Ақтөбе жәдігерлері Маңғыстауда
Жақында Маңғыстау облысында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен «Құтты мекен – арайлы Ақтөбем» атты жылжымалы көрме өтті. Көрменің мақсаты – Ақтөбе өңірінің Қазақстанның басқа өңірлерімен сабақтасып жатқан өзіндік тарихымен таныстырып, мұражайлар арасында іс-тәжірибе алмасу.
Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының салтанатты залында өткен көрмеге Ақтау қаласындағы мәдениет қызметкерлері және жоғары оқу орындарының ұстаздары, мұражай қызметкерлері қатысты.
Көрмеге ерте қола дәуірінің, сақ-сармат мәдениетінің жәдігерлері, облыстың сәулет-өнер ескерткіштерінің белгісіне айналған Абат-Байтақ кесенесінің макеті, Әбілқайыр ханға, Қобыланды батырға, Әйтеке биге, Тама Есет батырға арналған жәдігерлер қойылды. Жалпы, көрменің құрылымы «Ежелгі Ақтөбе облысының тарихы: археологиясы және сәулет-өнер ескерткіштері, Ақтөбе – батырлар мекені, атақты жерлестер және Ақтөбе – өнеркәсіп алыбы» атты тақырыпта жасақталды.
Маңғыстаулықтарға Ақтөбе өлкесінде Хантөрткүлді мекен еткен Асанқайғы бабамыздың Жерұйықты іздеп, баласы Абат батырмен кеңес құрғаны, эпостық жырға арқау болған Қобыландының Тайбурылының тұяғы тиіп, Жиренқопада жерленгені, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ордасын құрып, Хан моласы қорымының зерттелгенін, Тама Есет Көкіұлының кіреуке сауытының түпнұсқасы, халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің жеке заттары, ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің жасаған еңбегі, шығыстың қос шынарының бірі Әлия Молдағұлованың ерлігі, КСРО тарихында генерал-лейтенант шеніне жеткен жалғыз қазақ азаматы Жансен Кереевтің қызмет жолы, еліміздің мақтанышына айналған ағайынды Жұбановтардың іргелі еңбектері туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар көрмені тамашалаушылар Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов сынды көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ұлы ойшыл Мөңке би, Шернияз, Ақтан, Сары, Сарышолақ, Нұрпейіс сияқты ақын-жыраулар туралы деректерге қанық болды.
Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы1975 жылы ашылған екен. Мұражай қорында 54 мыңнан астам жәдігер бар. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бүгінде мұражайаралық байланысты жолға қойып, белгілі жерлестерімізді насихаттау жолында жарқын жұмыстар атқарып келеді. Өткен жылы осындай көрмені Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайында өткіздік. Қоры бүгінде 105 мыңнан астам экспонатпен толыққан мұражай алдағы жылы 85 жылдығын атап өтпек.
Бекнар ЕСІРКЕПОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері