Ақынның екінші әлемі ашылды
«Өлең тек қана анасындай, баласындай болғанда ғана ақыннан бір нәтиже шығады. Ал, өлеңді туған анасындай, баласындай көрген ақынның бірі Әбілда Аймақ», - деп тебірене толғаған Тұмағаңның Әбілдасының да арамыздан кеткеніне 120 күн өтіпті. Ылғи да жырларынан қарапайымдылық пен тереңдік қатар көрініс табатын, аңқылдақ жүрек Әбекең енді арамызда жоқ. Қалғаны, өмірі--өлең, өлеңі--өрілген өмірдей ақын жырлары ғана... Бұл Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты филология ғылыми мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Жыр тұнған жүрек» атты іс-шарада түйген ой еді..
Осыдан біраз бұрын Мархабат көкесін, Хан апасын, Нармахан ағасын күңірентіп, сары тентек Бақытжан інісінің жанарын боталатып, бақиға аттанған Әбілдасын бүгін жастар еске алып, жырларын жатқа оқып жатыр. Жанарынан жалын ата жыр оқыған жастардың толқыны сұрапыл. Ұрпақтар сабақтастығы жыр көшінде де үзіліп қалмақ емес, Әбілда көкесінің қағанатынан шыққан бір топ жас өсіп келеді. Шоқтықтысы, әлі университет тауыспаған Әлімжан Әлішер мен Батырхан Сәрсенхан.
Пединиституттың кең залында ине шаншыр орын жоқ, көбісі жырға сусаған жастар. Сахнаның қақ төрінде шұбайқызыл қызғалдақтың сұлулығынан шабыт алып жамбастап жатқан ақын портреті тұр. Алдыңғы қатарда отырған замандастарының көңілі астаң-кестең, әлсін-әлі ауыр күрсіністе. Иә, Әбілда ақын туралы көп естеліктер айтылды. Дегенмен, Аймақтың ақеділ ұлына ең тұшымды бағаны қазақтың аңыз қызы Фариза Оңғарсынова беріп қойғандай. Оқып көрелік, «Әбілда Аймақтың жырлары--классикалық өлеңдер. Мен оны оқып шықтым. Бір өлеңінде:
«Түк таппай пенделердің сенімінен
Анда-санда байларға еріп үрем,- дейді.
Бұлай деп қазақта Әбілдадан басқа әлі ешкім айтқан жоқ»,- деп жазыпты Фариза апамыз.
Институт ректоры Оңалбай Аяшев өзі басқарып отырған жоғарғы оқу орнының ақын есімімен мақтанатындығын жеткізіп, еске алу кешінің білім ордасында атап өтілуінің себебі, Әбілданың жастық көктемі, студенттік шақтары осында өткендігін тілге тиек етіп, рухы азат, асыл текті азаматтың атына мадақ айтты. Одан кейін сөз алған Нармахан Бегалыұлы, Қабылбек Төретаев ақынға тірісінде қамқор болғандығын жеткізсе, Хан апамыз жабыққан сәттерде жұбанышын өлеңнен іздеген ақын інісінің өзіне жазған хаттарынан үзінді оқыды. Кеш барысында ақынның «Өзім туралы» монологы орындалып, поэзиямен қатар драмалық жанрда жазылған «Шәмшінің сағынышы» шығармасы сахналанды. Әу, баста, Бөген аудандық мәдениет бөлімінде әнші болған ақынның «Асыл ана», «Алтын бесік», «Ел бірлігі», «Жүрегім жылайды» әндер жазғандығы тілге тиек етіліп, студент жастар сол әуендерді әуелете шырқады. Жиын соңында ақын жырларынан «Ақ қарға жаздым атыңды» композициясы орындалды.
Иә, бұл кеш ақынның екінші әлемінің жастар санасындағы көрінісі деп айтсақ қателеспеспіз. Байқағанымыз, еске алу кешінен әр жас жүрек өз әлінше ой түйіп қайтты. Қуантарлығы, сөздің нарқын түсінер ұрпақтың сапы сиремепті. Ендігі, тілек, ақынның жылдық еске алу кешін тиісті сала өз деңгейінде атап өтсе ...
Нұршат ТӨКЕН