Ақбота Керімбекова бір сәттік көңіл-күйін жеткізді. Адамның, өмірдің мәні туралы айтты. Адамзаттың ұсақталғаны соншалық - тек өлген соң ғана қадірлеп жатады деген ойын айтты.
"Бүгін көңілім құлазып, біртүрлі мұңайып отырмын. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" немесе "Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын" деген заман болды. Әртүрлі ойдың жетегінде кеттім.
Біз қазақ қана ма әлде бүкіл адамзат солай ма білмедім, бірақ тірімізде ешкімнің де, еш нәрсенің де, тіпті өзге түгілі өзіміздің де қадірімізді білмейміз ғой.
Өз қадірін білмегеннен бе екен, басқаны қадірлей алмайтынымыз?
Немесе өзіміздің, басқалардың, әр нәрсенің бағасын білу үшін неге дәлелдеп, құрбандыққа барып, сосын бағалап, сосын қадірін түсінеміз", - деп жазды әнші парақшасында.
Әнші адамдардың бір-біріне жау болып, бағалай алмайтынын айтады. Өмірдің мәңгі емесін, бәрі өткінші дүние екенін айтады.
"Неге біз адамзат баласы осынша ұсақталып, санамыз төмен күйге түсіп кеттік? Кейде адам адамға қасқыр болып, өзің деп өзегің өртеніп, өзгенің аяулы көңілін таптап жатамыз.
Өлместей, осы дүние басымызда мәңгі тұрардай ойланбай іс-әрекеттер жасаймыз.
Адамдағы ең басты құндылық адамшылық. Өмірге кімдер келіп, кімдер кетпеген? Небір бай бағлан, патша мен кедей де өтті. "Қашқан қадірің өлгенде ғана білінер" - деген рас қой.
Қу тамақтын соңында жүріп бір-біріміздің бар екенімізді де ұмытып кетіп барамыз.
Барымызды бағалаудан қалдық тіпті. Тірімізде бір біріміздің қадірімізді түсініп, сыйласып өтейік. Барыңызды бағалаңыз, дәл қазір, осы сәтте. Өмір мәңгі емес", - деп жазды ол.