Аңыз даланың дарабозы – Құлагерге ескерткіш орнатылды
Көкшетауда Ақан серінің аты аңызға айналған тұлпары Құлагерге ескерткіш ашылды. Қаладан шыға берістегі жолдың сол жақ қапталында даланың дарабозы тұғырға қондырылған. Қазақтың қазанаты мен тұлпарларын түгендеп жүрген, ұлттық өнер жанашырлары түгел осы өлкеге жиналды десек, артық айтқандық болмас.
Тұлпардың өз мүсіні толықтай бетоннан құйылып, астындағы тұғыры гранитпен қапталған. Биіктігі сегіз жарым метрді құрайтын еңселі ескерткішті елорданың белгілі мүсіншілері жасап шығарыпты. Астана қалалық суретшілер одағының басқарма төрағасы Қоңыр Мұхамедиевтің айтуынша, ескерткішті қай жерге орнату керектігі Көкшетау қаласының сәулет басқармасы өкілдерімен ақылдасып шешілген. Бұл мақсатқа бас-аяғы 5 миллиондай теңге шығындалды. «Құлагер топтан озған жүйрігім-ай!» деп жырға қосқан Ақан серінің өлең жолдары тасқа қашалып жазылған. Ақмола облысы әкімдігінің тапсырысымен жүзеге асырылған шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр.
Осыдан тура бір жыл бұрын Астана қаласының шетінде ұлы даламыздың атақты тұлпары Құлагерге ескерткіш орнатылғаны есімізде болар. «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында орналасқан мүсіннің ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Тұрсынбек Кәкішев, Нұрғожа Ораз, Әкім Тарази, Бошай Кітапбаев тағы да басқа ақын-жазушылар мен мемлекет қайраткерлері қатысқан еді. Осыдан кейін жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, делебесі қозатын қазақтың қасиеті сіңді ме, әлде түсінде текті тұлпардың рухы аян берді ме, әйтеуір, Ақмола облысының басшысы Көкше жерінде тұлпарға ескерткіш орнатуға білек сыбана кірісті. Ебін тауып қаржы бөліп, ойын жүзеге асырды. Бұл өзге өңір басшыларына да үлкен үлгі деуге тұрарлық. Қалай болған күнде де, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін мұндай игі шаралардың өскелең ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні зор екенін ұмытпаған абзал. Сарыарқаны әнімен әлдилеп, сазды әуенімен әуелеткен Ақан серінің «Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керімі» енді Көкшетаудың келбетін аша түспек.