«Бабалар аңсап өткен асқақ арман...». Өскеменде дәл осындай атпен оқушылар айтысы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған шара қалалық жасөспірімдер кітапханасында болды. Айтысты ұйымдастырған – облыстық жасөспірімдер кітапханасы мен облыстық балалар құқын қорғау департаменті.
Жыр додасына қала мектептерімен бірге облыс өңірінен төрт жұп ақын, яғни сегіз оқушы қатысып, бақтарын сынады. Айтыстың тақырыбы Тәуелсіздік жайлы болғандықтан, ақындарға осы тақырыпты жырлау басты шарттардың бірі болды. Талапты орындап бағуда өрендер алдарына жан салмады.
Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлімдегендей, ақындардың ең кішісі 5-сыныпта оқыса, енді бірі 10-сыныпта білім алып жатыр. Ерекшелігі – сол жас таланттар «мен үлкенмін, сен кішісің» деп бекерге қарап тұрмай, сөз сайысында барынша сынға түсті. Бір-біріне қолма-қол жауап қайтарысып, әдемі ой, қағытпа қалжыңмен кезектесе айтысуы, қазылар алқасын қуантты. Демеуші көрермендер де бұл күні залға көптеп жиналды.
Жыр сайысының қорытындысында бас жүлдені Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Қуаныш Еркін иеленсе, бірінші орынды тарбағатайлық Тілеужан Әбенов алды. Екінші орынға табан тіреген Шындос Жанболатұлы (№16 орта мектеп оқушысы) болса, үшінші орынды Айым Тоқтасынова (№20 орта мектеп оқушысы ) жеңіп алды.
Өз кезегінде көрермендер тарапынан жас ақындардың делебесін қоздырып, балалар айтысын жандандыра түсер шаралар жиі қолға алынып тұрса деген тілек-ұсыныстар айтылып жатты.
Ақындар Тәуелсіздікті жырға қосты
Последние статьи автора