«Ақын ауылда туып, Астанада өледі» деген қағиданың «жаназасын» шығарған ақындардың бірі Садықбек Адамбеков болатын. Арыс ауданында кіндік қаны тамған ақынның соңғы демі де туған жерінде жүріп таусылды. Биыл жерлестерінің ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы болған ақынның туғанына – 90 жыл. Осы мерейлі датаға орай Қазақстан Жазушылар одағы мен облыстық әкімдік өзара бірігіп, Шымкент пен Қызылорданың от ауызды, орақ тілді ақындарының басын қосып, жекпе-жек ұйымдастырды.
Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінде өткен айтысты белгілі сатирик, Садықбек Адамбековтің шәкірті Көпен Әмірбек жүргізді. Алайда бұл айтыста ақындардың тапқырлығына, шеберлігіне баға беріп, балл көтеріп отыратын арнайы әділқазылар алқасы болған жоқ. Бұл айтыстың төрешісі де, қазысы да өнерсүйер қауымның өзі болды.
Сахна төріне Шымкент пен Қызылорданың намысын қорғаған бес жұп ақын жекпе-жекке шықты. Қызылордалық Е.Әбдиев оңтүстікқазақстандық Қ. Білдәшевпен сайысса, Ә.Сыздықовтың қарсыласы Б.Шойбеков болды. Б.Оразымбетов пен Ж.Қазиева, Н.Мансұров пен А.Леубаева, М.Ниязов пен К.Оралова жұп құрып, «жұдырық» түйістірді.
Өнер додасы сатирик-ақын С.Адамбековтің мерейтойына арналғандықтан, әзілге көбірек көңіл бөлінді. Бір-бірін әзіл сөзбен сүріндірмек болған суырыпсалма ақындар тапқырлығымен көрермендер көңілінен шығып, зор қошеметке бөленді.
Көпен ӘМІРБЕК, сатирик:
– Бүгінгі әзіл айтыстың ұтымды ұйымдастырылғанын мойындаймын. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш сатиралық романның авторы Садықбек Адамбековтің аруағы алдында қандай құрмет көрсетсек те, артықтық етпейді. Ол – туған өлкесінің ғана емес, бүкіл республиканың мақтанышы. Ақынның өлеңдері көптеген шет тіліне аударылған.
Ақындардың жекпе-жегі
Последние статьи автора