адамдармен қарым-қатынасымен де үлкен құрметке лайық, эстетикалық, философиялық тұрғыдан да өзін мойындатқан – Нәубат Қалиев, отыз жылдан астам уақыт бойы Абай мұражайын басқарған – Төкен Ибрагимов, сондай-ақ, ғылым жолына жетелеген, ғылыми кандидаттық жұмысыма жетекшілік еткен – Арап Сіләмұлы, білікті ғалым Қинаят Шаяхметұлы сияқты ағаларымыздың үлгі-өнегесін көргенімді мақтан тұтамын. 1992 жылы Абай мұражайында еңбек етіп жүргенімде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов білім алған қара шаңыраққа қызметке келуіме ең алғаш Нәубат аға себеп болған еді. Содан бергі уақытта осы шаңырақта абыройлы еңбек етіп келемін.
– Сіздің белгілі қазақ ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімовтің жары екеніңізді білеміз. Ақынның жары болу қиын емес пе?
– Оның рас, ақынның жары болу оңай емес. Жалпы, «ақын» деген сөзді әр адам әртүрлі түсінеді. Сондай-ақ, ақындар да әртүрлі болады. Мінездері әр алуан халық қой. «Өмірден көрген-түйгендері бар ақын», «философиялық салмақты ойдың ақыны» деген сияқты, біреулер масаттанып кетіп жатады. Шын ақындар – аппақ әлем, әдемі халық. Бейне, періштелер секілді. Тәңірдің нұры іспетті. Қоғамға залалы жоқ, ойын ашық айтады. Пушкиннің: «Ақын сөзді қолмен ұстағандай көзбен көреді» деп айтқаны бар. Дүниеге ақын көзімен, өлең көзімен қараудың өзі – бір бақыт. Ақындар қарапайым көріністің өзінен ғажап көркем дүние жасап шығарады. Өмір сұлулығы да, сыры да – өлеңде! «Өлең сөздің алдында өлім де дәрменсіз!» - деді емес пе өзбек ақыны Ғафур Ғұлам.
Тыныштықбектің қазақ әдебиетінде белгілі орны бар. Төрт кітабы жарық көрді. Оның кейінгі екі кітабы – қазақтың философиялық дүниетанымын танудағы елеулі еңбек.
Тыныштықбек – ойдың ақыны. Мінез-бітімі ұшқалақтанып кететін адам емес. Үлкен сезімнің адамы. Өлең жазғаннан кейін кейде маған оқытады. Қандай жағдайда болсам да, мейлі шаршап отырсам да оқимын. Оқып отырғанымда қабағыма қарап, пікір айтуымды күтіп отырады. Кейде өлең жолдары түсінікті болса да, түйсікпен талдап айта алмайтын жайттар кездеседі. Ондай жағдайда өзімнің жеке пікірімді айтуды жөн көремін, сонда «осыны өзім де күтіп отырған едім» деп қуанып қалады.
Ақынның жанында өмір сүруім – адамды тануыма үлкен мектеп. Егер сол үлкен мектепте жүріп, бірақ оның талабына ілесе алмасаң, өміріңде мән болмайды. Ең бастысы, ақынның рухани сұранысына лайық болуың керек. Тірлік қамында ұзақ ойланып жүретін әйел көп қой. Бар да болды, жоқ та болды. Бірақ жоқ болды деп жыламадым, бар деп шалқайған жоқпын.
– Басшысыз, ғалымсыз, тіл жанашырысыз. Ал енді отбасында қандай жарсыз, анасыз? Әбдікәкімовтер әулетіне қандай келінсіз?
– Жалпы, қыз баланың мойнына жүктелер іс, атқарар шаруа оңай емес. Біз намыстың туын жықпайтын ерекше халықпыз. «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу, ұлды тәрбиелеу – руды тәрбиелеу», «Қызға қырық үйден тыйым» сияқты мақалдар тегін айтылмаған. Бұл тағылымдар көкіректе өзара ұштаса келе, бойжетіп, одан тұрмыс құрып, келін атанып, ана болып, салт-дәстүрімізбен бірге қоян-қолтық өмір сүру – басты абырой. Енді міне, ұрпақ сабақтастығы ұлымыз – Мұхтар, келініміз – Қарлығаш, немереміз – Айбүбімен жалғасады.
Ақынның жары қандай болу керектігін жоғарыда айттым ғой. Содан-ақ ой түйіндей беруге болады. Мен келін болып түскенде атам қайтыс болып кеткен екен, ол кісіні көрген жоқпын. Он қолынан өнер тамған шебер адам болған көрінеді. Ал енем, Айтжамал (атын айтуға болмайды, бірақ газет үшін айтайын. Күліп алды) – ортамызда, осы қалада тұрады, жасы 80-нен асты. Нағыз қазақи, кеңпейілді адам. Тағдырдың ащысын да, тәттісін де басынан көп өткерген, бейнетті өмірдің бүгін зейнетін көріп отырған ардақты ана. Бес ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсірді. Неше түрлі енелер болады, ол кісі қатал болған емес. Үнемі батасын беріп отырады. Абысын-ажындарыммен араласып тұрамын. Жаман келінмін деп айта алмаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Азамат Қасым