«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, жастарды өнер мен білімге баулыған оқытушылардың еңбегі ерен екені даусыз. Ұлағатты ұстаздықты кәсіп еткен, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жеке ән салу кафедрасының меңгерушісі, доцент, талантты сазгер-әнші, Мәдениет қайраткері Дәлел Уәшпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Дәлел аға, өзіңіздің өмір мен өнер жолыңызды оқырман қауымға аз-кем таныстырып өтсеңіз...
– Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданына қарасты Қарабұлақ деген ауылда туып-өстік. Сонда орта мектепті тамамдаған соң әскерге кеттік. Ресейдің бүгінгі Самара қаласында азаматтық парызымды өтедім. Ол жақтан келген соң Өскемен қаласындағы музыкалық училищеге түстім. Атаулы оқу орнында жеке ән салудан білім алдым. Онда 1985-1989 жылдары оқыдым. 1988 жылы Қызылжарда республикалық музыкалық училищелер арасындағы вокалистер байқауына қатысып, лауреат атанған жайым бар. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстанның халық әртісі Шахмардан Әбіловтің класында оқыдық, кейін сонда аспирантурада қалып, Ғазиз Есімовтің класында тәлім алдық. Аспирантурада оқи жүріп, студенттерге камералық ән салу бойынша сабақ та бердім. Осы күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жұмыс істейтін Жанболат Жұмағазин, Қалқаман Қабышев тәрізді дүлдүл әншілер сол кезде менен дәріс алған еді. 1997 жылы күйші-композитор Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» атты фольклорлық ансамбль құрып, мен сонда солист болып қызмет атқардым. 2000 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына келдім. Осында табан аудармай қызмет еткеніме он жылдан асып қалыпты.
– Өзіңіз басқарып отырған жеке ән салу кафедрасының тыныс-тіршілігі қандай? Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай нендей іс-шаралар атқарылуда?
– Мұнда Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, мәдениет қайраткері Гүлдана Сапарғалиева, профессорлар Мақсұт Жүнісов, Құрманбек Байқуатов, доцент Людмила Павловна тәрізді білікті ұстаздар жұмыс жасайды. Бүкіл ел болып Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлап жатырмыз ғой. Біздің кафедрамыз да бұл тойға үлкен жетістікпен келіп отыр. Студенттеріміз жылдан-жылға өнерлерін ұштап, биік белестерден көрінуде. Соның бір айғағы ретінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай академияда «Білімгерлер жетістігі» деген атпен студенттер өнерінің онкүндігін өткіздік. Оның ішінде жеке ән салу кафедрасы «Өнерліге өріс кең» атты концертін берді. Онда шәкірттеріміз ән салып қана қоймай, қолынан келетін барлық өнерін ортаға салды. Олар домбыра, фортепиано, саксофон тәрізді әртүрлі аспаптармен сахнаға шықты.
– Бүгінгі жастардың өнерге деген құштарлықтарын, қабілет-қарымдарын қалай бағалайсыз?
– Шапшаңдықты талап ететін компьютер ғасыры емес пе? Сондықтан қазақ жастарының білім деңгейі өсіп келеді. Ал өнер саласында да олар құралақан емес. Ұстаз ретінде біз өзіміздің ұлттық әндерімізге көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Бағдарламамыздың өзі ұлттық бағытқа негізделген. Асыра айтқаным емес, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қазақылығымен, қазақ тілін жақсы білетіндігімен ерекшеленеді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы әншілер арасында республикалық деңгейдегі олимпиада ұйымдастырды. Консерваторияда вокальдан арнайы мамандық береді, ал біздің негізгі мақсатымыз – театр әртістерін әзірлеу. Соған қарамастан біздің балаларымыз лауреат атанды.
– Ұлттық әуендеріміз бен талантты өнерпаздарымыз батысқа еліктеген әншісымақтардың көлеңкесінде қалып қойып жүргендей көрінеді...
– Қазір не көп, әнші көп. Дарынсыздарын сынап, айтып жатсақ та, аяқтарын кейін тартар емес. Тіпті күннен-күнге көбеймесе, кемитін түрі жоқ. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған әншілердің есімдерін, түрлерін есте сақтап үлгермейміз. Компьютер көмегімен өндеп, бір-екі ән жазады да, «жұлдыз» болып шыға келеді. Ондай «жұлдыздардың» көптігінен әннің дәмі кетіп қалды. Сосын олар Батысқа еліктеп, қажетсіз меллизмдерді орынсыз қосады. Сөйтіп, қазақтың ұлттық нақышын бұзып ән айтады. Қазіргі жастар сөзге мән бермейді. Не айтып тұрғанын өздері білмейді. Ән мәтіндерінде мағына жоқ, жай ғана «сөздердің жинағын» айтады. Бір үлкен үйлену тойда жас әнші Мұхиттың «Зәурешін» орындап тұр. «Зәуреш» – жоқтау ән. Ол – шешектен қайтқан отыз ұлы, сосын жалғыз қызы Зәурешінен айырылған әкенің зары. Соны бұл үйлену тойында айтып тұр. Екі жастың қуанышында жоқтау әнді қалай орындауға болады? Эстрадалық әндердің неге ғұмыры қысқа? Жарқ етіп шыққаннан кейін бір жылдан соң ұмытылады. Классика – мәңгілік. Ондағы ән сөзі мен әуені мазмұндас келеді. Эстрадада күйдім-сүйдім, өлдім-талдым деген сөздер көңілді ырғақпен айтыла береді. Ел соған билейді.