Хит әншілердің бірі Әділет Жауғашар жеке өмірі, отбасы, шығармашылығындағы жаңашылдықтар туралы Еrnur.kz сайтына сұхбат берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
- Әділет, Ақбота-Нұр екеуіңіз туралы желіде шулап кеткендер көп. Өздеріңіз де парақшаларыңызда бірнеше бейнежазба жарияладыңыздар. Осы туралы білсек деп едік.
- Ақбота екеуміз өнерде дос-құрбымыз. Арамызда сіздер айтатындай ештеңе жоқ. Әзілдесе береміз.
- Қазіргі хит әншілердің бірісіз. Кез келген әніңіз халықтың көңілінен ерекше орын алды. Композиторлардан жалпы кімдермен жұмыс істейсіз?
- Композиторлардан Өмірзақ Мұхамбет, Рамазан Амантай бауырларыммен бірлесе жұмыс істеймін. Жалпы, өнерге қадам басқанда жолымды ашқан бауырым, досым Өмірзақ Мұхамбет. Екеуміз Шымкенттегі Шұбарсу ауылының балаларымыз. Басында Шымкентте киім сатып жүрдік. Жалпы, әрбір ән ақылдаса отырып шығады. Бір ғана әннің шығу тарихын айтып берейін. Хит әндерімнің бірі «Біздің ностальгия» әнін Өмірзақ Мұхамбет, сөзін Рамазан Амантай жазды. Бәріміз ақылдасып отырып, ең алғашқы шумақтар «Саған хаттар жолдаймын, Түнгі 3-те,5-терде» деп басталған. Бірақ, «қызға арнай береміз бе?»деп ойландық. Содан 1993-1999 аралығында дүниеге келгендердің ностальгиясы болсын деп ойладық. Солай «Біздің ностальгия» әні өмірге келді.
- Көбісі сізді «осы ғасырдың Шатуновы» деп әзілдеп жатады екен. Бұған не айтасыз? Еліктеу ме?
- Шатуновқа теңесе несі жаман?! Керісінше, мұндай теңеулер үшін қуанамыз. Енді белгілі бір адамға еліктеу жоқ. Төреғали ағамызға да ұқсатып жатады. Бірақ әркімнің өз стилі бар.
- Әндеріңіздің бәрі ел арасына тез таралып кетеді. Басқа елден көшіру немесе аударма емес. Бәрі түпнұсқада жазылған. Мұның себебі неде?
- Композитор бауырларымның талантынан деп ойлаймын. Репертуарымнан бірнеше әнді өзбек, қырғыз ағайындар сұрады. Бұл біз үшін жетістік.
- Биылға жоспар қандай? Қандай жаңашылдық күтеміз?
- Биыл шығармашылығым жаңа форматта болады. Иммидж өзгереді.Ерекше сый дайындап жатырмыз. Осы уақытқа дейін бірнеше аға-әпкелеріммен Дана Кентай, Төреғали Төреәлі, Қуандық Рахыммен дуэт жаздым. Енді өз қатарластарыммен жазатын боламын.
- Жалпы хейтерлерге қалай қарайсыз?
- Хейтті жақсы қабылдаймын. «Ит үреді, керуен көшеді» деп жатады ғой.
- Әлеуметтік желіде оқырмандарыңызға қаншалықты ашықсыз?
- Кавер жазған барлық оқырмандарымды қарап, бағасын беріп отырамын. Пікір жазамын. Барынша ашықпын деп айта аламын.
- «Жұлдыз» ауруымен ауырған кезің болды ма?
- Әндерімнің бәрі карантинде хит болды ғой. Сол кезде "жұлдыз" ауруымен ауырғаным бар. Байқоңырдан Төремұрат деген ағам хабарласты. «Біздің Байқоңырда концерт қоюға болады» деді. Барып, афишамызды тараттық. Халық лық толды. Екі сеанс қойдық. Алғашқы концерт, арқам ұстап керемет күйде болдым. Сахна жабылып, екінші сеансқа дайындалайын деп жатырмыз. Әндерімнің оранжировкасын жасап жүрген досым келіп, «Әдөш, молодец» деді. Арқам ұстап кеткен болу керек. «Не болды?» деп тұра ұмтылдым. Сосын есімді жиып, өз-өзіме келдім. Досым да түсінді, «Ондай болады, екінші қайталама» деді. Кейін "мұндайды қайталамаймын" деп өзіме уәде бердім.
- Ата-анаң туралы білсек. Неше ағайындысың?
- Отбасым туралы айтқым келмейді. Жеке өмір боп қалуы тиіс. Бір ғана нәрсе айтайын. Биыл ата-анама үй сыйлаған едім. Енді сол үйге келін керек.
- Ойыңдағы қызды жолықтырдың ба?
- Жоқ.
- Әділет Жауғашардың талғамындағы қыз қандай?
- Биязы, ибалы, қарапайым, әке-шешемді сыйлайтын жан болса деп ойлаймын. Өнерден алыс болғанын қалаймын.